Экономиканың жаңа бағдары: «алтын отыз жылдыққа» қадам

/
Экономиканың жаңа бағдары: «алтын отыз жылдыққа» қадам
сурет: akorda.kz

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Шанхайға барды.

Жұмыс сапары аясында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Ха­лық Республикасының Төрағасы Си Цзи­ньпинмен келіссөз жүргізеді. Бұдан бө­лек, қытай компанияларының же­тек­шілерімен дөңгелек үстел өткізді. Ал 17 шілде күні Президент Дүниежүзілік жа­сан­ды интеллект конференциясына (WAIC) қатысады. Жиын «Жарқын бола­шақ үшін жасанды интеллект саласын­дағы серіктестік» тақырыбында өтпек.

Сауда-саттық көлемі 49 миллиард долларға жетті

Жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Рес­публикасының Төрағасы Си Цзи­нь­пин­мен келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жа­санды интеллект конференциясына қа­тысуға шақырғаны үшін Төраға Си Цзи­ньпинге алғыс айтып, осы іс-шара­ның Шығыстың інжу-маржаны  Шан­хай қаласында ұйымдастырылуы сим­вол­дық мәнге ие екенін жеткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасын Қытай Коммунистік пар­тия­сының құрылғанына 105 жыл толуы­мен құттықтады.
– Қытайдың халықаралық қауым­дас­тық алдындағы беделі зор және оның же­тістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қа­зір еліңізде жүзеге асырылып жатқан ау­қымды өзгерістерді бәріміз үлкен қы­зы­ғушылықпен қараймыз. Бұл, ең ал­ды­мен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қа­жырлы еңбегіңіздің арқасы деп са­най­мын. Өзіңізді халқын алға бастап ке­ле жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһан­дық деңгейдегі парасатты саясат­кер ре­тінде ерекше құрметтеймін. Сіз кө­терген игі бастамаларды қолдауға әр­қа­шан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәң­гілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүд­делі. Кейінгі жылдары мемлекеттеріміз ара­сындағы сая­си диалог айтарлықтай жан­дана түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, тараптар сау­да-экономикалық салада мол табысқа қол жеткізді. 
Қытай – Қазақстанның ірі сауда се­ріктесі. Осы уақытқа дейін ҚХР еліміздің эко­номикасына 30 миллиард доллар ин­вестиция салды. Былтыр екіжақты сау­да-саттық көлемі 49 миллиард дол­ларға жетті. Қазір Қазақстанда 8,5 мың­нан аса Қытай компаниясы жемісті жұ­мыс істеп жатыр.
Өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы секілді экономиканың түрлі секторында бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гума­ни­тарлық байланыс жылдан-жылға ны­ғайып келе жатқанына тоқталды.
– Былтыр Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы сапарлап келді. Екі ел астаналарында мәдени орталықтар ашыл­ды. Елімізде Лу Бань шеберханалары табысты жұмыс істеуде. Бұл – қос ха­лық­тың арасында қалыптасқан достық пен өзара сенімнің тағы бір айғағы, – деді Пре­зидент.
Мемлекет басшысы халықаралық аре­надағы ынтымақтастық деңгейі жо­ғары екеніне тоқталды. 
Екі мемлекеттің жаһандық орнықты да­му және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мә­селесіне қатысты ұстанымдары – ор­тақ. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйы­­мы, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, «Орталық Азия – Қытай» форматы аясында тиімді байланыс орнаған.
ҚХР Төрағасы Қазақстан Президен­тіне ілтипат білдіріп, екіжақты күн тәр­­­­тібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға орай­лы мүмкіндік туып отырғанына на­зар аударды.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты да­мытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүр­гізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүд­десіне сай келеді, – деді Си Цзиньпин.
Сонымен қатар ҚХР Төрағасы Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­та­масымен жүзеге асырылып жатқан ау­қым­ды өзгерістерге жоғары баға беріп, жаңа Конституцияның қабылдануымен құт­тықтады және алдағы Құрылтай сай­лауына сәттілік тіледі.
Мемлекеттер басшыларының кез­десуі аяқталған соң Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметі мен Қытай Халық Респуб­ли­касы Үкіметі арасындағы 2027-2030 жыл­дарға арналған сауда-экономикалық ын­тымақтастық бағдарламасына және жол картасына қол қойылды.

Сенімге құрылған серіктестік

Қытай Халық Республикасының Тө­ра­­ғасымен өткен кездесуге дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші ком­­­­­паниялары басшыларымен жүздесті.
ҚХР бизнес өкілдерімен «дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде Пре­зидент қытайлық серіктестерге шынайы ри­зашылығын білдіріп, Қазақстан мен Қы­тай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақ­ты стратегиялық әріптестікке жо­ғары баға берді.
– Екіжақты байланыстарымыз бұ­рын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы­ның жаңа «алтын отыз жылдығына» бір­ге қадам бастық. Елдеріміздің ық­пал­дас­тығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шық­ты деп айтуға болады. Халық­тары­мыз­дың арасында өзара сенім, шынайы дос­тық және болашаққа деген ортақ ұста­ным бар. Орайлы сәтті пайдалана оты­рып, елдеріміз арасындағы стра­те­гия­лық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Ха­лық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, жо­ғары деңгейдегі саяси сенім сауда-эко­номикалық және инвестициялық ын­тымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды.
– Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард долларға жетті. Бұл – рекорд­ көрсеткіш. Қытай Қазақстан эконо­ми­касына 30 миллиард доллардан астам ин­вестиция салды. Қазір Қазақстанда қы­тай капиталы бар 8 500-ден астам кә­сіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Со­ның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқ­­ты ірі компанияларды атап өту қа­жет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қа­зақ­стан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалай­мыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орын­дарын аштық, озық технология­лар­ды енгіздік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығымызды нығайта түстік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айт­қанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group ком­па­ниясымен жүгері өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қол­ға алдық. Қытайдың автокөлік кәсіп­орын­дары Қазақстанда өндіріс орын­да­рын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шы­ғарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті ав­то­мобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жо­балар біздің екіжақты әріптестігіміз ин­новацияға, озық технология мен өнер­кәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отыр­ғанын көрсетеді, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ғы­лым мен инновация орталықтарының бірі са­налатын Шанхай қаласындағы Дү­ние­жү­зілік жасанды интеллект конференциясы қар­саңында басқосудың символдық мәні зор екенін айтты. Сонымен қатар қаты­су­шы­­ларға Қазақстандағы цифрлық транс­фор­мацияның басымдықтарын та­ныс­тырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жа­санды интеллектіні болашақ эко­но­ми­ка­лық өсімнің басты факторларының бірі ре­тінде қарастырады, сондай-ақ халық­ара­лық инвесторларды тарту үшін заманауи цифр­лық инфрақұрылым жасақтауда.
– Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бас­та­масы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Ор­талық Азия цифрлық инфрақұрылы­мы­ның негізгі тірегі болады деп санаймыз. Бас­ты мақсат – деректерді өңдеу орта­лық­та­рын, бұлтты сервистерді және жасанды ин­теллект инфрақұрылымын дамытуға ар­­налған халықаралық деңгейдегі плат­фор­­ма қалыптастыру. Инвесторларға то­лық жабдықталған алаңдар, заманауи инф­рақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвес­ти­циялық режим аясында жұмыс істей ала­ды. Алайда осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салу­­­мен шектелмейді. Біз біртұтас ин­но­ва­циялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отыр­мыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуа­ты, жасанды интеллект зертханалары, ғы­лыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағ­дарламалары, стартаптар мен экспортқа ба­ғытталған цифрлық қызметтер бір ар­наға тоғысады. Біз қытайлық серік­тес­тері­міз­бен өзара тиімді ынтымақтастықты ны­ғайта түсуге мүдделіміз, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент цифрлық логистиканы жә­не перспективті көлік дәліздерін дамытқан жөн деп санайды.
– Қазақстан Қытайды Орталық Азия­мен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еу­ро­па­мен байланыстыратын негізгі көлік-ло­гистика хабы болуға тиіс. Бұл – біздің стра­тегиялық мақсатымыз. Қазір еліміздің ау­мағы арқылы 13 халықаралық көлік дә­лізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы те­міржол тасымалының шамамен 85 пайы­зы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Соң­ғы он бес жылда мемлекет көлік және ло­­гистика инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Біз жаңа теміржол желілерін тартып, Транскаспий көлік бағыты, яғни, Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арт­тырып жатырмыз. XXI ғасырда көлік дә­лізінің бәсекеге қабілетін инф­ра­құры­лым­ның сапасымен өлшеу жеткіліксіз. Қазір мұндай жобалардың табысты болуы, ең алдымен, деректер алмасу жылдамды­ғына, цифрлық ықпалдастық деңгейіне жә­­не логистиканың ашықтығына байла­ныс­ты. Сондықтан біз халықаралық жүк та­сымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатырмыз. Осы саладағы басты жоба – Smart Cargo плат­фор­масы. Бұл – кедендік, логистикалық жә­не коммерциялық қызметтерді бір цифр­­лық ортаға біріктіретін бірыңғай цифр­лық терезе. Басты мақсат – Еура­зия­ның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифр­лық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауар­лар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек. Қа­зақстан мен Қытай халықаралық сау­да­ның тиімділігін арттыратын жаңа жаһан­дық стандарттарды бірлесіп орнықтыра алады деп санаймын. Қытайдың технология саласында жұмыс істейтін компанияларын, логистика операторларын және инфра­құры­лым саласындағы инвесторларын осы ауқымды бастамаға белсене атсалысуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент аса маңызды ми­нералдарды игеру саласын перспективті ба­ғыт ретінде атады. Ол Қазақстан стра­те­гия­лық ресурстардың қоры бойынша әлем­дік көшбасшылар қатарына енетінін және ха­лықаралық серіктестермен бірлесе қо­сылған құны жоғары өндірісті дамытуды көз­дейтінін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Agri­Tech, жасанды интеллект және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сала­сын­дағы мүмкіндіктер туралы сөз қозғады.
– Қазір бүкіл әлем аграрлық салада үл­кен өзгерістерді бастан өткеруде. Ауыл шаруа­шылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сенім артып отыру жеткіліксіз. Осы салада, ең алдымен, де­ректерді, жасанды интеллектіні және цифр­лық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды. Қазақстан екі жыл қа­та­ры­нан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – за­манауи технологияның және тиімді бас­қарудың нәтижесі. Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмысын қар­қынды жүргізіп келеміз. Әсіресе, дрон­дарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын кеңінен енгізіп жатырмыз. Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды фер­ма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық ше­шімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Со­ны­мен қатар біз ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бас­тап тұтынушыға дейінгі жолын толық қа­да­ғалауға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, сондай-ақ қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту. Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші Agri­Tech хабы ретінде дамытуды көздеп отыр­мыз. Бұл мақсатқа жетудің төте 
жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады. Бұдан бөлек, біз өнімді сақ­таудың озық инфрақұрылымын дамы­тып жатырмыз. Соның ішінде заманауи логистика орталықтары, автомат­тан­ды­рыл­ған және тоңазытқышпен жабдықтал­ған қоймалар бар. Жалпы, осы салада тү­бе­гейлі әрі ауқымды өзгерістер жасалуда. Бұл іске қытай компанияларын да белсенді қа­тысуға шақырамыз, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент Digital by Default қағидаты бойынша салынатын Алатау қаласының даму перспективасы жөнінде әңгімеледі.
– Алатау қаласы Smart City шешімдері­нің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, сондай-ақ энергияны үнем­дей­тін нысандар мен озық телеком­му­ни­ка­ция инфрақұрылымының негізгі алаңы­на айналуы керек. Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орта­лық­тарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс. Осы мақсатта біз цифрлық активтерді, «то­кендеу», блокчейн технологияларын жә­не криптоиндустрияны дамытуға ар­налған заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл жұмыстың басты тірегі бәсекеге қабілетті құқық және салық режимі болатыны сөзсіз. «Алатау» жо­басына қатысушылар «Астана» ха­лық­ара­лық қаржы орталығы экожүйесінің мүмкіндіктерін пайдалана алады. Орталық ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді және онда әлемнің 90-нан ас­там елінен жиналған 6 мыңға жуық ком­па­ния қызмет етеді. Алатау қаласы алдағы уа­қытта Еуразиядағы таланттардың, тех­но­логиялар мен инвестициялардың жаңа ор­та­лығы болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай Еуразия­дағы жаңа технологиялық дәуірдің келбе­тін бірге қалыптастыра алатынына сенім біл­дірді.
– Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін әрдайым қолайлы бизнес орта жа­сауға дайын. Біз инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік береміз. Заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлар ұсы­нып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көр­се­теміз. Мақсатымыз – тек капитал тарту емес. Біз жаңа технологияларды бірлесіп әзір­леуге, ғылыми зерттеу орталықтарын құ­руға, жаңа өндірістік тізбек қалыптас­тыруға және болашақтың бағдары – білім экономикасын алға бастайтын адам капи­та­лын дамытуға ұмтыламыз. Бүгінгі бас­қосуымыз жаңа бірлескен жобаларға, ау­қым­ды инвестицияларға жол ашады деп се­немін! – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар жиында ҚХР өнеркәсіп және ақпараттандыру министрі Ли Лэчэн, СITIC Group компаниясы директорлар кеңе­сінің төрағасы Си Гохуа, 01.AI компа­ния­сының бас директоры Ли Кай-Фу, Huawei Technologies директорлар кеңесінің мүшесі, Қоғаммен байланыс және кор­пора­тивтік коммуникация жөніндегі президенті Ван Цзяньфэн, Agibot компаниясы дирек­тор­лар кеңесінің төрағасы, бас опера­ция­лық директоры Цзян Циньсун, Goldcard Smart Group компаниясының басқарма төра­ғасы және президенті Ян Бин, Ningbo Hoshine Group компаниясының төрағасы Ло Лиго, YTO Express компаниясының бас­қар­ма төрағасы Юй Хуэйцзяо, Xinjiang Lihua (Group) компаниясы директорлар кеңе­сінің төрағасы Чжан Цихай сөз сөйледі.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Xiaomi корпорациясының президенті Лу Вэй­бинмен кездесті. Жоғары технологиялар саласында әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын компанияның жетекшісімен әңгімелесу барысында өзара тиімді ын­ты­мақтастық перспективасы талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­станның заманауи цифрлық экономика қа­лыптастыруға, жасанды интеллект пен жо­ғары технологиялық өнеркәсіпті дамы­туға баса мән беріп отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы өңірде Xiaomi брен­діне сұраныс арта түскенін атап өтті. Ком­панияның озық технологияларды иге­руде  тәжірибесі мол екенін ескеріп, жа­сан­ды интеллектіні, есептеуіш қуатын, «бұлт­ты» технологияларды және цифрлық плат­­­­формаларды дамыту бағытында бір­лес­кен жобаларды іске асыру әлеуетін зер­­делеп көру ұсынылды.
Лу Вэйбин корпорацияның страте­гия­лық даму жоспарымен таныстырды. Xiaomi  басшылығы Қазақстан мен Орталық Азия на­рығында дистрибуцияны барынша рет­теуді жоспарлап отыр. 
Сонымен қатар күрделі ЖИ-жүйелерге қыз­мет көрсету үшін жергілікті маман­дар­ды даярлау мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Бұл ретте Президент еліміздің электро­мо­биль, аккумулятор өндірісін жолға қою­ға, сондай-ақ интеллектуалдық көлік жүйе­лерін дамытуға мүдделі екенін жет­кіз­ді.
Мемлекет басшысы Xiaomi компания­сы­ның Қазақстан нарығында қызмет ая­сын кеңейтуге және ұзақмерзімді стра­те­гия­лық серіктестікті нығайтуға бағыт­тал­ған барлық бастамасын қолдауға дайын еке­нін растады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы CATL директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньды қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) директор­лар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньмен жо­ғары технология саласындағы ұзақмер­зімді ынтымақтастық перспективасын тал­қылады.
Мемлекет басшысы CATL компаниясы­ның елімізде аккумулятор батареяларын шы­ғаратын зауыт салу бастамасын құп­та­ды. Бұл кәсіпорын Орталық Азияда осын­дай ауқымдағы алғашқы өндіріс орнына айналуы мүмкін.
Президент Қазақстанның шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейін­гі тұтас өндірістік циклді қалыптас­тыру­ға мүмкіндігі толық жететінін атап өтті.
Пань Цзянь CATL Қазақстанды компа­ния қызметінің басты бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыратын маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарас­тыратынын жеткізді. Сонымен қатар оның компаниясы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жет­кізу жөніндегі стратегиялық мақсатына жәр­демдесе алатынын айтты.
Contemporary Amperex Technology (CATL) 2011 жылы құрылған, электромо­биль­дерге арналған аккумулятор өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы саналады (нарықтың 40 пайызы) және Қытайдағы белгілі әрі ірі компаниялар қатарына кіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша CATL аккумулятор өнімдерін сату көлемі 661 ГВт-сағатқа жетіп, табыс 62,6 миллиард долларды, соның ішінде таза пайда 10,6 миллиард долларды құрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев China Communications Construction Company президенті Чжан Биньнаньді қабылдады.
Кездесуде еліміздің көлік-логистикалық жә­не энергетикалық әлеуетін нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда біраз жылдан бері жұмыс істеп, күрделі инф­ра­құрылымдық шешімдерді табысты іске асырған СССС компаниясы бүгінде сенімді әрі кәсіби серіктес ретінде танылғанын айт­ты.
Президент Бақты – Аягөз теміржол құрылысының стратегиялық мәніне назар аударды. Бұл желі Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін бір­лес­кен кәсіпорын құрудың маңызы атап өтіл­ді.
Мемлекет басшысы бірлескен кәсіп­орын Каспий маңы елдері мен одан тыс­қары жерлерде қауіпсіз теңіз қатынасын қамтамасыз ету қызметін ұсынатын өңір­лік орталық қалыптастыруға септігін тигі­зе­тініне сенім білдірді.
Әңгімелесу барысында энергетика са­ла­сындағы келешегі зор бастамалар тал­қы­ланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар ая­сында Қазақстандағы алғашқы гидро­жи­нақтаушы электр стансасы құрылысының жобасын бірлесе әзірлеу туралы келісімге қол қойылуын құптады. Мемлекет басшы­сы­ның айтуынша, бұл нысан ұлттық энер­гия жүйесін нығайта түседі.
Қуаттылығы 600 MBт болатын гидрос­тан­саны СССС компаниясына еншілес China International Water & Electric Corporation кәсіпорнының қатысуымен Алматы об­лысындағы Қарғалы өзенінде салу жос­парланып отыр.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Guoyou компаниялар тобы директорлар кеңе­сінің төрағасы Юй Боянды қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Guoyou Materials Industry Group Co., Ltd ком­паниясы директорлар кеңесінің төра­ғасы Юй Боян порт инфрақұрылымы сала­сындағы өзара тиімді ынтымақтастық перс­­пективасын талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан Еура­зияның толыққанды көлік хабына айналу жөнінде өршіл мақсат қойып отырғанын атап өтті.
Осы орайда Президент еліміздің аума­ғында мультимодальді портты хаб құру туралы бастаманы құптады. Guoyou Materials Group компаниясы Маңғыстау облы­сын­да Құрық көпфункционалды портын салуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында корпорация жүк өткізу көлемін 15 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы ауқымды жобаны іске асыру теңіз бен теміржол ло­гистикасын ұштастыра дамытып, аймақ­тағы көлік инфрақұрылымының өткізу ауқымын кеңейте түсетініне, сондай-ақ Қа­зақстанның экспорттық және транзит­тік әлеуетін арттыратынына сенім білдірді. 
Юй Боян Мемлекет басшысына жоба жайында егжей-тегжейлі баяндап, Каспий­дегі теңіз тасымалының келешегіне қатыс­ты ойын бөлісті. Әңгімелесу барысында порт­ты хаб салу арқылы жұмыс орындарын ашу, саладағы кадрлық әлеуетті нығайту, қа­зақстандық тауар мен қызметтерді пай­далану сияқты ұзақмерзімді әлеуметтік-эко­номикалық өзгерістерге жол ашыла­ты­ны айтылды.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары