Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылындағы Qulynzhon Mektebi-нің 60 жылдық мерейтойына орай жаңа интернат пен заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жоба ШҚО әкімдігі мен кәсіпкер Айдын Рақымбаевтың Rahimbaev Endowment Foundation (REF) қорының серіктестігі аясында жүзеге асты. Qulynzhon Mektebi-н дамытуға бағытталған бірлескен инвестиция көлемі 4,2 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен бұл мектепті 1989 жылы бітірдім. Осы жерде алғаш білім алып, үлкен өмірге жолдама алдым, осы күнге дейін ұмытылмас ұстаздарымды жолықтырдым. Біздің бала кезімізде болмаған мүмкіндіктер бүгінгі ауыл өрендерінде болса деймін. Біздің мақсат — тек инфрақұрылым салу емес, жерлестерімізге: оқушыларға, мұғалімдерге, барша тұрғындарға жан-жақты дамуға жағдай жасау. Туған өлкеге қолдау білдіру — мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік», — деді Айдын Рақымбаев.

Жаңа нысандардың салтанатты ашылуы барысында ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде ардагер-ұстаздар мектеп кілтін бүгінгі оқушыларға аманаттады. Интернаттың іске қосылуы арқасында Qulynzhon Mektebi маңайдағы елді мекендер үшін тіректі мектеп мәртебесін иеленді. Енді Самар ауданы мен көршілес аудандардың балалары оқу аптасы бойы мектеп жанында жатып оқи алады — бұл шалғайлық пен жол қашықтығынан туындайтын кедергіні толығымен жояды. Сонымен қатар балаларды қауіпсіз тасымалдау мақсатында білім беру бөліміне жаңа мектеп автобусы табысталды.

Заманауи спорт кешені тек оқушыларға ғана емес, ауылдың барлық тұрғындары үшін де қолжетімді. Мұнда дене шынықтыру сабақтары, түрлі спорт секциялары және аудандық деңгейдегі жарыстар өтеді. Бағдарламаның бөлек бір бағыты — педагогтердің біліктілігін арттыру мен оқушылардың сабақтан тыс даму мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған.
Бастама қор тарапынан Самар ауданын кешенді қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Келесі кезеңде 2026–2028 жылдар аралығында ауданның білім беру жүйесін жаңғырту жоспарланған. Сонымен бірге, жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын аудандық аурухананы реконструкциялау және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жобасы 2028 жылға қарай аяқталады. Бұл медициналық инфрақұрылымның игілігін көршілес бес шекаралық ауданның тұрғындары да көрмек.

2026 жылы Айдын және Анар Рақымбаевтар «The Giving Pledge» халықаралық бастамасына қосылып, өз қаражатының жартысынан астамын Қазақстандағы қайырымдылық жобаларына жұмсауға ашық міндеттеме алды. Самар ауданы — осы кешенді стратегия ойдағыдай жүзеге асырылып жатқан негізгі аймақтардың бірі.