Азаматтық қоғамы белсенді ел дамиды

/
Азаматтық қоғамы белсенді ел дамиды

Кез келген мемлекеттің қуаты экономикасының көлемімен, әскери әлеуетімен немесе табиғи ресурсымен ғана өлшенбейді. Қазіргі әлемде елдің даму деңгейін анықтайтын маңызды көрсеткіштің бірі – азаматтық қоғамның жай-күйі. Өйткені мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс қаншалықты мықты болса, басқару сапасы да соншалықты жоғары болады.

Азаматтық қоғам не үшін қажет?

Дамыған елдердің тәжірибесіне зер салсаңыз, күшті азаматтық қоғам тұрақты дамудың басты шартының бірі екенін көрсетеді. Азаматтық қоғам белсенді болған жерде мемлекет пен халық арасында тиімді диалог қалыптасады. Мұндай жағдайда қабылданатын шешім де қоғамның нақты сұранысына жақын болады. Ал қоғам үнсіз қалған жерде билік пен халықтың арасы алшақтай бастайды.
Азаматтық қоғам тек үкіметтік емес ұйымдардан тұрмайды. Оның құрамына қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар, сарап­тамалық орталықтар, еріктілер қозғалысы, тәуелсіз медиа және белсенді азаматтар кіреді. Яғни, азаматтық қоғам – мемлекет пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды институттар жүйесі.
Мемлекет қаншалықты қуатты болса да, қоғамдағы барлық мәселені толық қамти алмайды. Сондықтан азаматтық қоғам халықтың талап-тілегін билікке жеткізетін маңызды көпір қызметін атқарады. Сонымен қатар қоғамдық бақылау жасап, шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жар­қынбек Амантай «Демократияның өміршең­дігі азаматтардың өз еркімен біріге алу қабілетіне байланысты. Қоғамдық ұйымдар көбейген сайын азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігі де артады», – дейді.
Халықаралық тәжірибе бұл пікірді растайды. Азаматтық қоғамы дамыған ел­дерде мемлекеттік басқару сапасы жоғары болады. Сыбайлас жемқорлық деңгейі тө-
м­ен­дейді. Қоғамның билікке сенімі артады. Реформалар да халықтың қолдауы­мен жүзе­ге асады. 
Жарқынбек Амантайдың сөзінше, ел тұрғындарының шешім қабылдау процесіне қатысуы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырады. Яғни, қоғамның пікірі ескеріл­ме­ген реформалар ұзақ мерзімде нәтиже бер­мейді. Сондықтан қазіргі әлемде азамат­тық қоғам демократияның ғана емес, тиімді мемлекеттік басқарудың да маңызды көрсет­кішіне айналып отыр.

Әлемдегі азаматтық қоғам феномені

Азаматтық қоғам институттары Скан­динавия елдерінде жақсы дамыған. Сарап­шылар мұны кездейсоқ құбылыс деп есеп­темейді. Өйткені дәл осы мемлекеттерде мем­лекет пен қоғам арасындағы сенім дең­гейі жоғары, ал азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы қалыпты мәдениетке айна­лған.
Швеция, Норвегия және Финляндияда халықтың едәуір бөлігі қоғамдық ұйым­дар­дың, еріктілер қозғалысының немесе жергі­лікті бастамалардың жұмысына қатысады. Бұл елдерде мемлекет азаматтық қоғамды қарсы тарап ретінде емес, қоғамдық мәселе­лерді шешудегі серіктес ретінде қабылдайды. Сондықтан маңызды шешімдердің басым бөлігі қоғамдық талқылаудан өтеді.
Финляндия тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Мұнда азаматтық белсен­ділік мектеп қабырғасынан қалыптасады. Балалар қоғамдық бастамаларға қатысып, ортақ мәселелерді талқылауға және шешуге үйренеді. Соның нәтижесінде қоғамда жа-
у­ап­кершілік пен белсенділік мәдениеті орныққан.
Германияда қоғамдық ұйымдар әлеу­мет­тік қорғау, ғылым, мәдениет, жастар саясаты және экология салаларында мемлекетпен тығыз жұмыс істейді. Неміс саясаттанушысы Клаус Оффе азаматтық қоғамды «мемлекет­тің қарсыласы емес, оның кемшіліктерін түзе­тетін серіктесі» деп бағалайды.
Ал АҚШ-та азаматтық қоғамның күші қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру қабілетімен ерекшеленеді. Көптеген қоғамдық бастама қарапайым азаматтардан басталып, кейін ұлттық саясатқа ықпал етеді. Америкалық зерт­теуші Роберт Патнэм мұндай қоғамдар­дың басты артықшылығы жоғары әлеуметтік сенімде екенін айтады. Оның пікірінше, адам­дар бір-біріне сенетін қоғам эконо­микалық жағынан да табысты, саяси жағы­нан да тұрақты болады.
Осы мемлекеттердің тәжірибесі аза­маттық қоғамның мемлекетті әлсіретпей­тінін, керісінше басқару сапасын арттырып, қоғамдық тұрақтылықты нығайтатынын көрсетеді.

Петиция – жаңа құрал

Кейінгі жылдары азаматтық қоғамның мемлекетке ықпал ету тетігі айтарлықтай өзгерді. Цифрлық технологияның дамуы азаматқа өз пікірін, талабы мен ұсынысын билікке бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жеткізуге мүмкіндік берді. Осындай құрал­дың бірі – петиция.
Петиция белгілі бір мәселені қоғамдық талқылаудың өзегіне айналдырып қана қой­май, мемлекеттік органның назарын аудару­ға мүмкіндік береді. Сондықтан көптеген сарапшы оны азаматтық қоғамның жаңа ком­муникациялық құралы немесе «жаңа тілі» деп сипаттайды.
Әлемдік тәжірибеде петиция азаматтың шешім қабылдау процесіне қатысуының маң­ызды тетігіне айналды. Мәселен, Ұлыбри­танияда белгілі бір межеден асқан петиция пар­ламент қарауына шығарылады. Гер­мания­да электронды өтінішті арнайы коми­тет қарайды. АҚШ-та петициялық жүйе қо­­ғам мен билік арасындағы байланыстың маңызды арнасының біріне айналған.
Америкалық саясаттанушы Роберт Даль демократияның басты белгісінің бірі ретінде азаматтардың өз талабын билікке заңды жолмен жеткізе алу мүмкіндігін атайды. Осы тұрғыдан алғанда петиция азаматтық бел­сенд­ілік пен саяси мәдениеттің маңызды көрсеткіші саналады.
Дегенмен сарапшы петицияны барлық мәселені шешетін әмбебап құрал ретінде қарастырмауға шақырады. Ал британдық зерттеуші Джон Киннің пікірінше, петиция қоғамдық белсенділіктің бастапқы кезеңі ғана. Нақты нәтиже болуы үшін оның ар­тын­да сараптамалық талдау, қоғамдық пікір­талас және азаматтық институттың жүйелі жұмысы тұруы қажет.
Қазақстанда да кейінгі жылдары пети­ция арқылы қоғамдық мәселеге үн қосу үдерісі күшейіп келеді. Бұған дейін petitions.kz, otinish.kz, drfl.kz, onlinepetition.kz және тағы басқа платформада түрлі мәселе бо-
й­ын­ша бастама жарияланып келді. Оның бір­қатары қоғамда кең талқыланды. Мәсе­лен, Павлодар мен Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы петицияға 50 мыңнан астам адам қол қойды. Әйелдің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету жөніндегі бастамаға 100 мыңнан астам азамат қолдау білдірді. Сондай-ақ әкімнің отставкасын талап еткен петиция да қоғам назарын аударды.
Алайда ол кезеңде мұндай бастаманың құқықтық мәртебесі болған жоқ. Себебі петиция институтын реттейтін арнайы құқықтық тетік те, бірыңғай ресми плат­форма да болмады.
Бұл жағдай 2023 жылы өзгерді. Сол жылы «Әкімшілік рәсімдік-процестік ко-
д­екске» қоғамдық бақылау мен әкімшілік рәсімді жетілдіруге бағытталған өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Аталған норма 2024 жылдың 4 сәуірінен бастап күшіне енді.
Осылайша, Қазақстанда петиция инс­титуты заңнамалық деңгейде бекітілді. Қазір азамат петицияны e-Otinish ақпарат­тық жүйесіндегі арнайы «Петиция» модулі арқы­лы бере алады. Бұл қоғам мен билік арасын­дағы кері байланыстың жаңа тетігін қалып­тастырып, азаматтың мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті.

Еститін мемлекет – сенімді қоғам

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жария­лап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныс­тарына жедел әрі тиімді жауап беретін мем­лекеттік басқару жүйесін қалыптастыру міндетін қойды.
Ал 2020 жылғы Жолдауында бұл қағи­дат­тың мәнін одан әрі тереңдете түсіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» шын мәнінде «Әділетті мемлекет» құрудың берік негізі екенін атап өтті. Яғни, мәселе халық­тың үнін естуде ғана емес, көтерілген мә­селелер бойынша әділ әрі нақты шешім қабылдауда жатыр.
2026 жылы 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Конституцияда да әділетті мемлекет құру, азаматтардың үнін есту және қоғаммен тұрақты диалог орнату қағидаты айрықша көрін­іс тапты.
– Заманауи мемлекеттің басты міндеті – халықты басқару емес, қоғаммен бірге жұмыс істеу. Себебі азаматтардың сұранысын ескермейтін жүйе уақыт өте келе әлеуметтік шиеленіске тап болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымының негізінде де осы идея жатыр. Яғни, мемлекет қоғамды тек бақылау объектісі ретінде емес, серіктес ретінде қарастыруы керек. Бұл басқарудың вертикалды моделінен көлденең диалогқа көшуді білдіреді. Мұндай жағдайда азамат­тардың ұсыныстары, шағымдары, талаптары мен бастамалары мемлекеттік саясатты қалыптастырудың маңызды тетігіне айна­лады, – дейді Мәжіліс депутаты Данабек Исабек.
Кейінгі жылдары қоғамдық кеңестердің жұмысы, онлайн-қабылдаудың көбеюі, пети­ция институтының енгізілуі және мем­ле­кеттік органдардың қоғаммен ашық диалог орнатуға талпынысы осы бағыттағы өзгеріс­тердің көрінісі ретінде бағалануда.

Азаматтық қоғамның ықпалы

Кейде азаматтық қоғам мемлекеттік ше­шім­дерге ықпал ете алмайды деген пікір айтылады. Алайда кейінгі жылдары қоғам­ның дауысы мемлекеттік саясатқа әсер еткен жағдайлар аз емес.
Соның бірі – қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты реформа болды. Үкімет бастапқыда ҚҚС мөлшерлемесін қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеруді және тіркеу шегін 80 миллион теңгеден 15 мил­лион теңгеге дейін төмендетуді ұсынған еді.
Бұл бастама қоғамда қызу талқыланды. Бизнес өкілі, экономист, сарапшы, қоғамдық белсенді және қарапайым азамат ұсыныстың ықтимал салдарына қатысты өз пікірін ашық білдірді. Әсіресе, мәселені талқылау барысында Мәжіліс депутаттары белсенді ұстаным танытып, кәсіпкерлік орта мен қо­ғамның алаңдаушылығын Үкіметке жеткізді.
Нәтижесінде, бастапқы ұсыныс қайта қаралды. ҚҚС мөлшерлемесі 20 пайыз емес, 16 пайыз деңгейінде белгіленді. Ал тіркеу шегі 15 миллион теңге емес, 40 миллион тең­ге болып бекітілді.
Бұл жағдай қоғамның, сарапшылық орта­ның, кәсіпкерлік қауымдастықтың және депутаттық корпустың ұстанымы мемле­кеттік шешімнің мазмұнына ықпал ете алатынын көрсетті. Яғни, азаматтық қоғам мемлекеттік саясатқа тек сын айту арқылы емес, балама ұсыныс пен қоғамдық талқылау арқылы да әсер ете алады.
Тағы бір мысал – Үкімет коммуналдық тариф құнын өсіруді қарастырды. Бұл мәселе де қоғамда қызу талқыланды. Қоғамдық 
ал­аң­даушылық күшейгеннен кейін Прези­дент Үкіметке тариф саясатын қайта қарау­ды тапсырды. Соның нәтижесінде коммун­алдық қызмет бағасын көтерудің бір бөлігі кейінгі кезеңге шегерілді.
Бұл мысалдар азаматтық қоғамның міндеті мемлекеттік шешімді тоқтату емес, оның сапасын арттыру екенін көрсетеді. Қо­ғам өз пікірін ашық білдірген кезде билік те қабылданатын шешімнің әлеуметтік салдарын жан-жақты ескеруге мәжбүр бола­ды. Мұндай кері байланыс тиімді мемле­кет­тік басқарудың маңызды элементі саналады.
Бұл азаматтық қоғамның мемлекетке қысым көрсетуі емес, қоғам мен билік ара­сын­дағы кері байланыстың жұмыс істегенін көрсететін мысал. Өркениетті мемлекеттерде дәл осындай байланыс тиімді басқарудың маңызды шарты саналады.
Сондай-ақ жер реформасына қатысты қоғамдық талқылаулар, утильалым төңіре­гіндегі пікірталастар, уақыт белдеуіне байла­н­ысты бастамалар мен петициялар қоғам­ның мемлекеттік шешімдерге ықпал етуге ұмтылып отырғанын көрсетті.

Азаматтық қоғам қалай дамиды?

Сарапшылардың пікірінше, азаматтық қоғам бір күнде қалыптаспайды. Ол ұзақ жыл бойы қалыптасатын қоғамдық мәден­иет пен саяси институттардың жемісі. Сон­дықтан азаматтық қоғамды дамыту тек қоғамдық ұйымдардың міндеті емес, мем­лекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Ең алдымен, азаматтық білім беру мәсе­ле­сіне ерекше назар аудару қажет. Азаматтық жауапкершілік жоғары оқу орнында емес, мек­теп қабырғасынан қалыптасуға тиіс. Оқу­шы қоғамдық мәселеге бейжай қарамау­ды, өз пікірін мәдениетті түрде жеткізуді және қоғам­дық іске қатысуды ерте жастан үйренуі керек. Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, аза­маттық мәдениеті жоғары қоғам­дарда бақылау да, мемлекеттік басқару сапасы да жоғары болады.
Екінші маңызды мәселе – қоғамдық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығы. Көп жағдайда қоғамдық сектордың белсенділігі қаржыландыру мәселесіне тіреледі. Қаржы­лық тәуелсіздік болмаса, ұйымдардың ұзақ­мерзімді жоба жүзеге асыруы немесе қоғам­дық мәселеге жүйелі түрде араласуы қиын. Сондықтан мемлекеттік грантпен қатар қайырымдылық мәдениетін, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті және қоғамдық қорлардың қызметін дамыту маңызды.
Үшіншіден, қоғамдық ұйымдарды мем­ле­кеттік саясаттың толыққанды қатысу­шысына айналдыру қажет. Көп жағдайда қоғамдық ұйымдар шешім қабылдау аяқтал­ғаннан кейін ғана талқылауға шақырылады. Ал дамыған елдердің тәжірибесі керісінше екенін көрсетеді. Қоғамдық институттар мәсе­ле­ні талқылаудың бастапқы кезеңінен бастап қатысқан кезде ғана қабылданған шешімнің сапасы артады.
Төртіншіден, волонтерлік мәдениетті дамыту маңызды. Көптеген елде азаматтық қоғам дәл осы еріктілер қозғалысы арқылы қалыптасқан. Волонтерлік қызмет адамның қоғамдық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзара сенімді күшейтеді. Сондықтан еріктілік мәдениеті азаматтық қоғамның маңызды мектебі саналады.
Бесіншіден, петиция институтын одан әрі жетілдіру қажет. Кейінгі жылдары Қазақ­станда петиция азамат пен мемлекет ара­сындағы байланыстың жаңа тетігіне айнала бастады. Алайда бұл құралдың тиімділігі көтерілген мәселенің нақты қаралып, оған ресми жауап берілуіне байланысты. Азамат өз дауысының естілгенін сезінген кезде ғана қоғамдық белсенділік күшейеді.
Әлеуметтанушы Айнұр Анарбек азамат­тық қоғамның дамуын қоғамдағы әлеуметтік капиталмен байланыстырады. Оның пікі-
р­інше, қоғамдық ұйымдардың көптігі емес, адам­дардың бір-біріне сенуі маңызды. 
Сондықтан азаматтық қоғамды дамыту ең алдымен мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттырудан басталады. Азаматтың пікірі ескерілетін, қоғамдық бастама қолдау табатын және ашық диалог қалыптасқан жерде азаматтық қоғам да нығая түседі. Ал күш­ті азаматтық қоғам өз кезегінде тиімді мем­лекеттік басқарудың маңызды тірегіне айналады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, күшті мемлекет пен күшті азаматтық қоғам бір-біріне қарсы ұғым емес. Белсенді қоғам мемлекеттік шешімнің сапасын арттырып, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады. Сондықтан Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының табысы азаматтық қоғамның дамуымен тікелей байланысты. Азаматтық қоғамды нығайту – Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуінің маңызды шарты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары