1 мамырды біз көбінесе этностардың достығы, мәдени фестивальдер, ұлттық киімдер шеруі мен ұлттық тағамдарға толы мерекелік дастарқан ретінде қабылдауға дағдыланғанбыз. Алайда бұл мерекенің мазмұны тек мәдени ретроспективамен шектелмеуге тиіс. Жаһандық бәсекелестік заманында қоғамның көпэтносты құрамы – мемлекеттің стратегиялық ресурсы, оның инновациялық әлеуетінің драйвері және экономикалық тұрақтылығының іргетасы.
Дәстүрлі тілектер мен ұрандардан арылып, мәселеге сандар мен фактілер тілімен қарасақ, «біртұтас ұлт» концепциясының астарында үлкен экономикалық және ғылыми синергия жатқанын көреміз.
Әлемдік тәжірибеде кез келген ірі технологиялық серпіліс немесе ғылыми жаңалық біркелкі емес, керісінше, әртүрлі көзқарастар тоғысқан ортада туындайды. Бұл ғылымда «когнитивті әртүрлілік» деп аталады. Әртүрлі мәдени кодпен өскен, түрлі тұрмыстық және білім беру мектептерінен шыққан мамандар бір мәселеге бірнеше ракурстан қарай алады. Ал экономикалық тұрғыдан алғанда, әртүрлілік нарықтың сегменттелуі мен кеңеюіне алып келетін фактор.
Бүгінде АҚШ-тың Кремний алқабы немесе Қытайдың Шэньчжэнь сияқты ірі технологиялық хабтарының басты күші – түрлі этнос пен мәдениет өкілдерінің бір ортада шоғырлануы болып отыр. Қазақстанның ғылым мен технологияны дамытудағы қадамдары да осы демографиялық ерекшеліктен тікелей ұтады. Біздің елдегі әртүрлі этнос өкілдері ғылыми зертханаларда, IT-стартаптар мен инжиниринг саласында стандартты емес шешімдердің генераторына айналуда. Оған қоса, диаспоралық желілер шетелдік ғылыми институттармен байланыс орнатуға және технология трансфертін жеделдетуге табиғи «көпір» болып отыр.
Экономикалық сарапшылардың пікірінше, қоғамдағы этностық әртүрлілік халықаралық сауданың артуына тікелей әсер етеді. Ел ішіндегі түрлі этностар өздерінің тарихи отанымен немесе өзге елдердегі қандастарымен тығыз байланыс орнатады. Сондықтан Қазақстандағы әрбір ірі этностық топ белгілі бір шет мемлекетпен тікелей экономикалық байланыс орнатудың мүмкіндігі десек, қателеспейміз. Мысалы, кәріс диаспорасы Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялары мен инвестицияларын елге тартуда үлкен рөл атқарады. Неміс диаспорасы Германияның инжинирингтік және өндірістік стандарттарын енгізуге септігін тигізеді. Түркітілдес халықтар Түркия және Орталық Азия нарығында сауда-саттықтың «алтын көпірі» болып отыр. Бұл құбылыс «диаспоралық капитализм» деп аталады. Ол мемлекеттік деңгейдегі келіссөздерден гөрі тиімдірек жұмыс істейді, өйткені оның негізінде сенім мен мәдени ұқсастық жатыр.
Жалпы, мұндай трансұлттық желілер Қазақстан бизнесі үшін жаңа нарықтарға шығу кезінде транзакциялық шығындарды азайтады. Сонымен қатар тілдік кедергілердің болмауы, іскерлік мәдениеттегі ұқсастықтар және сенім деңгейінің жоғарылығы шетелдік инвестицияларды тартуға және отандық өнімді экспорттауға жол ашады. Яғни, біздің этностық палитрамыз – жаһандық нарыққа шығудағы дайын навигатор.
Өңірлік динамика
Қазақстанның ішкі экономикалық картасына көз жүгіртсек, этностық құрамы бай аймақтарда (мысалы, Алматы қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары) шағын және орта бизнестің даму динамикасы өте белсенді екенін байқауға болады. Мұндай аймақтарда қызмет көрсету саласы, креативті индустрия, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру мен өндіріс кластерлері бәсекелестікке барынша қабілетті. Әртүрлі мәдени сұраныстар нарықтың үнемі бейімделуін, жаңа тауарлар мен қызмет түрлерін ойлап табуын талап етеді, ал бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуіне ықпал етеді.
Ұлттық статистика бюросы мен ҚСЗИ этностардың шоғырлануын зерттеген. Әлеуметтанулық зерттеулер ең жоғары көрсеткіш сауда және қызмет көрсету саласына (17 пайыз) тиесілі екенін көрсетті. Бұл секторда өзбек, ұйғыр және әзербайжан диаспоралары белсенді. Олар көбінесе отбасылық бизнес моделін қолданады, бұл еңбек өнімділігін арттырмаса да, бизнестің өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Тұтыну тауарлары мен қоғамдық тамақтандыру саласындағы бәсекелестіктің жоғары болуы осы этностардың нарықтық икемділігіне байланысты.
Екінші орында – ауыл шаруашылығы (10.8 пайыз). Оңтүстік өңірлерде (Түркістан, Жамбыл облыстары) өзбек, тәжік, дұнған этностары егіншілік пен бау-бақша шаруашылығында көш бастап тұр, республикалық көрсеткіштен орта есеппен 15-20 пайыз жоғары.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы мәліметінше, осы аймақтардағы көкөніс өнімділігі бір гектардан алынатын өнім көлемі бойынша рекордтық көрсеткіштерге ие. Бұл – дәстүрлі білім мен заманауи агротехнологияның синтезі.
Өнеркәсіп және инжиниринг (12,5 пайыз) саласында орыс, неміс және украин этностарының үлесі байқалады. Әсіресе Солтүстік және Орталық Қазақстанның өндірістік хабтарында (Қарағанды, Өскемен, Павлодар) машина жасау, металлургия және энергетика жақсы дамыған. 2025 жылғы көрсеткіштер бойынша аталған салалардағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 9,22 млн теңгені құрап, тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл өңірлердегі ірі кәсіпорындарда (мысалы, «АрселорМиттал Темиртау», «Казцинк») жұмыс істейтін инженер мамандардың 40-50 пайызы – көпұлтты әулеттердің өкілдері. Ғылыми баяндамаларда бұл құбылыс «кәсіби тұрақтылық капиталы» деп аталады. Олардың еңбек өнімділігі стандартты мамандардан жоғары, себебі кәсіби дағдылар отбасылық тәрбиемен ұштасқан.
Батыс Қазақстанның еңбек нарығындағы этникалық әртүрлілік шетелдік мамандармен және жергілікті көпұлтты кадрлармен сипатталады. Мұндағы басты тренд – технологиялық интеграция. Түрлі этностардың бірлескен жобаларда жұмыс істеуі батыстық басқару мәдениетінің тезірек сіңісуіне ықпал етеді. Сонымен қатар халық көп шоғырланған және әртүрлі этностар тұратын аймақтарда креативті индустрия (IT, дизайн, медиа) жылдам дамитыны анықталып отыр.
Елімізде этностық әртүрлілік қоғамның жіктелуі емес, керісінше, әр топтың өзіне тән тарихи-мәдени тәжірибесін ел экономикасына ең тиімді жолмен салуы.

Этностардың әлеуметтік-кәсіби құрылымы
ҚСЗИ зерттеулеріне сүйенсек, еліміздегі этникалық топтардың ішінде жоғары білім деңгейі бойынша белгілі бір теңгерім қалыптасқан. Мысалы, кәріс, неміс және орыс диаспорасының өкілдері арасында жоғары білімді мамандардың үлесі (орта есеппен 30-35 пайыз) жоғары. Бұл көрсеткіш аталған топтардың көбінесе қалалық жерлерде шоғырлануымен және инженерлік-техникалық, медициналық мамандықтарға отбасылық бейімділігімен түсіндіріледі. Ал қазақ ұлтының өкілдері соңғы жылдары IT, гуманитарлық ғылымдар және мемлекеттік басқару саласында басымдыққа ие болып отыр.
Этностардың халықаралық ғылыми байланыстардағы рөлі де ерекше. Мысалы, Германиямен ғылыми коллаборация жасауда қазақстандық немістер, ал Израильмен медициналық технологиялар саласында жұмыс істеуде еврей қауымдастығы табиғи катализатор қызметін атқаруда. Бұл – мемлекеттің сыртқы саясаты мен ғылыми дипломатиясының ажырамас бөлігі. Жетекші ЖОО-лардағы (Назарбаев университеті, ҚазҰУ, Сәтбаев университеті) зерттеушілердің этникалық палитрасы 15-тен астам ұлтты қамтиды. Бұл халықаралық ғылыми коллаборациялардың санына тікелей әсер етеді.
Этностардың әлеуметтік-кәсіби құрылымы – статистика ғана емес. Ол ел экономикасының құрылымымен бірге өзгеріп отырады. Бұл әртүрлілікті тиімді басқару – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі.
Сандар не дейді?
Кейінгі 3 жылда мемлекеттік қызметтегі өзге ұлт өкілдерінің үлесі тұрақты сақталып (шамамен 10-12 пайыз), олардың басым бөлігі білім беру және денсаулық сақтау саласында еңбек етеді екен. Оның ішінде ең көп үлесі бар топтар: орыстар, украиндар, татарлар және немістер. Кейінгі екі жылда мемлекеттік қызметке келетін өзге ұлт жастарының арасында қазақ тілін еркін меңгергендердің үлесі 45 пайызға өскен.
Ал кәсіпкерлік саласында түрік, ұйғыр және әзербайжан диаспораларының арасында жеке кәсіпкерлікпен айналысу деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 1,8 есе жоғары екені анықталған.
«Қазақстандық қоғамдық даму институтының» 2024 жылғы ұлттық баяндамасында мемлекеттік қызмет тек басқару аппараты емес, қоғамның интеграциялану деңгейінің көрсеткіші ретінде аталған. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің шамамен 10-12 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдар мен білім беру, денсаулық сақтау сияқты бюджеттік салаларға тиесілі. Бұл фактор мемлекеттік саясаттың барлық этностар үшін ашықтығын және «тең мүмкіндіктер» қағидатының іс жүзінде орындалуын дәлелдейді.
ҚСЗИ мамандарының пікірінше, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына әртүрлі диаспора өкілдерінің қосқан үлесі зор. Этникалық кәсіпкерлік индексіне қарасақ, Алматы мен Астана қалаларындағы ШОБ өкілдерінің 42 пайызы көпұлтты серіктестіктер негізінде құрылған. Мұндай компаниялардың нарықтағы өміршеңдігі моноэтникалық компанияларға қарағанда 1,5 есе жоғары екен. Бұл топтарда «кәсіпкерлік мәдениеті» ұрпақтан-ұрпаққа «беріледі». Олар негізінен логистика, құры-лыс материалдарының өндірісі және сауда саласында маманданған. Статистикалық деректерге сүйенсек, этникалық негізде құрылған отбасылық кәсіпорындар дағдарыс кезеңдерінде басқаларға қарағанда 25-30 пайызға төзімдірек келеді.
Этностардың кәсіби құрылымына әсер ететін ең басты фактор – қоныстану ортасы (қала мен ауыл). Қалалық этностарға кәріс, неміс, орыс, татар және еврей диаспоралары енеді. Олар негізінен ірі урбанизациялық орталықтарда шоғырланған. Бұл олардың жоғары технологиялық секторда, медицинада, ғылымда және қаржы саласында басымдыққа ие болуын анықтайды. Аталған топтар арасында жоғары білімі бар мамандардың үлесі республикалық орташа көрсеткіштен 12-15 пайызға жоғары.
Ауылдық этностарға өзбек, ұйғыр, дұнған және тәжік диаспоралары кіреді. Олар негізінен аграрлық өңірлерде тұрады. Бұл топтардың әлеуметтік-кәсіби құрылымында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке қосалқы шаруашылық иелерінің үлесі басым. Олардың агробизнестегі тәжірибесі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
1 мамыр – жай ғана тарихи қалыптасқан татулықтың мерекесі ғана емес. Әртүрлілік бізді бөлмейді, керісінше, ортақ экономикалық механизмнің бір-бірін толықтыратын бөлшектеріне айналдырады. Ғылымдағы жаңашылдық, бизнестегі икемділік және қоғамдағы ашықтық – біздің ортақ мәдени капиталымыздың тікелей дивиденді. Сондықтан бүгінгінің бірлігі тек бейбітшілік қана емес, прогреске жетелейтін қуатты синергия.
Акбаржон ИСМАИЛОВ,
ҚХА кеңес мүшесі, Тәжіктердің Республикалық этномәдени орталығының төрағасы:
БІЛІМДІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – ОРТАҚ ПАРЫЗЫМЫЗ
Ғылым мен білімнің маңызы туралы көп айтуға болады, алайда біз үшін оның өлшемі – нақты іс. Ғылым мен білімнің негізі ең алдымен мектеп қабырғасында, тіпті балабақшадан қаланады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тек жекелеген тұлғалардың емес, тұтас қоғамның, соның ішінде этномәдени бірлестіктер мен азаматтардың ортақ еңбегі.
Бүгінде Қазақстанда 61 мыңнан астам тәжік этносының өкілі тұрады, оның 41 мыңы Түркістан облысында тығыз қоныстанған. Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандары – тарихи тұрғыдан орныққан, тәрбиеге және білімге деген көзқарас әрдайым жоғары деңгейде қалыптасқан өңірлердің бірі.
Ұрпақ тәрбиесіне келгенде біз ешқашан аянып қалған емеспіз. Түркістан өңіріндегі азаматтар өз бастамасымен қазақ тілінде оқытатын бірнеше балабақша салып, пайдалануға берді. Бұл – алғыс алу үшін емес, елдің ертеңін ойлаған азаматтық ұстанымның көрінісі. Балабақшадан басталатын ана тіліндегі тәрбие – болашақ ұлттық бірліктің берік негізі.
Сондай-ақ Петропавл қаласы мен Ақмола облысының ауылдық аймақтарында балаларға арналған ойын алаңдары бой көтерсе, Түркістан өңірінде жастарға арналған заманауи спорт кешендері ашылды. Бұл дегеніміз – салауатты әрі білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар.
Әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалған емес. «Мектепке жол», «Жомарт жан» сияқты жобалар біз үшін жай науқан емес, жүрек қалауы. Жүздеген баланы мектепке киіндіріп, оқу құралдарымен қамтамасыз еткен сәттер – ең үлкен рухани қуаныш. Осы бағыттағы қайырымдылық шаралары барысында өмірлік тағдырға әсер еткен жағдайлар да кездесті. Мәселен, 2022 жылғы бір іс-шарада білімге ерекше құштар екі отбасының балалары назарға алынып, іштей «осылардың баспана мәселесін шешу – менің азаматтық парызым» деп бекіндім. Сөйтіп, Алланың қалауымен 2023 жылдың басында сол отбасылар баспанамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар балалардың сапалы білім алып, жарқын болашағына жағдай жасау мақсатында да Түркістан облысында тағы үш отбасына баспана табысталған болатын. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Әрине, бұл айтқандарым – атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бұдан да басқа қолға алған, әлі де іске асатын жобаларымыз өте көп. Біз бір орында тұрмаймыз, әр өңірдегі өзекті мәселелерді бақылап, қолдан келгенше нақты көмек көрсетуді жалғастыра береміз. Ең бастысы – осы бірлік пен ниетімізді арттырып, әлі талай игі істерді бірге атқаратынымызға сенімдімін.
Одан бөлек, Түркістан өңіріндегі тәжік этносы өкілдерінің басым бөлігі кәсіпкерлікпен айналысатыны баршаға аян. Бұл білім мен тәжірибенің нақты өмірде көрініс табуы. Кәсіпкерлер өз ісін дамыту арқылы жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды үйренуге, жаңа технологияларды меңгеруге және заманауи ойлау жүйесін қалыптастыруға жағдай жасап отыр.
Олар тек өз бизнесін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға, абаттандыруға белсене атсалысып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жастардың білім алғаннан кейін елде қалып, өз мамандығын іске асыруына мүмкіндік беруде. Бұл – білім мен еңбектің өзара сабақтастығын көрсететін маңызды фактор.
Кәсіпкерлік орта қайырымдылықты да жүйелі түрде атқарып келеді. Жол салу, су жүйесін тарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты жұмыстар тек тұрмысты жақсарту емес, сонымен қатар білім алуға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Өйткені сапалы білім ең алдымен қолайлы ортадан басталады.
Осындай іскер әрі жомарт жандардың еңбегінің арқасында өңірдегі бірлік нығайып, жастардың білімге, еңбекке және жаңашылдыққа деген ынтасы артып келеді. Бұл – ғылым мен білімге негізделген қоғам қалыптастыруға қосылып жатқан нақты азаматтық және интеллектуалдық үлес.
Осылайша, біз білім мен ғылымға қосқан үлесімізді сөзбен емес, нақты әрекетпен көрсетіп келеміз. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – тек мектептің міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың, әрбір этномәдени бірлестіктің ортақ парызы. Балаларға жасалған әрбір мүмкіндік – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды инвестиция деп білемін.