Қай елде тұрсаң, сол елдің мемлекеттік тілін меңгеруге міндеттісің – Кирилл Каранов

/
Қай елде тұрсаң, сол елдің мемлекеттік тілін меңгеруге міндеттісің – Кирилл Каранов
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Осыдан бірнеше жыл бұрын ел өңірлерінде «Сөйле» қазақ тілінде сөйлесу клубы ашылған болатын. «AMANAT» партиясының бұл жобасы бүгінде қаншама адамның мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндік беріп отыр. Жобаның игілігін көріп, қазақ тілін меңгеріп жүрген жастың бірі – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Кирилл Каранов. Ол қазақ тілін меңгеруді алты ай бұрын бастаған.

«Қазір жасым 21-де. Өскемен қаласында тұрамын. Осында орта мектепті бітірген соң колледжге заңгер мамандығына түсіп, онда екі жыл оқығаннан кейін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне ауыстым. Қазір осында 2-курста оқып жатырмын. Мектепте қазақ тілі аптасына екі-үш рет өтетін. Алайда маған қазақ тілін үйрену қиын болды. Спортпен айналысқандықтан уақытым болмады. Бірақ қай елде тұрсаң сол елдің мемлекеттік тіліне меңгеруге міндеттісің деп ойлаймын. Оның үстіне болашақ заңгер болғандықтан мемлекеттік тілді білу – мен үшін өте маңызды. Алты ай бұрын интернеттен «Сөйле» клубы жайлы ақпаратты көзім шалды. Сөйтіп клубқа бара бастадым. Клубқа негізінен жұмыс істейтін адамдар барады. Өзіміздің чатымыз, кураторымыз бар. Бос уақытымызда, кейде жұмыстан кейін, кейде сенбі күндері кездесіп тұрамыз. Грамматиканы да үйренеміз, сөйлеп те үйренеміз. Кураторымыз тапсырма береді, оны үйде орындап, дайындаламыз. Кино, музейлерге барамыз. Ол жерде бізге қазақ тілінде ақпарат береді. Қазір мен қазақ тілінде өзім туралы айта алатын, қазақша сөйлеп тұрған адамдарды түсінетін деңгейге жеттім», – дейді ол.

Кириллдің мақсаты – оқуын аяқтағанша қазақ тілін үйреніп алу. Осы жолда клуб оған көп көмектесіп жатқанын айтады.

«Университет бітіргенше қазақ тілін меңгеріп алғым келеді. Сондықтан оқу бітіргенше курстарға, клубқа бара беремін. Қосымша кітапханадан кітап алып оқимын. Қазақтілді таныстарым көп. Солармен көбірек уақыт өткізіп, сөйлесуге тырысамын. Бұл клубтың ең үлкен артықшылығы – тегін. Мектепте репетиторларға бардым. Оған көп қаражат төлейтінбіз. Бірақ ешкіммен сөйлеспей, тек тапсырманы орындап, репетитормен жұмыс істеп қайтып кететінбіз. Яғни онда практика аз. Ал «Сөйле» клубында қатысушылар бір-біріне бағыт-бағдар беріп отырады, тіл меңгеруге көмектеседі, қатеңді түзетеді, бір-бірімізбен көп сөйлесеміз. Бұл репетиторға барғаннан әлдеқайда тиімді. Себебі әр адамның репетиторға баратын мүмкіндігі жоқ», – дейді ол.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары