Жақсы көру

/
Жақсы көру

Мына бір суретті-ай... Әй, біздің Шүкір Шахайдың да шиырламайтын жері жоқ қой. Белгілі фототілші бірде «Қазақконцерттің» залына барыпты. Жай бармапты, концерт көруге келіпті. Сірә, даңқты композитор Әсет Бейсеуовтің шығармашылық кеші өтіп жатса керек. Фариза мен Әсет. Көрнекті ақын өзінен бір жас үлкен ағасына гүл ұсынуда. Әсет болса, едәуір еңкейіп, шайыр қарындасының әкелген гүлін ықыласпен қабылдап тұр. Бұл енді ғаламат сурет! Әрине, бір қарағанда көрнекті композитор ардақты ақынға букет ұсынып жатқан жоқ па деп те топшылауға болады. Бірақ анықтап зер салсаң, олай еместігіне көзіңіз анық жетеді. Біріншіден, кеш Әсеттікі. Демек, гүл де соған тиесілі. Екіншіден, аса мәдениетті эстет Әсет ешқашан гүлді сахнаның үстінен ұсынбас еді, асықпай аяңдап, жерге түсіп бермек. Яғни, апайды отырған орнынан шақырып алмай, сол маңайға өзі апарып арнайы табыстайды. Танымал композитор, шәмшітанушы-продюсер, Фариза апаймен де, Әсет ағамен жақсы араласқан, демек апайтанушы әрі ағайтанушы ізетті ініміз Қалдыбек Құрманәлі екеуміз суретті әрі аударыстырып, бері аударыстырып, Фариза апай Әсет ағаға гүл беріп жатыр деген қорытындыға келдік. 

Өр мінез болса да, шын өнерді бағалай білетін Фариза Оңғарсынова дарынды ағасына гүл беріп тұр. Онда тұрған не бар дерсіз? Анығын айтсақ, Фариза апай – гүл атаулыны ер-азамат түгілі әйелдерге де си­рек сыйлайтын адам. Сол гүл-пүліңді өз­генің қолынан өзі алуға да аса құштар емес-ау...
Бұл – таланттардың тоғысуы. Дарын­дар­дың дидарласуы. Тұлғалардың түйісуі. Үздіктердің үйлесімі. Мықтының мықты­ны мойындауы.
Фариза апай Әсет ағамызды ерекше сый­лаған. Шынайы көңілден шексіз қадір­леген. Алдынан кесе өтпеген. Аға ретінде жақ­сы көрген. Көп ағасынан жоғары қой­ған. Көпшілік алдында көрсетілген бұл құрмет те – соның белгісі. 
Тегінде, Әсет Бейсеуов пен Фариза Оң­ғар­сынованың шуақты шығармашылық бір­лестігінен көл-көсір туындылар өмірге келуі керек-ті. Алайда екеуі де «Аз болса 
да – саз!» деген қастерлі қағидатты берік ұстанды. Бар-жоғы үш-ақ ән. «Кездесу де – бір бақыт», «Сен қайда жүрсің?» және «Жақ­сы көру»... Бұл әндердің де тумай кетуі кәдік еді. Әйгілі режиссер Райымбек Сейітметов Жастар мен балалар театрында Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне құрылған ерекше поэтикалық-музыкалық спектакльді қолға алмаса... 
1987 жыл. Фариза апайдың «Бақыт пен мұңы». Жұрт театрдың түндігін желпіл­де­тіп отырып көретін керемет кезең. Көрер­мен дегенің топырлап келіп, топталып тұра­тын ТЮЗ-да табан тірейтін жер жоқ. Бас­ты рөлдегі Байғали Есенәлі мен Әсел Мәмбетованың бағы жанған күндер. Сол қойы­лымда Әсет Бейсеуовтің Фаризаның сөзіне жазылған екі әні орындалды. «Кез­десу де – бір бақыт» пен «Сен қайда жүр­сің?». Бұл әндер театрдың жас артистеріне адам айтқысыз абырой-бедел әкелді. Әдемі де әсерлі әуендер әлі күнге дейін елдің есін­де... Біразға дейін белгілі әншілердің ре­пертуарынан түспеді. Қырық жылға тая­са да осынау тамаша туындылардың қанаты әзірге тала қойған жоқ.
Әсет пен Фаризаның шығармашылық бір­лестігінің үшінші өнімі – «Жақсы көру». Бұл әннің де ғұмыры ұзақ болды. Өлеңін Фа­риза өрлетсе, әуенін Әсет әуелетсе, ұзақ болмағанда қайтеді?! Санамызға сына­ла­нып, миымызға мөрленіп, жадымызға жат­талып қалды: 

Өмірің таңдай болса арайлаған,
Қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
Нұрланып кетеді екен бар айналаң!

Жақсы көру, жақсы көру,
Не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
Қуанып көз ілуге
Адамға жақсы көру керек екен!

Ардақты апайымыздың бұл өлеңі Әсет ағасына арналды ма, әлде типтендірілген шарт­ты образ ба, оны анық білмейміз. Біз­­дің білетініміз – Фариза апайдың тап­сыр­масы бойынша өлеңнің мәтіні жа­зыл­ған бір бет қағазды Қалдаяқов пен Гоголь кө­ше­лерінің қиылысындағы Әсет Бей­сеуов­тің үйіне сол кездегі «Ақ желкен» жур­налының жұқалтаң қызметкері, бү­гінгі белгілі қаламгер Сәкен Сыбанбайдың апарып бергені. Бұл – есте сақтау қабілеті елді есінен тандыратын Қалдыбек Құрма­нә­лінің дәлелді дерегі. Сөйтіп, «Жақсы көру» әнінің шығуы жолындағы поэти­ка­лық процеске сырбаз Сәкен ініміз де қа­тысыпты.
Сонымен, «Жақсы көру»... Осы ұлағат­ты ұғым мына сирек суретті де айшық­тай­тын сияқты. Ағаның қарындасты, қарын­дас­тың ағаны риясыз көңілден жақсы көруі...
Ендеше, сәл-пәл алыстап кетсек, «Сен қай­да жүрсің?» деп жақындарымызды із­дейік, соларды таба қалсақ, «Кездесу де – бір бақыт» деп қуанайық! Жалпы, бір-бірі­міз­ді жақсы көріп жүрейік! Көзі тірісінде күл­лі жұрт Құдайдай сыйлаған Фариза мен Әсет тағылымы – осы...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары