Жол қателікті кешірмейді...

/
Жол қателікті кешірмейді...
сурет: istockphoto.com

Биыл Ақтөбе облысында жол апатынан 41 адам қаза тауып, 1 201 адам түрлі жарақат алған. Бұл өңірде жол қауіпсіздігі мәселесінің өте өзекті екенін көрсетеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – полицияның ғана емес, жол қозғалысына қатысушы  тараптардың бәріне ортақ міндет. Осыны көлік жүргізушілердің есіне тағы бір рет салу үшін Ақтөбе облысында 29 маусым күні ішкі істер саласының ардагерлері жолға шығып, профилактикалық іс-шара өткізді. 

Полиция қызметкерлерімен бірге жол­ға шығып, көлік жүргізушілеріне қауіпсіздік тура­лы айтқан 30 ардагердің бәрі  әр жыл­дары ішкі істер саласында қызмет еткен. Қа­зір зейнет демалысына болса да жол қауіп­сіздігі мәселесіне немқұрайлы қарай ал­майтын олар профилактика кезінде әсі­ре­се, тәжірибесі аз жас жүргізушілерге ерек­­ше мән берді.
– Көлік жүргізу тұрғысынан тәжірбиесі аз жас жүргізушілер жол апатына жиі ұшы­рай­тынын ресми деректен көріп отырмыз. Өз­гелердің өміріне қауіп төндіріп, жол-кө­лік оқиғаларына себепкер болатын да со­лар. Сондықтан жастарға ағалық ақылы­мыз­ды айтып, тілеулестігімізді білдірдік, – дейді ішкі істер саласының ардагері Нұрбай Төлеу. 
Жол қозғалысы ережелерін сақтау, жол­да өзара сыйластықтың болуы, мас күйінде кө­лік­ке отырмау, қауіпсіздік белгісін үнемі та­ғу – сырт көзге тым қарапайым көрінгені­мен, жол бойында адам өмірі мен денсаулы­ғын сақтаудың негізгі қағидалары. Поли­ция ардагерлері профилактика кезінде осы ережелерді көлік жүргізушілерінің есіне са­лып, қауіпсіздік ережелерін көпке ұғы­нық­ты тілде, достық пейілмен түсіндірді.
Қазақ қоғамында ақсақалдардың сөзі әрдайым өтімді болған. Себебі өмірлік тә­жірибесі мол, елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұр­пын білетін олардың кеңесі жастарға бағ­дар беріп, қоғамдағы бірлік пен тәртіп­тің сақталуына ықпал етеді. Әсіресе, жол қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселеде «ай­налайын» деп басталатын әңгіме ескер­туден гөрі жанашырлық сипат алатыны аян. Сол себепті ардагерлер қатысқан про­фи­лактикалық іс-шара жүргізушілер тара­пынан да қолдау тапты. 
– Көшеде жол инспекторының көлік тоқтатуы ешкімге де таңсық емес. Ал әкең­дей адамның «Айналайын, абайла! Үйде ба­ла-шағаң күтіп отыр» деп айтуы кәдімгі­дей ой салады екен. Былай қарасаңыз, ақ­са­қалдардың айтып тұрғаны бәріміз біле­тін қарапайым ереже. Бірақ үлкенге құрмет көрсету деген нәрсе санамызға әбден сіңіп қал­ған ғой. Сондықтан да бұл көпшілікке өтім­ді іс-шара болды, – дейді жас жүргізуші Дәурен Нұғыманов. 
Ақтөбе облыстық полиция департамен­ті­нің ардагерлер кеңесіне жалпы саны 3 040 зейнеткер мүше. Олардың арасында тә­лім­гер ретінде учаскелік пункттерге бекі­тілген, отбасындағы жанжал кезінде жұ­бай­ларды бітімге шақырым, арағайындық жасайтын белсенді ардагерлер аз емес. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ырғызбай Кенжеханов зейнет демалысындағы әріп­тестерінің жол қауіпсіздігі мәселесіне де немқұрайлы қарай алмайтынын айтады. 
Ақтөбе облыстық полиция департамен­ті­нің мәліметінше, биылдыққа облыс жол­дарында 853 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 41 адам қаза тапқан. Жол апатына ұшыра­ған 1 201 адам түрлі дәрежедегі дене жара­қа­тын алған. Олардың арасында мүгедек бо­лып қалғаны да аз емес. 

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары