Жетісу облысындағы «Көктал» оқу-жаттығу полигонында Орталық Азия өңірінің Ұжымдық жедел өрістету күштерімен бірлескен «Шеп-2026» оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқу-жаттығу барысында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей және Тәжікстан әскери қызметшілері бірлескен даярлық, басқару органдары мен ұлттық контингенттердің өзара іс-қимылы мәселелерін пысықтауда.
Оқу-жаттығу жыл сайын өткізіледі және Ұжымдық жедел өрістету күштерінің өзара іс-қимыл деңгейі мен бірлескен міндеттерді орындауға әзірлігін арттыруға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мирлан Тұрғынбеков, ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Асқар Жоламанов, ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының орынбасары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев және шақырылған лауазымды тұлғалар қатысты.
Оқу-жаттығу 13-18 қыркүйек аралығында ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейновтің басшылығымен өтуде. Оған 1500-ге жуық әскери қызметші және 300-ден астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оның ішінде 115 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.
Практикалық іс-қимылдар таулы-шөлейт жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып жүргізіледі. Сондай-ақ Қазақстанның Шекара қызметі мен Ұлттық ұланы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауға баса назар аударылып келеді.