Жетісуда 237 млн теңге тұратын жер телімі мемлекетке қайтарылды

/
Жетісуда 237 млн теңге тұратын жер телімі мемлекетке қайтарылды
istockphoto.com

Жетісу облысының прокуратурасы пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл шаралар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алакөл ауданы прокуратурасы жүргізген талдау барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұзақ уақыт бойы игерілмегені және олардың нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды. Жекелеген жер пайдаланушылардың әрекеттері салдарынан құнды жер алқаптары жылдар бойы қоғам мен ауыл шаруашылығы саласына пайдасын тигізбеген. 

Прокурорлық қадағалау актілерін енгізу және қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы ауданы 1,3 мың гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлердің кадастрлық құны 237 млн теңгеден асады. 

Жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жер қатынастары саласындағы заңдылықты қалпына келтіруге және өңірдің ауыл шаруашылығы ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану және жер заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері Жетісу облысы прокуратурасының бақылауында. Аталған саладағы заң бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары облыстың барлық аудандарында жүйелі түрде жалғасатын болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары