«Командалық айтыс – жай сайыс емес, тұтас рухани құбылыс» – Еркебұлан Жаулыбаев

«Командалық айтыс – жай сайыс емес, тұтас рухани құбылыс» – Еркебұлан Жаулыбаев

Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан Республикалық командалық айтыс дәстүрлі өнердің барлық түрін тоғыстыра отырып, жас таланттарға жол ашатын маңызды мәдени алаңға айналып отыр. «AMANAT» партиясының қолдауымен өтетін сайыстар айтыс өнерінің ұлт руханиясындағы орны ерекше екенін тағы бір дәлелдеді. Дәстүр сабақтастығын сақтап қана қоймай, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ұлттық өнердің жаңа серпінмен дамуына жол ашқанын көпшілік жиі айтып жүр. Осы ретте Turkystan.kz тілшісі аталған маңызды жобаны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаевпен аз-кем сұхбаттасқан еді.

– Командалық айтыс биыл екінші жыл қатарынан өзгеше форматта ұйымдастырылып отыр. Демек былтыр шымылдығы түрілген бұл айрықша іс-шара өз көрерменін тапқан болып тұр ғой. Бұрын-соңды болмаған командалық формат былтыр көрерменге қандай әсер қалдырды?

Командалық айтысты біз тек өнер сайысы емес, ұлттық болмысты жаңғыртуға бағытталған іргелі мәдени бастама ретінде қарастырдық. Жобаның тұжырымдамасын «AMANAT» партиясы әзірлеп, ұйымдастыру құрылымын нақтылап шықты. Жоба көрермен үшін тосын форматтан гөрі, тұтас рухани құбылысқа айналды деген дұрыс шығар. Былтыр алғаш рет қолға алынғанда көпшілік оны қызығушылықпен қабылдады, ал алғашқы кезеңдер өткеннен кейін бұл жоба тұрақты көрермен аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Себебі мұнда тек суырыпсалма сөз сайысы емес, өңірдің тұтас мәдени келбеті сахнаға шығады. Көрермен бұрынғыдай екі ақынның ғана тартысын емес, бір аймақтың өнер қуатын толық сезінді. Әр команда өз өңірінің рухын, болмысын, мектебін алып келді. Соның нәтижесінде ұлттық өнердің кең панорамасы ретінде қабылданды. Ең маңыздысы – көрерменнің эмоциялық қабылдауы өзгерді. Осы тұрғыдан алғанда, командалық форматтағы өнер сайысы жаңа деңгейге көтеріліп, көпқабатты мәдени шараға айналды.

– Бес түрлі өнерді бір арнаға тоғыстырған командалық айтыстың бұлай өтуінің тиімділігі неде, сіздіңше? Неліктен бұл жобада өнердің бірнеше түрі қатар қамтылды?

Бұл жобаның басты жаңалығы – айтысты жеке жанр ретінде емес, дәстүрлі өнердің тұтас жүйесі ретінде қарастыруында. Айтыс, жыршылық, терме, дәстүрлі ән және күй – бұлар бір-бірінен бөлек емес, тарихи тұрғыдан өзара сабақтас өнерлер. Бір сахнада осы бес бағыттың тоғысуы бірнеше маңызды нәтиже берді. Біріншіден, көрерменнің талғамы кеңейді. Бұрын айтысқа келген адам тек ақындарды тыңдаса, енді күйші мен жыршыны да, термешіні де тыңдайды. Екіншіден, көмескі тартып бара жатқан кейбір жанрларға жаңа серпін берілді. Әсіресе жыршылық пен терме өнері кең аудиторияға қайта жол тапты.  Үшіншіден, айтыстың бірнеше жанры (қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы, түре айтыс, сүре айтыс, өтірік өлең айтыс) саххаға қайта оралып, күймен, жырмен, әнмен толықтырылды. Осылайша көркемдік әсері бірнеше есе күшейді. Нәтижесінде сахнада бір ғана номер емес, тұтас композициялық дүние ұсынылады.

– Шығыс Қазақстан облысы командасының капитаны Серік Құсанбаев бір сұхбатында «Бұрын біздегі айтыстар жиналып, 7-8 ақынды шақырып алып, қоя беретін. Бұл жолғы айтыстың жөні бөлек» деп командалық айтыстың ерекшелігіне таңғалысыпты. Расында бұрынғы айтыстармен салыстырғанда бұл жобаның артықшылығы қандай?

