Инклюзия – сана мәселесі

/
Инклюзия – сана мәселесі
сурет: istockphoto.com

Қоғамның өркениеттілігі биік ғимараттарымен немесе заманауи технологияларымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы деңгейі әлсізге қалай қарайтынынан, ерекше қажеттілігі бар адамдарға қандай мүмкіндік жасайтынынан көрінеді. Сондықтан бүгінде инклюзивті білім беру мәселесі тек педагогиканың емес, тұтас қоғамның даму көрсеткішіне айналып отыр. Кейінгі жылдары Қазақстанда инклюзивті білім беру бағытында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Бұрын бұл тақырып көбіне арнайы мектептер мен жекелеген мамандардың құзырындағы мәселе ретінде қарастырылса, бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып келеді. Өйткені қоғамда әрбір баланың сапалы білім алуға құқығы бар деген түсінік біртіндеп орнығуда.

Тарихқа көз жүгіртсек, аутизмге ұшы­раған атақ­ты тұлғалар аз бол­маған. Олардың қа­­тарында әлемге әй­гілі аустралиялық ком­по­зи­тор Вольф­ганг Амадей Моцарт, поляк-француз ға­лымы Мария Кюри, өнертапқыш Томас Эдисон сын­ды танымал тұлғалар болған деседі. Бертін ке­ле «Покемон» сериалы­ның, түрлі ойындардың ав­торы жапо­ния­лық Сатоси Тадзиридің, тіпті Microsoft компаниясының негізін қалаушы Бил­л Гейтстің «ерекше» екені БАҚ бет­терінде бірнеше рет айтылды.

Мәселен, өнертапқыш Томас Эдисон­ның басынан өткен бұл оқиға бұл дертке ерекше көзқарас қажет екенін меңзе­ген­дей. Мектепте оқып жүрген шағында То­­мас анасына мұғалімінің хатын жет­кі­­­­зеді. Баласының хатын оқығаннан кейін көзінен бір тамшы жас ыршып ке­теді. «Сіздің балаңыз – гений. Бұл мек­теп­те сіздің балаңызға лайықты деңгейде бі­лім беріп, бірнәрсеге үйрететін мұғалім жоқ. Өтінемін, оны өзіңіз оқытыңыз», деп дауыстап оқып береді. Арада жылдар өтеді. Анасы қартайып, қайтыс болады. Бұл уақытта Томас Эдисон өз уақы­тын­да­ғы танымал өнертапқыштардың біріне ай­налады. Бірде ол бала күнінде әкеп бер­ген қағазды тауып алып оқып шығады да анасы секілді көз жасына ерік береді. Шын мәнінде ол хатта былай деп жазыл­ған екен: «Балаңыздың ақыл-есі кем. Енді оның мектебімізде білім алуына жол бер­мейміз». Осыдан кейін ол өзінің күн­делігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі кем адам болған. Бірақ анасының ер­лі­гі­нің арқасында ұлы данышпандардың бі­­ріне айналды», деп жазады. Демек, біз­­дің қоғамға Томас Эдисонның ана­сын­­дай көзқараспен қарайтын жандар қажет.

Еліміз қандай жағдай 
жасап жатыр?

Естеріңізде болса, Қызылорда қала­сын­да өткен Ұлттық құрылтайда Ғы­лым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек бүй деді: «Бұрын дәстүрлі пе­дагогикада коррекциялық педагогика сия­қты арнайы мамандандырылған ба­ғыт­тар болған еді. Біз қазір педагогикалық жо­ғары оқу орындарын бітіріп шыққан әр­бір маманды инклюзияның не екенін білуге тек теориялық форматта емес, кез келген баламен жұмыс істеуге, соның ішін­де арнайы талабы бар балалармен жұ­мыс істеуге дайындауымыз керек еке­ніне көзіміз жетті. Сол үшін оқу жос­па­рын түбегейлі өзгерттік. Енді инклюзия прин­­циптері, әдістемесі үйретіледі. Бұ­рын арнайы бағыттарға үйретілген нәр­селер енді жаппай үйретіледі. Ке-лесі жы­лы сол бағдарламамен оқып жатқан сту­­денттер оқу бітіреді. Әрі қарай нәти­же­­сін көреміз». Бұл мәлімдеме инклю­зия­­­ның енді жекелеген мамандардың емес, бүкіл білім беру жүйесінің жауап­кер­­­шілігіне айналғанын көрсетеді. Яғни, «ерек­ше балаға» арнайы маман ғана емес, кез келген мұғалім дайын болуға тиіс»  де­ген жаңа парадигма қалыптасып ке­леді.
Инклюзия туралы сөз болғанда көп­шілік ең алдымен пандус, арнайы жаб­дық немесе ерекше бағдарлама туралы ой­лайды. Алайда мамандардың ай­туын­ша, мәселенің түп-тамыры әлдеқайда те­рең­де жатыр. Инклюзия – ерекше жағ­дай жасау емес, қалыпты жағдайды бар­лық адам үшін қолжетімді ету. Бұл ең алдымен адамның мүмкіндігін диагноз арқылы емес, оның әлеуеті арқылы баға­лай білуден басталады. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігі жанынан Инк­лю­зивті және арнайы білім беру департаментінің құрылуы болды. Бұл құрылымдық бөлімшенің мақсаты әр баланың даму ерекшеліктеріне қарамастан сапалы және қолжетімді білім алу құқығын қамтамасыз ету мә-селелерін жүйелі шешу болды. Бір жарым жылдың ішінде атқарылған жұмыстар аз емес. Нормативтік-құқықтық база қайта қаралып, бұрынғыдай фрагменттік сипаттан арылуға талпыныс жасалды. Ерекше білім беруді қажет ететін ба­ла­лар­ды бағалаудың бірыңғай тәсілдері ен-гізіліп, қолдау жүйесі біріздендірілді.
Мектептерде арнайы педагог, педагог-ассистент, жеке көмекші сияқты жаңа штат бірліктерінің енгізілуі – формалды емес, нақты қолдаудың көрінісі. Бүгінде мыңдаған бала психологиялық-педаго­гикалық сүйемелдеумен қамтылып отыр. Үш деңгейлі қолдау моделі енгізіліп, жүз­деген арнайы кабинет ашылды. Бұл – инклюзияның қағаз жүзінде ғана емес, практикалық деңгейде де жүзеге аса бастағанын білдіреді.

Дегенмен шешімін күткен мәселелер әлі де аз емес

Сала мамандары өңірлердегі кадр тапшылығын ең өзекті проблемалардың бірі ретінде атайды. Бүгінде көптеген ауыл­дық аймақта дефектолог, логопед, тью­тор, психолог секілді мамандар же­тіс­пейді. Кейбір білім беру ұйымдарында сен­сорлық кабинеттер мен арнайы құ­рал-жабдықтардың тапшылығы байқа­ла­ды. Бұл балалардың сапалы қолдау алу мүм­кіндігін шектейді.
Бірақ сарапшылардың пікірінше, ең күр­делі мәселе инфрақұрылымда емес. Ол – қоғамның көзқарасында. Көп жағ­дай­да ата-аналар да, қоғам да баланың мүм­кіндігін оның диагнозымен өлшейді. Ал инклюзияның негізгі мақсаты –  дәл осы стереотиптерді бұзу болып табы­ла­ды. Ерекше білімді қажет ететін оқушы – ең алдымен оқушы. Оның қатарластарымен бірге білім алып, дамуына мүмкіндік жа­сау қоғамның ортақ міндеті болуға тиіс.
Қазір педагог кадрларды даярлау жүйе­­сінде де өзгерістер жүріп жатыр. Инк­люзивті білім беру қағидалары енді тек арнайы мамандарға емес, болашақ мұ­ғалімдердің барлығына оқытылуда. Бұл жаңа көзқарастың қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Яғни, ерекше бала­мен жұмыс істеу тек бір маманның емес, бүкіл білім беру жүйесінің жауапкер­ші­лі­гіне айналуда.
Инклюзивті білім беруді зерттеп жүр­ген маман Лаура Бұтабаеваның Facebook парақшасындағы мына пікірі қо­ғамның назарын аударуға тұрарлықтай деп ойлаймыз. «Мүмкіндігі шектеулі сту­дент колледжде немесе басқа білім беру ұйымында оқып жүрсе, ол «ерекше жағ­дай» емес. Ол жай ғана студент. Оның са­палы білім алуы үшін ерекше қарым-қа­­тынас емес, ең алдымен, қажетті жағ­дай­­лар жасалуы маңызды. Сонда ол да бас­­қа студенттер сияқты білім алып, да­мып, өз мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл қағида күнделікті өмірде де дәл со­лай.
Мысалы, мүгедектер арбасындағы адам кинотеатрға келсе, бұл – аяушылық та­нытатын жағдай емес. Ол жай ғана фи­льм көруге келген көрермен. Сіз крес­ло­да отырсыз, ал ол өз арбасында оты­рып фильм көреді. Егер оған қажетті жағдайлар жасалған болса, ол да бәрімен бірге сол кеңістікте еркін бола алады. Осындай қарапайым дүниелердің өзі инк-люзивті мәдениетті қалыптастыра­ды. Бұл – әртүрлі адамдар қоғамның та­биғи бөлігі болып саналатын мәдениет. Сон­дықтан инклюзия тек мүгедектік тура­лы мәселе емес. Бұл – қадір-қасиет, құр­мет және тең мүмкіндіктер туралы. Ол пандустардан басталмайды, біздің адам­ға деген көзқарасымыздан баста­ла­ды», – дейді ол.
Шынында да, мектептегі инклю­зия тек білім беру процесімен шектелмейді. Ол – балалардың бір-бірін тү­сінуі, өзгешелікті қабылдауы, жана­шыр­лық пен құрметті үйренуі. Мұндай ортада өскен бала ертең қоғамдағы әр­түр­лілікті табиғи құбылыс ретінде қа­был­дайды. Сондықтан инклюзияны тек мемлекеттік бағдарлама немесе әлеумет­тік жоба ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – қоғамның мәдениеті мен құн­ды­лық­­тарының көрсеткіші.
Сонымен қатар халықаралық мін­дет­те­мелер де назардан тыс қалған жоқ. БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары тура­лы конвенциясы аясындағы ұлттық есеп дайындалып, 2025-2030 жылдарға ар­налған инклюзивті саясат тұжырым­дама­сына арнайы бөлім енгізілді. Тіпті, «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды (адам­дарды) кешенді қолдау туралы» заң жобасының әзірленуі – білім беру, ден­сау­лық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйе­лерін біріктіруге бағытталған маңыз­ды қадам.
Алайда жүйе қанша жетілдірілсе де, оның өміршеңдігі практикамен өлше­не­ді. Бұл тұрғыда сала ішінде жүрген ма­ман­дардың пікірі ерекше маңызды. Өңір­лердегі маман тапшылығы – ең өткір проблемалардың бірі. Дефектолог, логопед, тьютор, аватерапевт, психолог сияқ­ты тар бағыттағы мамандар барлық өңірде бірдей қолжетімді емес. Сонымен қа­тар өңірлерде мектептердің материал­дық-техникалық базасы да әркелкі. Кей жерде сенсорлық кабинеттер мен ар­найы құрал-жабдықтар жетіспейді. Тағы бір маңызды мәселе – қоғамның көз­қара­сы. Көп жағдайда ата-аналар да, қо­ғам да баланың мүмкіндігін диагноз ар­қылы ғана бағалап, оның әлеуетін еле­мей жа­та­ды. Ал инклюзияның түпкі мәні – дәл осы сте-реотиптерді бұзу.

Жасанды интеллект 
сынып үлгерімін 
32 пайызға қалай көтерді?

Бүгінде технологияның қарыштап дамығаны сонша, жасанды интел­лект тек өндіріс пен ғылымды емес, адам жа­нының айнасы – білім беру саласын да түбегейлі өзгерте бастады. Осы бағыт­та­ғы ең батыл қадамдардың бірі ретінде елі­мізде тұңғыш рет «TopIQ: Smart Class 2.0» білім беру жобасы іске қосылды. Мем­­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2026-2029 жылдарға арналған орта білім саласына ЖИ-ді кеңінен енгізу туралы тапсырмасы аясында жүзеге ас­қан бұл қанатқақты жоба елордалық №99 орта мектепте алғашқы жемісін бе­ріп үлгерді. Нәтиже таңғалдырарлық: не­бәрі екі ай ішінде сынақтан өткен 3-сы­нып оқушыларының жалпы үлгерімі орташа есеппен 32 пайызға дейін жақ­сар­ған.
Жасанды интеллектінің білім сала­сын­дағы ең басты миссиясы – инклюзив­ті орта қалыптастырып, балалардың мүм­­кіндігіне қарай жеке оқу траек­то­рия­сын құру. Арнайы алгоритмдер әр оқу­шы­ның қабілеті мен даму қарқынын дәл талдап, соған сай дербес оқу жоспарын ұсы­на алады. Мысалы, көру немесе есту қа­білеті шектеулі балалар үшін мәтінді ды­бысқа айналдыратын, бейнематериал­ды субтитрмен қамтамасыз ететін жүйе­лер бүгінде тиімді қолданысқа енді.
Бұл ретте ЖИ негізінде жасалған вир­­­­­туалды ассистенттер мен чатботтар ерек­ше балалардың тілдік және комму­ни­кативтік дағдыларын дамытуға зор сеп­тігін тигізуде. Бағдарламадағы эмоция­ны тану, сөйлеуді түзету және қа­­рым-қатынасқа үйрету функциялары ба­ла­ның қоғамға еркін бейімделуіне жол аша­­ды. Ең бастысы, ақпарат бірнеше фор­­матта – мәтін, аудио, бейне және так­­тильді түрде ұсынылатындықтан, ба­­ла­лардың білімге деген құштарлығы оя­­нып, оқу сапасы жаңа деңгейге көте­рі­леді.
«Smart Class – ерекше білім беру қа­жеттілігі бар балалар мен өзге оқушы­лар­дың бір ортада, тең дәрежеде білім алуы­на мүмкіндік береді. Бұл – жасанды ин­теллект технологияларын пайдалана оты­рып құрылған заманауи білім беру ортасы. Сабақ барысында бұл интеллек­туал­ды трансформерді ерекше көңіл бөлу­ге мұқтаж бала да, басқа бала да бір­дей қолдана алады», – дейді «Алма­ты­кі­тап баспасының» президенті Гауһар Саймасаева.
Сырт көзге отырып сабақ оқуға ар­нал­ған әдеттегі парта болып көрінгені­мен, бұл жиһазды айналдырып жібер­сеңіз, алдыңыздан TopIQ оқу платфор­ма­сы мен Qamqor атты ЖИ көмекшісі бірік­кен интерактивті цифрлық білім беру­ші трансформер шығады.
Жүйе мұғалімнің смарт-панелін, ин­терактивті тақтаны және әр оқушының жеке смарт-партасын бір ортаға тоғыстырады. Мұнда ЖИ мұ­ға­лімге таптырмас көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Ол оқушының жазу-сызу қарқынын, сабаққа қызығу деңгейін, тіпті шаршау белгілерін автоматты түрде бақылап, қиындық туындаған сәтте ұстаз­ға ескерту жіберіп отырады. Осы­лай­ша педагог әр баланың даму ерек­ше­лігін уақытында ескеріп, қолдау көрсете алады.
Сонымен қатар жоба авторлары ба­ла­ның қауіпсіздігіне баса назар аударған: жүйе оқушының жеке деректерін қор­ғау­ға, омыртқаның қисаймауын қада­ға­лауға, жүйке жүйесі мен көз жанарына зиян келтірмеуге бағытталған «Кешенді жоспардың» маңызды талаптарына то­лық сай келеді.
Цифрлық сыныптың алғашқы нә­тижелері ата-аналар мен ұстаздар қауы­мын шексіз қуанышқа кенелтті. Бала құ­қығын қорғау күні қарсаңында шы­ға­рыл­ған қорытындылар жобаның тиім­ді­лігін нақты дәлелдеп берді.
 «TopIQ: Smart Class 2.0» – бұл жай ғана технология емес, бұл Қазақстанда мем­лекеттік білім алу процесіне толық­қанды интеграцияланған, баламасы жоқ ұлттық модель. Мұндай озық жүйелер Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты технологиялық алпауыт елдердің мек­теп­терінде ғана жұмыс істеп тұр.
Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа үлкен қолдау бар. «Цифрлық Қазақ­стан» бағдарламасы аясында Astana Hub және Bilim Media Group секілді ин­новациялық орта­лықтар инклюзивті мек­тептерге арналған цифр­лық шешім­дерді әзірлеу­де. Сондай-ақ бұл жоба тек бас қаламен шек­тел­мейді. Үй тапсырмасын орындау мен қашықтан оқу процесі TopIQ плат­фор­масына бі­рік­тіріл­ген­діктен, Smart Class бо­лашақта шалғайдағы ауыл мектептері мен шағын жи­нақ­ты білім ошақтарының да сұра­ны­сын толық өтей алады.
Халықаралық деңгейдегі отан­дық білім баспасы – «Алма­тыкітап бас­пасы» Директорлар Кеңесінің Тө­райы­мы, жобаның идея ав­торы әрі же­тек­шісі Элеонора Баталова мен TopIQ IT ком­паниясы және Астана қаласының әкім­дігі бірлесе жүзеге асыр­ған бұл қа­нат­қақты жоба еліміздің бар­лық мектеп­тері­не енгізіліп, әр баланың са­палы білім алуына жол ашатын күн алыс емес.

Түйін: 

Иә, елімізде инклюзивті білім беру жүйесі жылдан-жылға дамып келеді. Бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 240 мыңнан астам бала бар. Оның 130 мыңы мектепте білім алса, 80 мыңы жалпы білім беретін ұйымдарда оқиды. Бүгінде еліміздегі мектептердің 91 пайызында инклюзияға арналған базалық жағдай жасалған. 1 000-нан астам қолдау кабинеті ашылып, 29 мыңнан астам маман жұмыс істейді. 7 500 мектептің 1 200-ге жуығында балалардың қажеттілігіне қарай инклюзивті қолдау кабинеттері ашылған. Демек, ілгерілеу бар. Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі бүгінде қалыптасу кезеңінен өтіп, сапалық трансформацияға бет алды. Бірақ бұл жолдағы ең үлкен өзгеріс жаңа ғимараттар салудан немесе жаңа құжаттар қабылдаудан басталмайды. Ол адамдардың санасындағы өзгерістен басталады. Өйткені инклюзия – пандус орнату емес, адамның қадір-қасиетін мойындау. Ал мұндай қоғамды қалыптастыруға мемлекет қана емес, әрбір азамат жауапты.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары