Аумалы-төкпелі 1950 жылдары мыңдаған қазақ атажұртынан ажырап, қыр асып, Түркияға барып тұрақтаған. Тарихи себеппен көшкен сол қандастарымызды Түркия үкіметі жылы қарсы алып, басына баспана, алдына мал салып, жер бөліп берген. Кейін сол қандастарымыз Қазақстан мен Түркия арасын жалғаған көпірге айналды. Бүгін де сол қандастардың төртінші-бесінші буыны Түркияның әкімдіктерінде, ұлттық компанияларында, өндірістің әр саласында еңбек етіп жүр. Turkystan.kz сайтының тілшісі «Қазақкент Алтай» қоғамының (KazakDer) негізін қалаушылардың бірі Жанымхан Жаналтаймен аз-кем сөйлескен болатын.
«Аднан Мендерес премьер-министр болып тұрған 1950 жылдары Түркия көшіп келген қазақтарды ресми түрде қабылдаған. Арнайы қаулы шығарған. Қабылдап қана қоймай, азаматтық берген, жер берген. Оған дейін ешкімге олай азаматтық пен жер берілмеген екен. Сол қаулы қабылданғаннан кейін қазақтар бес қалаға орналастырылған: Ниде, Маниса, Қайсері, Конья, Ыстамбұл. Кейін қазақтар бір-бірін іздеп, Ыстамбұлға жиналады. Басқа қалаларда қазақтар көп емес. Конья мен Қайсеріде ешкім қалған жоқ деуге болады. Нидеде жүздей отбасы бар. Манисада екі жүз елудей отбасы бар. Қалғанының бәрі Ыстамбұлда. Әуелде көшіп келген қазақтар Ыстамбұлдағы Зейтүнбұрны деген аудандағы жатақханаларға тегін орналастырылған. Қазақтар бір-бірімізден алыстап кетпейік, бір-бірімізге сүйеу болып тұрайық деп жер іздейді. Сөйтіп 1972 жылы Ыстамбұлдағы Гүнешлі деген ауданнан үлкен жер сатып алған. Ыстамбұлда 20 жыл тұрып, жұмыс істеп, бала-шағасын асыраған қазақтар болашақ ұрпағымыз шашырап кетпесін деп, сол Гүнешліге топтасып, қоныстанған. Сол аудан ресми түрде Қазақкент аталған», – дейді ол.

Осылайша тарихи себептермен түрік еліне қоныс аударған қазақтар 40 жыл, Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылға дейін сол жерде орнығып, өсіп-өнген. Еліміз егемендік алғаннан кейін Түркиядағы қазақ диаспорасының да өмірінде өзгерістер басталған көрінеді.
«Түрік елі мұндағы қазақтарға Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін көп көмегін берді. Ешқашан қысым жасамаған. Керісінше қолдап, бауырластықты сезіндірген. Қазақ мәдениетін болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік жасаған. Қазақтар ұйымдастырған бірде-бір шараға тыйым салмаған. Қажет жерін, қаражатын да берген. Бүгінге дейін біздің қазақ болып қалуымызға көп септігін тигізген. Қазақстан тәуелсіздік алғанда кезінде алғаш болып Түркияға көшіп келген ақсақалдарымыз біздің басымызды елге қарай бұрды. Түркиядағы қазақтардың тарихи Отанына оралуын ойлады. Соған орай талай іс-шара ұйымдастырылды. Қазақстан тәуелсіздігін алғанда оны бірінші болып мойындаған да – түрік елі. Сол кездері түрік кәсіпкерлері, түрік үкіметі, түрік академиктері Қазақстанға барынша көмек көрсетті. Қазақстан мен Түркия бүгінде ерекше тату, жақын бауырлас мемлекетке айналса, оған осындағы қазақ диаспорасының қосқан үлесі көп. Мұндағы қазақ диаспорасы екі ел арасындағы көпір рөлін атқарды. Бүгінде түркі мемлекеттерінің арасында ең жақын достық, саяси, сауда-саттық байланысы дәл осы Түркия мен Қазақстан арасында орнап отыр. Осыған себепкер болған қазақ диаспорасы десем болады. Қазір мұндағы қазақ азаматтары Түркияның түрлі деңгейдегі әкімдіктерінде, ұлттық компанияларында түрлі қызмет атқарып жүр. Бұл – түрік елінің қазақтарға көрсеткен сенімі мен жақындығы», – дейді ол.
