Джибути жағалауында мигранттар мінген қайық аударылып, 130 адам қаза тапты

/
Джибути жағалауында мигранттар мінген қайық аударылып, 130 адам қаза тапты
istockphoto.com

Джибути жағалауында Йеменге қарай бет алған, бортында 305 мигрант болған қайық аударылып кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мәліметінше, кемінде 139 адам, оның ішінде 15 бала қаза тапқан. Тағы 84 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, деп хабарлайды turkystan.kz.

БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) мәліметінше, бортында 305 адам болған қайық Джибутиден Йеменге қарай бағыт алған. Ол 8 қазаннан 9 қазанға қараған түні Обок қаласының солтүстігіндегі Гехере аймағында суға батқан. Ұйымның хабарлауынша, бұл — Шығыс көші-қон бағыты бойынша болған ең көп адам өліміне әкелген кеме апаттарының бірі.

«Егер басқа қауіпсіз жол жоқ екеніне сенімді болмаса, ешкім мұндай қайыққа отырмас еді. Біз адам өлімін қалыпты жағдай ретінде қабылдай бермеуіміз керек. Қауіпсіз әрі заңды көші-қон жолдары адам өмірін сақтап қалады. Келесі қайық суға батпай тұрып, үкіметтер мен донорларды нақты шаралар қабылдауға шақырамын», — деді ХКҰ бас директоры Эми Поуп.

Қазіргі уақытта ХКҰ зардап шеккендерге Обок қаласындағы көші-қон мәселелеріне ден қою орталығында шұғыл көмек көрсетіп жатыр. Көмек түрлеріне медициналық қызмет, психологиялық және әлеуметтік қолдау, азық-түлік, баспана және қорғау қызметтері кіреді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Эфиопиядан кетіп жатқан адамдардың саны артып келеді. Бұған елде әскери қақтығыстардың қайта жандануы, қарулы құрылымдарға мәжбүрлі түрде жұмылдыру және құрғақшылық себеп болып отыр.

Агенттіктің мәліметінше, мигранттар кейін Парсы шығанағы елдеріне жетуді үміт етіп, Йеменге бағыт алған. Сонымен қатар Йемен тұрғындарының өздері де елден кетуге мәжбүр болып отыр. Бұған Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметтік күштер мен Иран қолдайтын хуситтер арасындағы қарулы қақтығыстардың күрт шиеленісуі себеп.

Бұған дейін Эр-Рияд бастаған хуситтерге қарсы араб коалициясы Сауд Арабиясындағы әуежайларға жасалған шабуылдардан кейін Йеменде осы қозғалысқа қарсы ауқымды операция жүргізіп жатқанын мәлімдеген болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары