Елімізде соңғы жылдары көңіл бөлініп, жақсы дамып келе жатқан саланың бірі – балық шаруашылығы. Осы саланың күй-жайымен танысу үшін Turkystan.kz сайтының тілшісі балық маманы Сәуле Асылбековамен аз-кем сұхбаттасқан болатын. Сәуле Жәңгірқызы Балқаш қаласында дүниеге келген. Астрахань балық шаруашылығы техникалық институтын «Ихтиолог-балықшы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Саналы ғұмырын балық өнеркәсібіне арнаған маман қарапайым балықшыдан бастап, түрлі қызметтер атқарып, ғылыми зерттеулер жүргізіп, 400-ден астам ғылыми жұмыс жазған. 70-тен астам патенттің авторы. Биология ғылымдарының докторы. «Құрмет» орденімен марапатталған балықшы.
«Іргелі зерттеу, өндіріс пен нақты нәтижені қамтитындықтан осы саланы таңдадым. Көптеген әріптестерімнің, ғалымдардың жанкештілігі, үлгі-өнегесі маған мотивация береді. Мұнда уылдырықтан бастап өндіріске дейінгі толық циклды көруге болады. Мұнда тек ғылыммен айналыспайсың, елдің дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігіне нақты үлес қосасың. Тірі ағзалармен жұмыс істеу – әрдайым көңіл бөлуді және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Балық шаруашылығындағы маманға детальдарға мұқият болу, сабыр мен тәртіп, өзгерістерді (оттегі, температура, ауру) бақылай білу және қолмен жұмыс істей алу маңызды. Бұл жолда ең қиыны – режим, физикалық жүктеме, даладағы жұмыс. Кейде жұмыс кестесі ережеге бағынбайды. Сондықтан қыз балаға қиындау. Бірақ қызығушылық болса кез-келген кедергіні еңсеруге болады. Қазір бұл салада жұмыс істеп жатқан қыз-келіншектер көп. Практикалық жұмыстан қашпасаң процесті толықтай түсінесің. Сондай-ақ заманауи технологияларды (автоматтандыру, биофильтрация) меңгеру және жауапкершілікке дайын болу қажет. Себебі бұл салада қателік жіберу – қымбатқа түседі», – дейді ол.
Сондай қателіктің бірі тіпті өз өміріне қауіп төндіре жаздапты.
«Ең қауіпті әрі ең есте қалған оқиғаның бірі Балқаш көлінде болды. 2006 жылы балық учаскелеріне паспортизация жасап жатқанда жел көтерілді. Кемеде табиғатты пайдаланушылармен жүргізген жұмыстарымыздың актісін толтыру мүмкін болмады. Мен бәрімізге қайыққа отырып, жағаға жетуді ұсындым. Сол кезде кемеден қайыққа секірдім. Бірақ кеме мен қайықтың ортасында қалып қойдым. Қатты желден қайық су үстінде шайқалып тұрды. Омыртқамды, денсаулығымды зақымдап алмай, қалай аман қалғаныма әлі күнге таңғаламын», – дейді ол.
Білікті маманның айтуынша, Қазақстанда барлық балық түрін өсіруге мүмкіндік бар. Дегенмен, ең қиыны – көксерке мен бекіре тұқымдас балықтар екен.
«Біздің елде тұқы, дөңмаңдай, ақ амур сияқты классикалық балықтар тоған технологиясымен өсіруге ыңғайлы. Алабалық – қарқынды өсіру тәсілдеріне қолайлы, салқын суларда өсе береді. Бекіре тұқымдастар – батыс өңірлер үшін тиімді. Ақсерке – шетелге шығару үшін керек. Дегенмен көксерке мен бекірені өсіру өте қиын. Бекіре тұқымдастардың өндірістік циклы өте ұзақ. Әсіресе уылдырық алу үшін көп уақыт, ресурс қажет. Су сапасынан бастап оларға берілетін азыққа мән беру керек. Бірақ олар қоршаған ортаның өзгерістеріне де, технология қателіктеріне де төзімді. Көксерке ерте даму кезеңінде көп қиындық тудыратын балық түрі. Себебі оларға тірі қорек керек, жасанды қорекке үйренуі қиын. Берілген азықтың өлшемі мен құндылығы да маңызды. Су сапасына сезімтал, өзгерістерге де төзімді емес, каннибализмге бейім. Технологияның кішкентай қателігінен қырылып қалуы да оңай. Барлық режимдерді дәл сақтауды талап етеді. Сондықтан бұл балықтарды өсіру үшін тәжірибелі мамандар қажет», – дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір Қазақстанда балық шаруашылығы қарқынды дамып жатыр. Мемлекеттік қолдау, бизнес тарапынан қызығушылық, осы салаға арналған бағдарламалар бар. Бірақ технология, қайта өңдеу жағы кенжелеп жатқаны да рас.
«Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуға потенциалы бар. Ресурс жеткілікті, таза су да, су аумақтары да бар. Бірақ бәсекелестік үшін халықаралық стандарттарды енгізу, экспорт логистикасын дамыту, өнімнің сапасын, өндіріс көлемін арттыру маңызды. Еліміздегі балық шаруашылығында қазір білікті мамандар тапшылығы, сапалы жемнің жетіспеушілігі, кең масштабты өндіріске материалдың аздығы, қайта өңдеу саласының кенжелеуі, заманауи технологиялардың баяу енгізілуі сияқты проблемалар бар. Заманауи технологиялардың балық шаруашылығын дамытуға ықпалы зор. Рециркуляциялық жүйе, автоматты қоректендіру, оттегіні бақылау процестері жүйеленсе өндірісті кеңейтуге, тәуекелді азайтуға, суды үнемдей отырып, балықты жыл бойы өндіруге мүмкіндік береді. Климаттың өзгеруі балық ресурстарына айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе суда оттегі азайып, балықтардың онтогенезінің уақыты өзгереді. Мұндай жағдайда табиғи өсім азайып, ауру көбейіп, төзімді балық түрлері ғана қалады. Сондықтан технологияларды климатқа бейімдеу, балықтың төзімді түрлерін таңдау да маңызды. Қазақстанда балықтардың әралуандығын сақтау үшін су экожүйелерін кешенді түрде басқару керек. Салалық жүктемені бақылау, браконьерлермен күресу, балықтың бағалы әрі сирек түрлерін өндіру, су сапасын арттыру, ластанудың алдын алу, ғылыми мониторинг енгізу, табиғатты тиімді пайдалану қажет. Жақын 10-20 жылда балық шаруашылығы қарқынды дамып, жаңа технологиялар алға шығады деп ойлаймы. Автоматтандыру, су параметрлерін, қоректендіру, балық өсімін цирлық бақылау қарқынды дамып, тәуекел азайып, тиімділігі артады. Нәтижесінде балық өндірісі мен экспорт потенциалы артып, салаға технология дендеп еніп, бақылау жеңілдейді деп ойлаймын», – дейді ол.