Азаматтық қоғам – мемлекеттік биліктен тәуелсіз қоғамдық бірлестіктердің, қозғалыстардың, кәсіби және ерікті ұйымдардың жиынтығы. Бұл институттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік мәселелерді шешу, мемлекеттің жауапкершілігін арттыру сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Қазақстанда азаматтық қоғам демократиялық институттарды дамыту, ашықтық пен жауапкершілікті нығайтуды қамтамасыз етудің негізгі жолы болып отыр.
Елімізде азаматтық қоғам институттары тәуелсіздік алғаннан бері біртіндеп қалыптасып, саяси, әлеуметтік және экономикалық дамудың маңызды бөлігіне айналды. Азаматтық қоғамды дамыту – демократиялық үрдістердің орнығуына, халықтың құқықтық мәдениетінің артуына және мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал ететін басты факторлардың бірі.
Кейінгі 30 жылда үкіметтік емес ұйымдар саны 100-ден 22 мыңға дейін көбейген. Олардың ішінде экологиялық қозғалыстар, жастар ұйымдары, адам құқығын қорғау ұйымдары, кәсіби бірлестіктер және қайырымдылық қорлары жұмыс істейді. Азаматтық қоғам институттары маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, мемлекеттік шешімдерге ықпал етуге ұмтылып отыр. Сонымен қатар азаматтық белсенділік интернет алаңдарына көшіп, онлайн-петициялар, қоғамдық талқылаулар, ақпараттық науқандардың маңызы артты. Мемлекет қоғамдық кеңестер, гранттық қаржыландыру жүйесі арқылы ҮЕҰ-лармен өзара байланысты күшейтуде.
Бізде тіркелген ҮЕҰ қызметінің бағыттары да әртүрлі: ҚР заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар – 15,97 пайыз, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау – 14,65 пайыз, дене шынықтыру және спорт – 12,78 пайыз, азаматтардың, ұйымдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау – 11,35 пайыз, білім және ғылым – 7,09 пайыз, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту – 5,03 пайыз, қоршаған ортаны қорғау – 3,30 пайыз, азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу – 2,13 пайыз, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешу – 1,86 пайыз, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу – 0,54 пайыз, халықты жұмыспен қамтуға көмектесу – 0,50 пайыз.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректеріне сүйенсек, белсенді жұмыс істейтін ұйымдардың үлесі шамамен 30-35 пайыз (яғни, 7-8 мың айналасында). Ал ҮЕҰ дерекқорына жыл сайын шамамен 5-6 мың ұйым ғана өз қызметі туралы есеп тапсырады екен. Бұл – мемлекеттік гранттар мен тапсырыстарға үміткер, заң алдында жауапкершілігін сезінетін ұйымдар.
Жалпы, азаматтық қоғамды дамытуға нақты үлес қосып жүргендерді үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ – грант алушылар. Олар мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін, нақты әлеуметтік мәселелерді шешетін ұйымдар. Екіншісі халықаралық донорлармен жұмыс істейтіндер. Оған құқық қорғау, медиа және саяси реформалар бағытындағы кәсіби ұйымдар кіреді. Үшінші топ – грантқа қарамай, қоғамдық негізде жұмыс істейтін кішігірім бастамашыл топтар: еріктілер мен белсенділер.
Елімізде ҮЕҰ-лардың арасында белгілі бір бағытқа маманданған, өз жұмысын жетік меңгерген принципшіл ұйымдардың үлесі аз. Ең басты себептерінің бірі – қаржыландыру көзіне тәуелділік. Яғни, мемлекеттік тапсырыс немесе грант қай тақырыпта (экология болсын, патриотизм болсын) жарияланса, ұйым соған бейімделе салады. Мұндайды сарапшылар «грант аулаушылар» деп атайды.
Мамандану деңгейі мен принципшілдігіне қарай ҮЕҰ-лар мамандандырылған және әмбебап деп бөлінеді. Бізде нақты бір саланың «жілігін шағып, майын ішкен», өз бағытынан таймайтын ұйымдар ресми тіркелген 22 мың ішінде өте аз. Сарапшылар белсенді ұйымдардың үлесі 10-15 пайыздан (шамамен 800-1000 ұйым) аспайды дейді. Бұл топқа құқық қорғау орталықтары (жылдар бойы тек адам құқығы, сөз бостандығы немесе сот жүйесімен айналысатындар), экологиялық ұйымдар (нақты аймақтың немесе нақты мәселенің (Каспий, Арал, ауа сапасы) соңына түсетіндер), диагнозға негізделген қорлар (аутизм, Даун синдромы немесе сирек кездесетін ауруы бар балалардың ата-аналары құрған ұйымдар) жатады. Олар басқа бағытқа ауыспайды, өйткені олардың мақсаты – өмірді өзгерту.
Мысалы, білім беру саласындағы инклюзияны енгізу немесе әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңдардың қабылдануы дәл осы принципшіл ҮЕҰ-лардың кәсіби табандылығының нәтижесі. Олар билікке мәселені айтып қана қоймай, оны шешудің ғылыми жолдарын ұсынды.
Бүгінде азаматтық қоғамның ең белсенді әрі нәтижелі бағыттарының бірі – экология. Бұл саладағы ҮЕҰ-лар мен бастамашыл топтар жай ғана табиғатты қорғауға үндеп қоймай, мемлекет пен ірі бизнестің экологиялық саясатына тікелей ықпал ететін кәсіби күшке айналды.
Экологиялық белсенділіктің жаңа кезеңі «цифрлық мониторингпен» сипатталады. Мәселен, еліміздің ірі қалаларында ауа сапасын бақылайтын тәуелсіз датчиктер желісін құру арқылы азаматтық сектор ақпараттық ашықтыққа қол жеткізді. Бұл мемлекеттік органдардың экологиялық мәліметтерді нақтылауына және атмосфераны қорғау бойынша стратегиялық шешімдер қабылдауына түрткі болды. Яғни, азаматтық қоғам мұнда «бақылаушы» ғана емес, нақты деректер ұсынатын «сарапшы» рөлін атқарып отыр.
Экологиялық ұйымдардың «алтын қоры» жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануына, кәсіпорындарға қойылатын талаптардың күшеюіне және қоршаған ортаға әсерді бағалау процесіне қоғамның қатысуын заңдастыруға мұрындық болды. Қазір кез келген ірі өндірістік жоба қоғамдық тыңдаусыз жүзеге аспайды.
Екінші топ – әмбебап ұйымдар, олардың үлесі 70-80 пайызға жетеді. Бұл ұйымдар үшін негізгі көрсеткіш – сарапшылық емес, техникалық орындау. Олардың құжаттарында қызмет түрі де көп. Бүгін «жемқорлыққа қарсы күрес» бойынша дөңгелек үстел өткізсе, ертең «отбасы құндылықтарын» насихаттай береді. Оларда тұрақты маман болмайды. Грант алған кезде ғана сырттан сарапшы жалдайды. Мұндай жұмыс жүйелі өзгеріс әкелмейді. Сондықтан азаматтық қоғамның сапасы санында емес, жоғарыда атаған 10-15 пайыздық мамандандырылған «алтын қорда». Олар – мемлекеттік органдарға тең дәрежелі серіктес немесе конструктивті оппонент бола алатын жалғыз күш.
Азаматтық қоғамның «алтын қорына» жататын, мемлекетпен тең дәрежеде диалог орнатып, нақты салалық реформаларға ықпал етіп жүрген ұйымдардың қызметі – нағыз кәсібилік пен принципшілдіктің үлгісі. Олар грантқа бейімделмейді, керісінше, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға атсалысады. Грант болсын-болмасын, өз тақырыбын 10-20 жыл бойы зерттейді. Ал олардың деректері мен зерттеулері мемлекеттік органдардың ресми ақпаратынан сапалырақ әрі объективті болуы мүмкін. Мұндай ұйымдар тек мемлекеттік тапсырысқа қарап отырмайды, халықаралық донорлардан, бизнестен және халықтан қаржы жинай алады.
Азаматтық қоғамның негізгі сипаты – демократиялық институттар: тәуелсіз саяси партиялар мен ақпарат құралдары, қоғамдық қозғалыстар һәм үкіметтік емес ұйымдар. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнаса, мемлекет тұғыры нығаяды. Сондықтан аса маңызды міндеттерді талқылауға азаматтық қоғамды кеңінен тарту маңызды.
Азаматтық қоғамы енжар елдің заман талабына сай дамуы қиын. Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам құстың қос қанаты сияқты: бірінсіз бірінің күні жоқ. Бұл – жай ғана әдемі теңеу емес, мемлекетті басқарудың ең тиімді формуласы. Егер билік шешім қабылдаушы тетік болса, азаматтық қоғам сол шешімдердің өміршеңдігін бақылайтын және халықтың шынайы қажеттілігін жеткізетін басты күш.
Мемлекет пен қоғамның тепе-теңдігі «өзара жауапкершілік» қағидатына негізделуге тиіс. Мемлекет тарапынан қолайлы заңнамалық орта мен ақпараттық ашықтық қажет болса, азаматтық сектордан сауаттылық пен конструктивті ұстаным талап етіледі. Егер азаматтық қоғам тек сын айтумен шектелсе, ол – әлсіздік. Ал егер мемлекет қоғамдық пікірді ескермесе, ол –тоқырау. Бүгінде Қоғамдық кеңестер мен цифрлық платформалар бұл байланыстың техникалық көпіріне айналды. Алайда бұл тетіктердің тиімділігі оған қатысатын тұлғалардың азаматтық белсенділігі мен адалдығына тікелей байланысты.
Әлеуметтік желілер мен медиа ресурстар азаматтық қоғамның дамуын жеделдетті. Бұл – қоғамдық бақылаудың жаңа формасы. Кез келген заңсыздық немесе бюджеттің тиімсіз жұмсалуын халық бақылай алады. Дегенмен шынайы азаматтық қоғам тек желідегі «лайк» пен пікір емес, ол – нақты іс, заң аясындағы талап және мемлекетті дамытуға бағытталған ортақ еңбек.
Қоғам мен мемлекеттің мақсаты – бір. Тұрақтылық пен өркендеу. Ол үшін құстың қос қанатындай екі тарап та тең дамуы, бір-біріне сеніммен қарауы және ортақ жауапкершілікті сезінуі шарт. Азаматтық қоғамның «алтын қоры» нығайған сайын, мемлекеттің де іргесі беки түспек.
А.БИМЕНДІ