Дәстүрлі айтыстарда көбіне жеке ақындардың шеберлігі алға шығатын. Ал командалық айтыста жауапкершілік бір адамға емес, тұтас ұжымға жүктеледі. Үлкен айырмашылықтың бір осы. Бұрынғымен салыстырғанда, дайындық деңгейі күрт өсті. Әр команда қарсыласын зерттеп, тактика құрып келеді. Сол арқылы айтыстың интеллектуалдық деңгейін арттырды. Сонымен қатар, сахналық мәдениет күшейді. Команданың таныстырылымы, киім үлгісі, композициялық құрылымы  бәрі алдын ала ойластырылған. Осы жерде айта кеткен жөн деп ойлаймын. Әр облыс өз өнерпаздарының сахналық киімін арнайы дайындап береді. Тіпті кейбір аймақтардың сахнаға шығу формасы да өзгеше болды өткен жылы. Сахнаға бүркітпен, тазы иттермен шығып, көрерменге жақсы эмоция сыйлады. Яғни айтыс режиссура элементтерімен байытылды. Ал өнерпаздар ара бәсекелестік сапалық деңгейге өтті. Бұрын бір мықты ақын бүкіл айтыстың нәтижесін шешіп кетуі мүмкін еді. Қазір бүкіл команда бірдей мықты болуы шарт. Ал айтыстың өзі формалық жақтан байи түскенін жоғарыда айттық. Сол арқылы айтыс табиғи тамырына қайта оралып жатыр. Осы ерекшеліктердің барлығы жобаның мазмұндық тұрғыдан да жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді.

– Жобаның 1,5 жылға созылуы оның сапасына қалай әсер етті деп ойлайсыз?

Ұзақ уақытқа созылған жоба айтыстың мазмұны мен сапасына ерекше ықпал етті. Бір реттік додада байқала бермейтін көптеген факторлар осы кезең ішінде толық ашылды. Әр өңір өз әлеуетін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алды, дайындық деңгейі кездейсоқ емес, жүйелі сипатқа ие болды. Кезең-кезеңімен өткен сайыстар командалардың шеберлігін біртіндеп шыңдады. Алғашқы айналымдарда кеткен олқылықтар кейінгі кезеңдерде ескеріліп, финалға дейін нағыз сұрыпталған, тәжірибесі толысқан ұжымдар жетті. Соның нәтижесінде шешуші сында өнердің ең жоғары деңгейі көрінді. Бұл үдеріс көрерменге де әсер етті. Уақыт өте келе олар командаларды танып, әр өңірдің ерекшелігін ажырата бастады. Айтысқа деген қызығушылық эпизодтық емес, тұрақты сипат алды. Жанкүйерлік мәдениет қалыптасып, аймақаралық бәсеке жалпыұлттық деңгейдегі рухани құбылысқа айналды. Ұйымдастыру тұрғысынан да жоба біртіндеп жетілдірілді. Әр кезең жаңа тәжірибе беріп, формат нақтыланып, әділқазылық жүйе, қатысушылардың дайындығы секілді маңызды тетіктер біріздендірілді. Жоба бір сәттік әсерге емес, орнықты нәтижеге жұмыс істейтін жүйелі мәдени бастама деңгейіне көтерілді.

– Бұл формат жастарды айтысқа көбірек тарта ала ма?

Командалық айтыстың стратегиялық тұрғыдағы ең маңызды нәтижелерінің бірі – жастардың бұл өнерге жүйелі түрде тартылуы. Жоба аясында жас буын өкілдері, нақтырақ айтсақ, мектеп оқушылары көрермен ретінде емес, тікелей қатысушы ретінде көрінді. Әсіресе командаларды таныстырған балалардың сахнаға еркін шығып, өз өнерін сенімді көрсетуі көпшіліктің ықыласын аударып, олардың үлкен өнерге батыл қадам жасауына жол ашты. Сонымен қатар, жастардың айтысқа деген көзқарасын да өзгертті. Бұрын жеке дара сынға түсетін орта кейбір жас таланттарға ауырлау тисе, енді олар ұжым құрамында шыңдалып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Ортақ мақсатқа жұмыс істеу, бір-бірінен үйрену – олардың шығармашылық өсуіне жаңа серпін берді. Сондай-ақ, жобаның көпжанрлы құрылымы әртүрлі өнерге бейімі бар жастарды бір алаңға тоғыстырды. Бірі – сөз өнеріне, бірі – күйге, енді бірі – жыр мен термеге жақын болса да, барлығы бір мақсатқа жұмылып, ұлттық өнердің ортақ кеңістігінде қалыптасты. Осы арқылы өнердің ішкі байланысын сезінетін жаңа буынның қалыптасуына ықпал етті. Өнер сайысында бәсекенің сипаты да өзгерді. Осы тұрғыдан алғанда, командалық айтыс бүгінгі күннің ғана жобасы емес. Ертеңгі айтыс мектебін қалыптастыратын, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыратын ұзақмерзімді мәдени үрдістің тәй-тәй басуы дер едім.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар