Тіс жегі әдетте қара дақтармен және ауырсынумен байланыстырылады. Алайда оның жасырын түрі сырттай сау көрінетін тістің ішінде дамып, ұзақ уақыт белгі бермеуі мүмкін. Бұл жағдай ауруды дер кезінде анықтауды қиындатады, деп хабарлайды turkystan.kz avif.ru-ға сілтеме жасап.
Маман төрт негізгі белгіге назар аударуды ұсынады. Біріншісі – шайнау кезінде пайда болатын жайсыздық. Бұл тіс тіндерінің әлсірегенін және зақымдану тереңдегенін көрсетуі мүмкін.
Екінші белгі – қысқа мерзімді сезімталдық. Әсіресе ыстық, суық немесе тәтті тағамға реакция байқалса, бұл дентин қабатының зақымданғанын білдіреді.
Үшіншісі – қызыл иектің қабынуы. Егер кариес тіс түбіне жақын немесе қызыл иек астында дамыса, жұмсақ тіндер үнемі тітіркеніп, қабыну пайда болады.
Төртінші белгі – эмаль түсінің өзгеруі. Ақшыл дақтар бастапқы деминерализацияны білдірсе, қараюы тіс құрылымының бұзылғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, жағымсыз иіс, тағамның тіс арасында жиі тұрып қалуы немесе пломбаның түсіп қалуы да жасырын кариеске ишара етуі мүмкін.
Дәрігердің айтуынша, мұндай белгілердің кем дегенде бірі байқалса, тексеруден өткен дұрыс. Заманауи стоматологияда жасырын кариесті ерте анықтауға мүмкіндік беретін рентген, лазерлік диагностика және басқа да әдістер бар. Уақытында анықталған ауруды асқындырмай емдеуге болады.