Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» концепциясынан бастау алған ілім мен парасат жолы бүгінде жаңа мазмұнға ие болды. Ғылым қызметкерлері күні – ұлттық интеллектуалды элитамыз үшін тарихи тағылым мен болашаққа бағдар тоғысатын айрықша меже. Мерекенің ұлт мақтанышының есімімен сабақтасуында терең тарихи әділдік бар. Қаныш Имантайұлы – қазақ ғылымын жүйелеп, оны мемлекетіміздің экономикалық тәуелсіздігінің берік негізіне айналдырған бірегей реформатор. Ғалымның «Өз елінің тарихын білмеген адам өз елінің болашағын да білмейді» деген қағидасының бүгінгі жаңғыру дәуірінде өзектілігі арта түсті.
Биылғы Ғылым қызметкерлері күні біз үшін айрықша тарихи мәнге ие. Жақында ғана, 19 наурызда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қара шаңырақ ҚазҰУ-ға арнайы келіп, ғылыми қоғамдастықпен жүздесуі осы бағыттағы жұмысымызға соны серпін берді.
«Ғылым – жалпыхалықтық іс». Мемлекет басшысының бұл сөзі ғылымның қоғам өміріндегі шынайы орнын дәл көрсетеді. Президент кездесуде ғылымды тек теориялық ізденіс емес, ел дамуының басты қозғаушы күші ретінде тағы бір мәрте айқындап берді. Мемлекет басшысының университетіміздің ғылыми әлеуетін жоғары бағалай отырып, ғалымдар алдына қойған нақты міндеттері біз үшін үлкен сенім мен биік жауапкершілік.
Бұл сенімнің астарында үлкен негіз жатыр. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымы 8 ғылыми-зерттеу институтын, 39 ғылыми орталықты және 140-тан астам зертхананы қамтиды. Бұл зертханалар қабырғасында 400-ге жуық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар 50-ден астам заманауи ғылыми-инновациялық нысан құрылып, 2024-2025 жылдары тартылған инвестиция көлемі 110 миллион АҚШ долларын құрады.
Интеграция мәселесінде де ірі қадамдар жасалды. Университетіміз әлемдік технологиялық алпауыттар – ZTE, LG Electronics, Ericsson, BASF, Huawei, Samsung Electronics және NVIDIA компанияларымен тығыз байланыс орнатты. Халықаралық әріптестік желісі әлемнің 700-ден астам жоғары оқу орнын қамтиды. Осы ашықтықтың нәтижесінде бүгінде бізде әлемнің 54 елінен келген 7 000-нан астам шетелдік студент білім алып, университетімізді Орталық Азиядағы басты білім хабына айналдырып отыр. Университет базасында жалпы құны 1 млрд 250 млн теңге болатын төрт ірі коммерцияландыру жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Президент ҚазҰУ-дың даму стратегиясын оң бағалап, ғылыми зерттеулерді қолдау және жоғары технологияларды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Егер кешегі Сәтбаев дәуірінде ғылым жер астындағы қазынаны халық игілігіне айналдыруға қызмет етсе, бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Әділетті Қазақстанның» бағдары – адам капиталын дамыту мен технологиялық егемендікке нық негіз қалау. Сондықтан біз Фараби бабамыздың кемеңгерлігін, Сәтбаевтың іскерлігін және Мемлекет басшысының заманауи реформаларын ұштастыра отырып, ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру жолында батыл қадам басып келеміз.
Кейінгі жылдардағы нәтижелер бұл ұстанымның жай декларация емес, жүйелі жұмыстың нақты жемісі екенін айқын көрсетті. Университеттің ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің жалпы қаржыландыру көлемі 16,27 млрд теңгеге жетті. Бір жыл ішінде 377 жоба орындалып, 1 995 ғылыми жарияланым жарық көрді, 52 патент алынды, ғылыми қызметтің экожүйесінде 9 стартап сәтті жұмыс істеді. Университеттің жинақталған жарияланымдар саны 5 569-ға, ал дәйексөздер қоры 44 мыңнан асты. QS WUR-2026 рейтингіндегі 166-орын, FWCI көрсеткішінің 1,32 деңгейіне жетуі ҚазҰУ ғылымының сапалық жаңа кезеңге өткенін айғақтайды.
Бұл көрсеткіштер университет ғылымының экономикамен, өндіріс салаларымен және мемлекеттік стратегиялармен барған сайын жақындасып келе жатқанын аңғартатын нақты нәтижелер.
Энергетикадағы жаңа құзыреттер кеңістігі
Қазіргі әлемдегі кез келген мемлекет үшін энергетикалық қауіпсіздік пен технологиялық дербестік стратегиялық мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда ҚазҰУ базасында Энергетика министрлігінің салалық технологиялық құзыреттер орталығының ашылуы – ғылым мен өндірісті жаңа сапада тоғыстырған маңызды институционалдық қадам. Орталық инновациялар экожүйесін қалыптастыруға бағытталған, ал оның аясында 12 R&D орталығын біріктірген ғылыми-технологиялық альянс жұмыс істейді.
Бұл экожүйе көмірсутек шикізатын игеруден бастап, оны тасымалдау мен қайта өңдеуге, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, цифрландыру мен жасанды интеллектіге, киберқауіпсіздік және сутегі энергетикасына дейінгі кең ауқымды қамтиды. Яғни, жекелеген зертханаларды ғана емес, тұтас саланың технологиялық келешегін ғылыми тұрғыда сүйемелдеуге қабілетті кешенді модель құрылды. Таза энергияны дамыту, цифрландыру және AI қолдану орталықтарының бір алаңда топтасуы ғылымды фрагменттер бойынша емес, тұтас жүйе ретінде ұйымдастырудың үлгісіне айналмақ.
Бұл жобаның маңыздылығы – оның энергетикаға қатысты дәстүрлі түсінікті өзгертуінде. Бүгінгі таңда энергия – тек өндіру мәселесі емес, ол деректерді талдау, цифрлық модельдеу, тәуекелдерді басқару және инфрақұрылым қауіпсіздігі. Сондықтан ҚазҰУ-дағы энергетикалық бастама жаңа типтегі инженерлік және зерттеушілік мектеп қалыптастыруға бағытталған. Бұл жерде жас маман тек теория меңгермейді, ол сала сұранысына жауап беретін нақты зерттеу ортасында өседі.
Энергетика министрлігімен әріптестік шеңберінде қалыптасқан бұл бағыт Қазақстан үшін ғана емес, өңірлік деңгейде де маңызды. Өйткені энергия өтпелі кезеңінде тұрған әлемде сенімді ғылыми сүйемелдеу мен отандық технологиялық шешімдердің рөлі бұрынғыдан да артып отыр. Біз университет ғылымының дәл осы кеңістікте – ел экономикасының нақты сұраныстары туындайтын жерде қызмет етуге тиіс екеніне сенімдіміз.
Кванттық технологиялар: болашақ пен бүгінді тоғыстырған стратегиялық белес
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылымының стратегиялық басымдықтарының бірі – іргелі зерттеулер мен жоғары технологиялардың тоғысындағы кванттық технологиялар саласы. 2026 жылғы 13 ақпанда университет базасында Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығын құру туралы бастама жарияланды.
Орталықтың қызметі кванттық есептеулер мен байланыс жүйелерінен бастап, киберқауіпсіздік, кванттық сенсорика және жаңа буын материалдарын әзірлеуге дейінгі бағыттарды құрайды. Бұл – болашақ экономикасының тілін бүгіннен бастап меңгеру, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің интеллектуалдық іргетасын қалау деген сөз. Кванттық технологиялар әзірге көпшілікке күрделі әрі қолжетімсіз сала болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы бағыт алдағы онжылдықтарда есептеу қуатын, ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа стандарттарын, жоғары дәлдіктегі өлшеу жүйелерін және бірегей қасиеттері бар жаңа материалдарды жасаудың технологиялық негізіне айналатыны күмән тудырмайды.

Біздің ұстанымымыз айқын: ҚазҰУ тек әлемдік трендтерді сырттай бақылаушы емес, сол трендтерді қалыптастыру үдерісіне тікелей және белсенді қатысатын зерттеу университетіне айналуға тиіс. Қазақстан-Сингапур орталығы дәл осы тарихи міндетке жауап береді. Ол академиялық орта мен нақты индустрия арасындағы алтын көпірге айналып, жас зерттеушілерді жоғары технологиялар кеңістігіне ертерек тартуға және іргелі ғылыми нәтижелерді қолданбалы өндірістік шешімдерге айналдыруға теңдессіз мүмкіндіктер береді.
Ең маңыздысы – бұл жоба қазақстандық ғылымның халықаралық ашықтығы мен өркениетті әлеммен ықпалдасуға дайындығын паш етеді. «Ғылымның шекарасы жоқ» деген қағида тек теориялық пайым емес, нақты әрекетке айналғанда ғана құнды болмақ. Біз үшін бұл орталық – әлемдік ғылыми мектептермен тәжірибе алмасатын, ірі халықаралық гранттар мен бірлескен жобаларға жол ашатын, жаңа буын ғалымдарын жаһандық күн тәртібіне шығаратын маңызды бағдар.
Пилотсыз авиация: инженерлік ойдың жаңа белесі
Заманауи технологиялық бәсекеде жаңа салаларды дер кезінде игеру және оларды мемлекеттік мүддеге бағыт-тау – ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың алғышарты. ҚазҰУ мен «Aerial Solutions» ЖШС бірлесіп ашқан Пилотсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы университет ғылымының өміршеңдігін, икемділігін және салалық серіктестік құрудағы жоғары қабілетін көрсетеді.
Жоба аясында отандық пилотсыз ұшу аппараттарының алдыңғы қатарлы үлгілерін әзірлеу, заманауи оқу-өндірістік зертханалар мен сынақ полигондарын қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық талаптарға сай дуалды білім беру және сертификаттау бағдарламаларын енгізу көзделген.

Бұл бастама бір мезгілде бірнеше кешенді міндетті шешуге бағытталып отыр. Біріншіден, ол инженерлік білім беру жүйесін жаңа технологиялық мазмұнмен толықтырып, мамандарды нақты нарық талаптарына сай даярлауға мүмкіндік береді. Екіншіден, студенттер мен оқытушыларға ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тікелей қатысып, өз идеяларын сынақтан өткізуге жол ашады. Үшіншіден, дрондар мен оларға ілеспе сервистерді ішкі және халықаралық нарыққа шығару, стартаптарды қолдау және ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру сияқты ел экономикасы үшін аса маңызды бағыттарды дамытады.
Пилотсыз авиация – бұл тек ұшу аппаратын құрастыру емес, бұл цифрлық навигация, геоаналитика, заманауи ауыл шаруашылығы, экологиялық мониторинг, төтенше жағдайларды басқару, қауіпсіздік, логистика және кеңістіктік үлкен деректерді өңдеу секілді көптеген саланы бір арнаға тоғыстыратын ауқымды технологиялық платформа. Сондықтан аталған орталықтың ашылуы ҚазҰУ ғылымының академиялық шеңберден шығып, нақты нарық пен мемлекеттік стратегиялық сұранысқа тиімді жұмыс істей алатынын көрсетеді.
Жобаның тұсаукесеріне Қорғаныс министрлігінің, Авиациялық әкімшіліктің, Геодезия және картография комитетінің, жоғары технологиялар және бизнес өкілдерінің қатысуы оның мемлекеттік деңгейдегі институционалдық салмағын айқындап берді.
Ғылыми нәтижеден – нақты өнімге дейін
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру – зерттеу университеті мәртебесінің табиғи жалғасы әрі басты миссиясының бірі.
Кейінгі жылдары университетте жүзеге асырылып жатқан қолданбалы жобалар осы бағыттың алғашқы қомақты нәтижелерін көрсете бастады. Біз зертханадағы теориялық ізденісті нарықтың қатал сұранысымен, ғылыми ойды кәсіпкерлік бастамамен, ал университеттік білімді нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыратын мүлде жаңа инновациялық мәдениетті қалыптастырып келеміз.
Бұл бағыттағы жемісті жұмыстарымыздың бірегей мысалы ретінде табиғи қазақстандық шикізат негізінде иммунитетті қалыпқа келтіру және вирусқа қарсы биологиялық белсенді қоспаларды әзірлеу мен өндіріске енгізу жобасын атап өтуге болады. Ғалымдарымыздың көпжылдық ізденісінің нәтижесінде бірнеше өнім түрі дайындалып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Халықаралық патенттік қорғалымға ие болды және бүгінде нарыққа сенімді жол тартты.
Бұл тәжірибе ҚазҰУ ғылымының заманауи медицина, денсаулық сақтау және нутрицевтика саласындағы ең өзекті қажеттіліктерге дер кезінде жауап бере алатын әлеуетін паш етті. Ең басты жетістігіміз – ғылыми идеяның университет зертханасының шеңберінен шығып, толыққанды өндірістік циклы қалыптасқан, тұтынушының сенімінен шыққан отандық брендке айналуы.
Университет ғылымының қолданбалы мүмкіндіктерін танытатын тағы бір маңызды инновациялық әзірлеме – жеміс-жидек өнімдерін лиофилизациялау (суықпен кептіру) арқылы жоғары тиімді қайта өңдеуге арналған мобильді қондырғы. Бұл жоба – агроөнеркәсіп кешені мен заманауи инженерлік ойдың түйіскен нүктесінде дүниеге келген бірегей технологиялық шешім.
Аталған жобаның басты артықшылы-ғы – өнімді тікелей жиналған жерінде, алғашқы қалпын бұзбай өңдеуге мүмкіндік беретінінде. Ол қосымша күрделі инфрақұрылымды қажет етпейді, бұл әсіресе шалғайдағы өңірлік шаруашылықтар мен шағын фермерлер үшін өте тиімді. Демек, мобильді технология өңірлік дамуды ынталандыратын практикалық құрал ретінде ұсынылып отыр.
Мұндай ауқымды жобаларға сүйене келе, бір маңызды қорытынды жасауға болады: ғылым коммерцияланған кезде өзінің биік академиялық табиғатын жоғалтпайды, керісінше, оның қоғамдық мәртебесі мен пайдалылық коэффициенті арта түседі. Университет қабырғасында туған ғылыми нәтиже халық денсаулығын нығайтатын шипалы өнімге, аграрлық секторды өркендететін технологияға, ал жас зерттеуші үшін жаңа кәсіби және кәсіпкерлік мүмкіндікке айналған сәтте ғылымның шынайы миссиясы айқындала түспек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір бағдарламалық сөзінде ғылым саласын дамытуды ұлттық басымдық ретінде белгілеп, «Ғылым – еліміздің жаңа экономикалық үлгісінің өзегіне айналуы тиіс» деген іргелі қағиданы үнемі алға тартып келеді. Президенттің бұл бағдарламалық бағыты ҚазҰУ-дың инновациялық стратегиясымен толық үндеседі. Біз үшін ғылым – құрғақ есеп берудің құралы емес, елге шынайы қызмет етудің басты тетігі. Біз ғылымды, ең алдымен, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті нығайту және технологиялық егемендігімізді қамтамасыз ету үшін дамытамыз. Қара шаңырақта ғылым – Президент айтқан жаңа индустриялардың, тың идеялардың және креативті ойлайтын жас ғалымдар резервінің қайнар көзі.
Университет ғылымының жарқын болашағына нық сенім ұялататын басты күш – күн сайын зертханалар мен ғылыми орталықтарда, стартап алаңдары мен дәрісханаларда қажырлы еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың зияткерлік қуаты. Олардың әрбір ізденісінен жоғары жауапкершілік, ғылыми батылдық және кәсіби өршілдік айқын аңғарылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшін ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын арттыру алдағы уақытта да басты басымдық болып қала береді. Біз Сәтбаев салған сара жолды жаңа технологиялық деңгейде жалғастырып, Мемлекет басшысы белгілеп берген «Әділетті Қазақстанның» жаңа экономикалық моделін құруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Өйткені нақты нәтижеге бағытталған ғылым ғана мемлекеттік дамудың алтын арқауы болмақ.
Барша әріптестерімді, ғалымдар мен ізденушілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын!
Интеллектуалды ұлттың ғылыми қуаты арта берсін!
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры