Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінде ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыздан асып, 360 миллион долларға жуықтаған.
Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісін, Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешенін мысалға келтірді.
Түркия тарапына Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды.
Жиында қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы арта түскеніне назар аударылды.
Мемлекет басшысы бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік компанияларын Құрық, Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.
Қазақстан авиация саласындағы ынтымақтастыққа да айрықша мән беріп отыр. Сондықтан Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуды көздеп отырған TAV Airports Holding компаниясының бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Бұл ретте Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, инвесторларға арналған жеңілдіктер жөнінде мәлімет берді.
Сонымен қатар Түркия бизнесмендерін шикізаттық емес жобаларды бірлесе іске асыруға үндеді.
Жиында энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект, қорғаныс өнеркәсібіндегі өзара тиімді серіктестік аясын одан әрі кеңейту перспективасы қарастырылды.