14 рет тұрмысқа шығып, ер адамдарды алдаған 33 жастағы әйел ұсталды

/
14 рет тұрмысқа шығып, ер адамдарды алдаған 33 жастағы әйел ұсталды
Docinets Vasil/iStock / Getty Images Plus

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласының тұрғыны құмар ойынға тәуелділігі үшін бірнеше ер адаммен жалған некеге тұрып, оларды 100 мың доллардан астам қаржыға алдағанын мойындады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Independent басылымының мәліметінше, 33 жастағы Цзяин Чэнь әлеуметтік желілер арқылы танысқан ер адамдармен некеге отырған. Үйленгеннен кейін ол Қытайдағы ауыр науқас туыстарына көмектесу қажет екенін айтып, олардан ақша сұраған. Қаражатты алған соң әйел байланысын үзіп отырған.

Полицияның мәліметінше, кейбір ер адамдар кейін некені бұзуға әрекет жасағанымен, олардың бір бөлігі заң жүзінде әлі күнге дейін Чэньмен некеде саналады.

Тергеу барысында 2019 жылдың наурызынан 2024 жылдың мамырына дейін әйелдің Кларк округінде жеті неке куәлігін рәсімдегені анықталған.

2024 жылы екі әйелмен қатар некеде болу және алаяқтық күдігімен ұсталғаннан кейін ол келу туралы міндеттеме алып, бостандыққа шыққан. Алайда кейін ізін суытып кеткен.

Көп ұзамай Чэнь Лас-Вегаста қайта ұсталды. Тергеушілердің мәліметінше, ол бұл жолы Вики Лян деген жалған есіммен тағы жеті ер адаммен некеге тұрған. Осылайша оның жалған некелерінің жалпы саны кемінде 14-ке жеткен.

Тергеу деректеріне сәйкес, жәбірленушілердің бірі үйленгеннен кейін әйелге "науқас туысына көмек көрсету" үшін 23 мың доллар аударған. Екі аптадан соң Чэнь онымен бірге тұрғысы келмейтінін айтып, байланысын үзген.

Тағы бір ер адам әйелдің ортақ үй сатып алу туралы ұсынысына сеніп, шамамен 30 мың доллар берген. Алайда кейін ол да әйелмен байланыса алмаған.

Тергеу кезінде Цзяин Чэнь жалған некелерді әдейі Лас-Вегаста рәсімдегенін мойындаған. Оның айтуынша, бұл қалада некеге тұру рәсімі өте оңай.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы бір жылдың өзінде әйел Лас-Вегастағы әйгілі Wynn казиносында 300 мың доллардан астам қаржыны құмар ойынға ұтылған. Тергеушілер алаяқтық жолмен алынған ақшаның туыстарына емес, түгелге жуық құмар ойындарға жұмсалғанын анықтады.

Осы аптада Цзяин Чэнь екі әйелмен қатар некеде болу және 100 мың доллардан астам қаржыны алаяқтық жолмен иемдену фактілері бойынша кінәсін толық мойындады. Сот үкімі 20 тамызда шығарылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар