Алматыда сирек жер металдарын зерттейтін Қазақстан-Корея орталығы құрылады

/
Алматыда сирек жер металдарын зерттейтін Қазақстан-Корея орталығы құрылады
Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сәтбаев университеті Кореяның өнеркәсіптік технологиялар институтымен (KITECH) және Кореяның сирек металдар ұлттық институтымен (KORAM) бірлесіп, Металлургия және кен байыту институтының базасында Қазақстан-Корея сирек және өте сирек кездесетін жер металдары орталығын құрады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында Сәтбаев университеті, KITECH және KORAM өкілдері жобаны жүзеге асырудың келесі кезеңдерін, Орталықты заманауи ғылыми жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарын талқылады.

Кореялық серіктестердің айтуынша, жаңа Орталық сирек металдар саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын және қазақстандық ғалымдардың озық зертханалық жабдықтарды пайдалануына мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаңға айналады. Сонымен қатар бұл ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтіп, жаңа технологиялық әзірлемелерді жүзеге асыруға жол ашады.

Сәтбаев университетінің ректоры, профессор Мейрам Бегентаевтың айтуынша, Қазақстан мен Корея Республикасының ғылыми әлеуетін біріктіру стратегиялық маңызы бар минералдық шикізатты терең өңдеудің озық технологияларын енгізуге, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық деңгейдегі білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.

Жоба Қазақстанның минералдық шикізатты жоғары технологиялық қайта өңдеуді дамыту жөніндегі стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келеді. Қазіргі уақытта еліміз әлемдік аса маңызды шикізат ресурстарының тізіміне енгізілген 34 минералдың 21 түрі бойынша жеткізуші елдердің қатарына кіреді.

Алдағы уақытта Қазақстан-Корея сирек және өте сирек кездесетін жер металдары орталығы еліміздегі толық циклді алғашқы мамандандырылған ғылыми-технологиялық алаңдардың біріне айналады. Мұнда жоғары және аса жоғары тазалықтағы сирек және сирек жер металдарын алуға арналған экологиялық қауіпсіз технологиялар әзірленеді, сынақтан өткізіліп, өндіріске енгізіледі.

Сонымен қатар Орталық базасында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіліп, минералдық және техногендік шикізатты кешенді қайта өңдеудің жаңа технологиялары тәжірибелік-өнеркәсіптік деңгейде сынақтан өткізілетін болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары