Әлішер Науидың қолжазбасы Қазақстанға қалай келді?

/
Әлішер Науидың қолжазбасы Қазақстанға қалай келді?

Ақын, философ, ғалым, тарихшы, сыншы. Пенде баласы аз ғұмырында осының бәрін зерттеп, тарихқа атын қалдыруы мүмкін бе? Әлішер Науаи десе, ғұлама деген сөз қатар еске оралады. Өйткені ол ақын ғана емес, зердесі көп ілімді көркем оймен өрнектеген нағыз оқымысты еді. Түркі дүниесінің ортақ тұлғасының бірегей қолжазбасы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Сирек қорында сақталғанын оқырманға жетткізгіміз келеді. Біз бүгін сол қолжазбалар туралы айтпақпыз.

XV ғасырдың туыныдылар мен ең­бек­терін ХХІ ғасырдың адамы қалай қабыл­дайды?! 
Ғарайб ал-сиғар, Навадир алшабаб, Ба­даид ал-васат, Фавайд ал-кибар, пар­сыша Диуаны, Хайрат әл-әбрар, Фархад Ширин, Ләйлі-Мәжнүн, Садди Искандар, Саб’асайар, Мәжалисун-нафаис, Насайи­мул-мухабба, Рисала-йи муамма, Ми­за­нул-аузан, Мухакаматул-луғатайн, Муна­жат, Чихил хадис, Назмулжавахир, Ли­санут-тайр, Махбуб әл-кулуб, Сиражул-муслимин, Тарих-и анбийа ва хукама, Тарих-и мулуки ажәм, Зубдатут-тауарих, Ха­лати Саййид Хасан Ардашир, Хам­са­тул мутахайирин, Халат-и пахлаван Му­хаммед, Вақфие, Муншаат. Бұл сөз­дер­ді оқығанда көне сөздер жиынтығы ғой деп ойларсыз. Мүмкін бір-екілі сөзді шы­ра­мытарсыз. Бұл атаулар Түркияда жа­рық көрген Әлішер Науаи ақынның жиыр­ма тоғыз еңбегінің атауы екенін біл­меуіңіз мүмкін. 
Низамуддин Мир Әлішер Науаи (1441-1501) тұтас түрік халықтарына ор­тақ теңдесі жоқ ақын деп танимыз. Бар ғұмырын әдебиетке, ғылым мен өнер­ге арнаған және ғылым мен өнер са­ласының өкілдеріне қолдау көрсетумен танымал болған ерен тұлға. Артына мол шығармашылық мұра қалдырған және шығармалары оқырмандар тарапынан үлкен қолдауға ие болған. Деректерге сүйенсек, оның отыздан астам, дерліктей шығармалары бүгінгі күнге жеткен. Ең-бектері «түркі» тілінде жазылғандығы­мен де бағалы. Ақын түркітілдес тармақ­тардың ішінде өзінің шыққан тегі қай ұлт екенін айтпаған. Бірақ түрік тілі мен әдебиетінің үлкен жанашыры екенін әр­бір еңбегінде көрсетіп отырған. Қала бер­ді, түрік тілінің парсы тілімен бәсе­ке­лесе алатынын, тіпті парсы тілімен са­лыс­тырғанда оқ бойы озық тұратынын айтады. 
Әлішер Науаидың өмірі туралы мә­лі­меттер бірқатар түрік және парсы тіл­деріндегі дереккөздерде сақталған және өз заманының озық ойлы ақыны, ойшы­лы, білімді адамы ғана емес, мемлекет қайраткері болғаны жазылған. 
Ортағасырлық бірқатар танымал ав­торлар Әлішер Науаи туралы еңбек­те­рін­де – ерекше талант иесі, өнер адам­дары­ның жанашыры болғанын жазған. Әлішер-бек деп атаған Бабыр (1483-1530) «Бабыр-нама» мемуарлық шығар­ма­сында Науаидың мінезі туралы: «Ол өте сезімтал, өзі туралы қалжыңды ұнат­пай­тын адам еді» деп жазады. 
Сондай-ақ шығармашылығы мен қыз­меті туралы көптеген мәліметті Ба­быр­дан тыс бірнеше тарихи тұлғалардың ең­бектерінен кезіктіруге болады. Мә­се­лен, Мұхаммед Хайдар Дулати Науаидан кейін ешкім түрік тілінде оның деңгейін­де көлемді шығарма жазбағанын, музыка, та­рих, аруз, құсбегілік және т.б. өнер сала­ларының бәріне ұшқыр болғанын айтады.  
Науаидың шәкірті, Хондемир есімі­мен танылған Ғийас ад-дин ибн Хумам ад-дин ибн Хв анд Әмір (1475-1535) ақын туралы екі бірдей еңбегінде жан-жақ­ты тоқталып, Науаидың дипломатия­лық қабілетіне, шешендігіне таңданып, бірнеше бәйіт арнағаны туралы мәлімет бар. 
Ақын қолжазбаларының ең үлкен бөлігі Ташкенттегі қолжазбалар қорында қаттаулы. Өзбекстан Республикасы Ғы­лым Академиясы Шығыстану инсти­ту­тының коллекциясында сақталған қол­жаз­баларының каталогын 1970 жылы К.Муниров және А.Насиров құрастырған. Бұдан басқа М.Хакимов «Әлішер Науаи қолжазбаларының сипаттамасы» деген атпен Өзбекстан Ғылым академиясының Х.Сулаймонов атындағы Қолжазбалар институтында сақталған Әлішер Науаи қолжазбаларының каталогын жарыққа шығарған. М.Хакимов бұл каталогта Әлішер Науаидың 175 том қолжазбасы бүгінге жеткенін және әрбір қолжаз­ба­ның бірнеше нұсқасы бар болғандықтан, 24 шығармасының 254 нұсқасы осы каталогқа ғылыми сипатымен енгенін атап көрсетеді. Соның ішіндегі ең көп нұсқада сақталғаны – «Бадаи’ ал-бидайа» (البدایھ بدایع) атымен танылған, өз қо­лымен құрастырған диуанына (өлең­дер жинағы) жазылған кіріспенің 31 нұс­қасы, «Махбуб әл-қулуб» шығарма­сы­ның 19 нұсқасы, «Хазойнул маоний» аты­мен аталатын диуанының 110 нұсқа­сы, ал бес поэмадан тұратын «Хамса» шығар­масының 47 нұсқасы бар. Бұдан басқа, Әлішер Науаидың 24 шығармасы­ның кейбірі ең аз дегенде бір нұсқадан, көбі екі-үш нұсқадан осы күнге жетіп отыр. Ташкент қаласынан басқа, Самар­қанд, Бұхара, Қоқанд қалаларында және Душанбе, Санкт-Петербург, Мәскеу, Париж, Лондон, Баку, Тбилиси, Ереван, Ашхабад, Қазан, Оксфорд, Кембридж, Дублин, Берлин, Мюнхен, Вена, Рим, Уп­сала, Нью-Йорк, Филадельфия, Ыстамбұл, Тегран, Кабул, Хайдарабад, Каир және басқа қалалардың қолжазба қорларында сақталғаны М.Хакимовтың каталогының кіріспесінде айтылған. Бұдан басқа зерт­теу жұмыстарында да ақынның мұра­лары сақталған қорлар атап көрсетілген. Бірақ бұл тізімде, басқа тізімдерде де Алматы мен Астана қаласында сақталған Әлішер Науаидың қолжазбалары туралы сөз қозғалмаған. Әлемнің осынша қала­сын шарлаған қолжазбалардың біздің ар­хивтерде де болуы – баға жетпес бай­лық десек болады.
Қазақстан жеріндегі Әлішер Науаи­дың қолжазбалары қалай сақталды, кі­тапханаларда қанша қолжазбасы бар жә­не ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Ұлт­­тық академиялық кітапханасына жә­­не Орталық ғылыми кітапхана қоры­на қашан келіп түсті? Бұл туралы мә­лі­мет­­тер ешбір жерде кездеспейді. 
Әлішер Науаидың ҚР Ұлттық акаде­мия­лық кітапханасы Сирек қорындағы қол­жазбаларының ішіндегі ең қомақ­тысы  – «Хазā’и ал-ма‘āни» – «Даналық ойлар қа­зы­насы» деп аталады. Қолжазба Гри­гориан күнтізбесі бойынша 1831 жыл­­дың тамызына сәйкес келетін хиж­ра­­ның 1247 жылғы Раби ' әл-Әввал айында аяқталған. 
Мәтіні – шағатай (түрк) тілінде, нас­та‘лик-шикасте үлгісінде екі бағанда жазылған. Жазу стилі және жолдар саны (әр бетте 20-21 жол бар) талапқа сай бір кал­лиграфтың қолынан шыққан. 
Мәтіннің басы: (л. 3б): سم الله الرحمن الرحيم    فصاحت ديواني نينك غزل سراي لاري طبع مخزنيدين شوريده حال عاشقلار خسرين جانبيغه اوت..
Мәтіннің соңы: (л. 494б):  كر قايده فلك حابه كبود روز ديكرش نو ما خواهد بود.  تمت الكتاب بعون الملك الوهاب  . آمين يا رب العالمين تمت تمام . 
Жазып алған я көшірген – Муким-джан бин Уста Баба-джан Самарканди. Бұл қолжазбада нақты көрсетілген. Бірақ оның кім екені туралы нақты мәлімет жоқ. Мұқабасы өз дәуіріне тиесілі ор­таазия­лық мәнермен қапталған. Тығыз кар­тоннан жасалған, жиектері қызыл түсті былғарымен желімделген. Бастапқы мұқабасына қара-қоңыр түсті лакталған қағаз жапсырылғаны аңдалады, түрлі дақтары бар («мәрмәр астында»), ішкі жақ­тары абраға боялған қағазбен желім­делген. Турунудж және сар турундж бе­дерлі өрнектермен толтырылған. Ал қа­ға­зы – ортаазиялық, қолөнер өндірісі­нің үлгісі. Тығыздығы орташа, жылтырақ, ақшыл, вержерлері жарықта айқын көрінеді, филигрансыз және потюзосыз. Қолжазбаның форматы – 52 х 29 см. Блок­тың қалыңдығы – 6 см.
Қолжазба иесінің мынандай меншік­тік жазбасы бар: «Ушбу китаб бизим мул­кимимз, милад-е Масих иле 1918 сане­де дахил улду. Мухаммад Халил бин Мул­ла Мухаммад Фатих Кармишев ал-Са­мари Илмини сумма ал-Кулжауи» – «Бұл кітап – 1918 жылы Мәсіхтің (Иса) ту­ған шақта алынған біздің меншігіміз. [Иесі] Мұхаммед Халил Мулла Мұхаммед Фатих Кармишев Самарчанның ұлы, Ильминелік, кейінірек Құлжа». 
Кітаптың басында және соңында кі­тап­тың бұрынғы иесі болған Кітап мұ­ра­жайы мөрі мен ҚР Ұлттық акаде­мия­лық кітапханасының мөрлері басыл­ған.  Қолжазбада кеңінен танымал ақын, мемлекет қайраткері және XV ғасыр ой­­­­шылы Әлішер Науаидың өлеңдері жи­нақталған. Бұл кітапқа оның төрт Диуаны жазылған. Кітап мукад­димамен ашылады (кіріспе п. 3 б-10 б), 1498 жылы ақынның өзі құрастырған. Кіріс­педе автордың өзінің екі асыл қолдаушысы (меценаты) туралы жазған. 
Олар – Дервиш-Мұхаммед сұлтан, за­манында Гераттың хакімі болған, ал екін­шісі досы, Самарқандтың мем­ле­кеттік билігін уысында ұстаған тимурид билеушісі Хорасан Абулгази Хусайн Байкар. Әрі қарай қолжазбада төрт диуан қамтылған, олардың әрқайсысы ақын өмірінің белгілі бір кезеңіне сәйкес келеді: «Гарā’иб ас-сигар» («Балалық шақ туралы естеліктер»), «Науāдир аш-Шабāб» («Жастық пен романтика»), «Бадаӣ‘ал-васат» («Жетілу мен тәжірибе»), «Фауā’ид ал-кибāр» («Кәрілік даналығы»). Диуандардан басқа, әр бөлімде мұхаммас, мұсаддас, местезада, қыт, рубай сияқты басқа жанрдағы өлеңдер, сондай-ақ түркі халық шығармашылығының элементтері – туюг те (туюг, классикалық түркі-тіл әдебиетіндегі лирикалық жанр түрі) бар.
Қолжазбадағы диуандар реті келе­сі­дей: «Науāдир аш-Шабāб» (п. 11б-140б), «Гарā’иб ас-сигар» (п.141б-272б), «Фауā’ид ал-кибāр» (п.173б-364б), «Бадаӣ‘ ал-ва­сат» (п.365б–505б).  Библиографиялық маңыздылығы – раритет және орта­ға­сыр­лық түркі әдебиетінің жазба мұрасы. 
Бұл Әлішер Науаи еңбектерінің түп­нұс­қа мәтінімен тікелей жұмыс істейтін зерттеушілер үшін құнды қолжазба. Бұл еңбек шағатай тілінде жазылған тарихи, әдеби және т.б. тақырыптардағы жазбаша бірегей мұра. 
Жалпы алғанда, Әлішер Науаи шығармаларында парсы сөздерінің жиі кездесуі XV-XVI ғасырлар үшін қалыпты жағдай. Ақын өмір сүрген кезде парсы сөздерін араластырып сөйлеу және парсыша жазу қалыпты жайт еді. 
Бірақ Әлішер Науаидың ерекшелі-
гі – парсы тілі мен әдебиетінің жетегінде кетпей, түрік тілінде жырлағанында. Парсы тілі мен түрік тілінің терезесі тең екенін өз шығармалары арқылы дәлелде­генін айрықша атап өтуге тиіспіз. Дегенмен бұл қолжазбаларға қызғушы­лық танытып, зерттегісі келетін ғалым­дар болса, парсы тілін білуі керек. Парсы тілінсіз құнды еңбектің сыры толық ашыл­майды.
Сондықтан ақын шығармаларын пар­сы тілі мамандары мен ирантану­шылардың түрколог мамандармен бірге зерттеуі қажет. 
Ұлы ойшылдың бұл еңбегі Қазақстан­ға қалай келді, Сирек қолжазбалар қоры­на кім ттапсырды? Бұл сұрақтар кеңірек зерт­теуді қажет етеді.
 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,
ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың ғылыми қызметкері

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары