Автоматтандырылған ауа бақылау стансалары қойылады

/
Автоматтандырылған ауа бақылау стансалары қойылады

Ақтөбеде ауа сапасын тәулік бойы арнайы стансалар  бақылайтын болады. Қала маңында 15 гектар жасыл белдеу құрылады. Ал экология мен тазалық мәселесі туралы өтініштерін қала тұрғындары құзырлы органдарға бір ғана батырманы басып хабарлай бастаған. Өңірдің тазалығы мен көгалдандырылуына байланысты бұл жобалар «Таза Қазақстан»  бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы жақында  Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдар­ла­масының іске асырылу барысы мен елді мекендерді абаттандыру, санитарлық таза­лық мәселесі қаралған жиында Ақтөбе қала­сының үш ауданы мен Шалқар ауданы­­ның Бершүгір ауылына автомат­тандырылған ауа бақылау стансасы қойылатыны белгілі болды. Жаңа жүйе ауа сапасын нақты уақыт режимінде бақылау­ға мүмкіндік береді. 
Бұл стансаны әсіресе, Бершүгір ауылы­ның халқы асыға күтіп отыр. Өйткені Мұ­ғал­жар тауының баурайындағы бұл ауыл­­дың маңын­да диабаз және қиыршық тас өндіретін тоғыз зауыт бар. Аталған зауыт­тардан көкке көтері­летін  шаңнан Бершүгір­дің халқы көптен бері зардап шегіп келеді. Бірақ ауылда ауа бақылау стансасы болма­ғандықтан жергілікті жұрт іргедегі өндіріс­тің зардабын дәлелдей алмай отыр. Бершүгір тұрғын­дары­ның наразылы­ғы­нан кейін қиыршық тас өндіретін тоғыз зауыт өндіріс аумағы мен ауыл көшелеріне жүйелі түрде су себе бастапты.
– Бершүгір ауылының 1 500 тұрғыны бар. «Таза Қазақстан» жобасы аясында ауа бақылау стансасы салынар болса, ол жергілікті жұрттың денсаулығын қорғау мен карьерлердің қоршаған ортаға әсерін ашық бақылаудың маңызды тетігіне айналар еді, – дейді Ақтөбе облысы Шал­қар ауданы Бершүгір ауылының әкімі Нұрхан Әйтенов. 
Ауыл әкімі өңірдің экологиялық пробле­маларын шешуде біржолғы  акциялардан гөрі жүйелі мониторинг пен алдын алу іс-шараларының өте маңызды екенін айтады. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде де айтылды. 
Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­ма­сының басшысы Исатай Еспағамбетов­тің сөзіне қарағанда, өңірде экологияны бас­қа­ру­дың заманауи әрі технологиялық моделі­не көшу  қарқынды жүріп жатыр. Бершүгір ауылы мен Ақтөбе қаласының үш ауданына қойылмақшы ауа бақылау стан­сасы соның нақты бір мысалы. 
Ақтөбе өңірі экологияны басқарудың жаңа моделіне көшкенінің  тағы бір мысалы деп коммуналдық қызметке тиесілі техни­каларды GPS жүйесімен қадағалау, тұрғын­дардың экология туралы сын-ескертпе, өтініштерін цифрлық платформалармен қабылдау сияқты бастамаларды да айтуға болады. 
Ақтөбе әкімдігіндегі  жиында қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту мемлекеттік органдардың күшімен ғана жүзеге аспай­тыны айтылды. Жиын барысында Асхат Шахаров санитарлық тазалық жұмысын күшейтуді, заңсыз қоқыс үйінділерін жедел жоюды және цифрлық мониторинг құрал­дарын көбейте түсуді тапсырған. 
– Экология мәселесіне келгенде жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Заманауи цифрлық шешімдер мен тұрақты әрі жүйелі бақылау ғана қоршаған ортаны жақсартуға мүм­кін­дік береді, – деді Асхат Шахаров.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының тиім­ділігін сенбілік санымен ғана емес, ха­лықтың экологиялық мәдениетінің артуы­мен және Ақтөбе өңіріндегідей цифрлық бақылау құралдарының көп болуымен арттыруға болады. Ақтөбе ғана емес, Қазақстанның қай түкпірінде де қалдықты дер кезінде жинау,  қоқыс төгетін орынның кез келген жерде пайда болуына жол бермеу және қоғам бақы­лауын күшейту үшін ең алдымен тұрғын­дар белсенді болуы керек. 
Ақтөбе халқы тазалық мәселесіне нем­құрайлы қарамайды. Соның бір дәлелі –  ақтөбеліктер  @TazaQazBot Telegram-ботын пайдалана бастаған. Бұл боттың көмегімен қоқыс, тұрмыс қалдықтарын жинауға, қала­ны абаттандыруға байла-
н­ысты өтініш жол­дауға болады. @Taza-
QazBot Telegram-боты­ның сипаттамасында «Таза Қазақстан» ак­ция­сы – Қазақстанды тазалық пен тәртіп салтанат құрған ортақ үйімізге айнал­дыра­тын мүмкіндік» деп жазылған. 
Ақтөбені таза қалаға айналдыру үшін күн сайын көшеге 88 техника мен 345 қыз­меткер шығады. Қаладағы 711 көше мен 54 тұрғын алабындағы жолдарды жаз кезінде күтіп ұстауға 100-ден астам техника мен 200-ден астам қызметкер тартылған. Таза­лық­қа жауапты техника­ның бәріне GPS-трекер қойылған. Бұл жүйе атқарылған жұмыстың көлемі мен сапа­сын нақты уа­қыт режимінде бақылау­ға мүмкіндік береді. 
Өңірді көгалдандыру да қарқынды жүргізіле бастады. Биыл көктемде облыс аумағында 46,7 мың көшет отырғызылған. Мамандардың айтуынша, өңірді көгал­дан­дыру қараша айына дейін тоқтамайды. Осы аралықта Ақтөбе қаласының айна­ласында 15 гектар жасыл белдеу құрылып, аудан орталықтарының маңында 10 гектардан жасыл аймақ қалыптастыру көзделіп отыр. 
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдар­ламасын іске асыру барысындағы ақтөбе­ліктердің бастамасы экологиялық саясат­тың жаңа бағыты деуге болады. Егер жос­парланған жобалар жүзеге асатын болса, өңірде қоршаған орта сапасын бақылау күшейіп қана қоймай, тұрғындардың экология мәселелерін атқарушы билікпен бірлесе шешу мүмкіндігі де артады. Бұл өз кезегінде «Таза Қазақстан» бағдарла­ма­сының ауқымы кеңіп, акциядан тұрақты қоғамдық мәдениетке айналуына негіз болмақ. 

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары