Көшең таза болса, көңілің таза

/
Көшең таза болса, көңілің таза
Алматы әкімдігі

Қоғам өмірі бір-біріне көмегі, пайдасы тиетін, миллиондаған адамның іс-әрекетінен құралады: біреу тәулік бойы электр стансаларында көз ілмей, елді жарықпен қамтамасыз етсе, біреу қоғамдық көлікпен халықты әрі-бері тасып, адамдарды барар жеріне жеткізеді; енді біреу жүк тиеп, біреу дүкенде, базарда тұрып сауда жасап, елдің керек-жарағын тауып береді. Әркім өзіне тапсырылған жұмысты атқарып, өзгелерге ыңғайлы атмосфера қалыптастырады. Бірақ осылардың бәріне қажет қағидат бар, ол – тазалық.

Кез келген мекеменің, ғимараттың, көшенің, ауланың та­за­лығы аса маңызды. Оны сол күйге келтіріп, адамға жай­лылық, жақсы көңіл күй сыйлайтындар – қоғамның «кө­рінбейтін батырлары». Оларды әдетте адамдар «көше сы­пырушылар» деп атайды. 
Өкініштісі, бізде «оқымасаң, сыпырушы боласың» деген жаң­сақ түсінік бар. Шын мәнінде, еңбектің жаманы жоқ. Егер бір апта қалада көше тазалайтын адамдар жұмысқа шық­паса, қала қоқыс полигонына айналар еді. Олар – қа­ла­ның «өкпесін» тазалайтын адамдар.
Біз күнде таңертең тап-таза көшемен жұмысқа барамыз, алай­да бұл тазалықтың артында кім тұрғанына мән бер­мей­міз. Олардың еңбегі тек физикалық күш емес, үлкен тө­зімділікті талап етеді. Қаланың әсемдігі ең алдымен та­залығында. Қандай әдемі ғимарат, түзу көше, сәнді саябақ бол­са да ең алдымен көзге түсетіні – тазалығы. Оны жа­сай­тын көше сыпырушылар, яғни, тазалықшылар.
...Бүгін Алматыда қар жауып тұр. Үлпілдек, жеңіл қар. Жұрт «наурыздың ақша қары» деп қуанып жатыр. Әрине, мұн­дай кезде көше сыпырушылардың да жұмысы көбейеді. Ал­матыда әдетте қар қалың жауады. Ылғалды ауаның қары ауыр, сулы болады. Күн кішкене жылт етсе ери бастайды. Оны тез арада тазалап тастамаса, шылқып суға айналып, аяқ киімнен тез өтіп кетеді. Демек, қар жауған күні көше сы­пырушылар үшін жұмыс біраз ауырлайды, сонда да олар қарды еримей тұрып тазалап, адамдардың еркін жүруіне жағ­дай жасайды. Біз Алматы қаласының шағынау­дан­дары­ның бірінен қолына күрек алып, қар тазалап жүрген жа­сы елулерден асқан апайды жолықтырдық. Жақындап барып амандасып, оны әңгімеге тарттық. Аты София екен. Айтуына қарағанда, 8 жылдан бері көше тазалап, нәпақасын айырып жүр.
– Біз кеңестік кезде өстік қой, ол кезде де қазіргідей кө­ше сыпырушыларға жұрт биіктен қарайтын, – деп бас­тады әңгімесін София апай. – Әдетте, жұмысқа жарамсыз, ор­та жастан асқан адамдар немесе бала-шағасы жоқ жал­ғызілікті адамдар бір мекемеде қарауыл не көше сыпырушы бо­лып еңбек ететін. Сондықтан жұрт ондай кісілерге мү­сір­кеп қарайды ғой. Қазір жас та, жасамыс та істейді бұл жұ­мысты. Сырттан келіп істейтіндер бар.
– Аула сыпырушысы болған қиын ба?
– Әрине, соншалық ауыр, кісі өлетін жұмыс емес қой. Өзіңе тиесілі аумақты тазалайсың. Таңертең ерте келіп жұ­м­ыс бастайсың. Жұрт таңғы шайын ішіп, жұмысқа шық­қан­ша бір тазалап тастау керек. Ауланы сыпырамыз, жұрт­тың тастап кеткен қоқыстарын теріп аламыз да, қоқыс жә­­­­шігіне тастаймыз. Біреулер оны шелекке жинап салады, біреулер кішкене қорапты арба сүйреп жүреді. Сосын кеште бір тазалаймыз, сонымен бітті. Бірақ кейде күндіз де таза­лау­ға тура келеді, қоқысты кез келген жерге тастап кете­тін­дер бар, оны айтасыз, үйінен шыққан қоқысты полиэтилен пакет­ке салып, балконнан төмен тастап жіберетіндер кез­деседі. Бірақ оны үлкендер емес, балалар жасайтын шы­ғар деп ойлаймын. Өйткені бүгінде таңнан кешке дейін те­лефонға телміріп отыратын балалар көпқабатты үйден тө­менге түсіп, қоқысын арнаулы жәшікке тастауға да ері­неді ғой. Ата-анасы «қоқысты шығардың ба?» десе, «иә» деп құ­тыла салады. Соның бәрін жинап жүру оңай ма? Кейде 15-20 минут бұрын тазалап кеткен жеріңде де қоқыс жа­тады. Ер кісілер темекісінің тұқылын кез келген жерге тас­тап кете беретіні бар. Әйтпесе, әрбір кіреберістің ал­дын­да қос-қостан шағын қоқыс жәшігі тұр ғой...
– Бұл жұмысқа қалай келдіңіз? Алғашқы кезде өзіңізді ың­ғайсыз сезінбедіңіз бе?
– Әрине, біздің қоғамда адамдар жұрттың пікірімен са­насып өмір сүреді ғой. Сондықтан жұрттың жақтыр­май­тын жұмысына кім болса да жақындағысы келмейді. Аула сыпыруды лас жұмыс дейтіндер көп. Бірақ ешкім қоқысты қол­мен термейді ғой. Бір қолыңда сыпыртқы болса, бір қо­лыңда күрек. Қоқысты жинаудың қиындығы жоқ.
Әрине, алғашқы кезде аула сыпырып жүргенде таныс-бі­ліс көріп қалмасын деп қуыстанып жүресің. Біздің жұмыс көк­тем мен жазда – шаң мен қоқыс, күзде – жапырақ, ал қыста – қар мен мұзды тазалау. 
Менің жасым қазір 58-де. Төрт баланың анасымын. Үлкен­­дері өз алдына шаңырақ көтеріп кетті. Қазір қолымда кен­же ұлым бар. Бала жұмыста, келін үйде. Тұңғыштары сту­­дент. Бала мен келін «қайтесіз, немерелеріңізге қарап үй­­де отырсаңызшы, шайыңызды уақытылы ішіп, теле­ди­дар­дан сериал көріп» дейді. Ал менің үйде отырғым кел­мей­­ді. Жас кезімде бір-екі жыл ауылда еңбек еттім. Кейін му­зы­калық училище бітіріп, ауыл клубында жұмыс істедім. Күйеуге шыққан соң жұмысқа мұрша болмады. Бір үйдің кі­ші келіні болдым. Ата-енені күту, балаларды сабаққа дайындау, үйдің тамағын істеп, кірін жуу дегеннен артыл­май­сың. Кейін ата-енеміз дүниеден өтіп, балалар ер жете бас­тағанда түрлі жұмыс істедік, базарда ұсақ-түйек саттық, кафе­лерде тамақ пісірдік, ыдыс-аяқ жудық, анау бір қиын кез­дерде. Қазір ондай жұмыстарды негізінен жастар істеп жүр ғой. Сонымен осы жұмысқа келдік...
– Бұл істеп жүрген жұмысыңызға бала-шағаңыз қалай қарай­ды?
– Әрине, бастапқы кезде қарсы болды. Ренжіп те жүрді. Бір­ақ менің жұмыссыз отыра алмайтыныма көзі жеткен соң қойды. Біздей орта жастан асқан адамдарға еңбек ету, көп қозғалу денсаулыққа пайдалы. Адам үйде бір отырып қал­са, шыққысы келмей қалады. Одан қан қоюланып, түрлі ау­ру пайда болады. Сондықтан өз жұмысымды пайдалы жұ­мыс деп ойлаймын. Үнемі таза ауада жүремін.
– Табысыңызға көңіліңіз тола ма?
– Құдайға шүкір. 150 мың теңге аламын. Осында өзімнен басқа тағы 2 аула сыпырушы бар. Кезектесіп, ауысыммен істейміз. Қаланың сырт жағында тұрамын. Таңертең үйден ерте шығып, күн батқанда қайтамыз. 

P.S. София апаймен әңгімеміз аяқталған соң ол кісіні суретке түсіргім келіп еді, «қайтесің» деп келісім бер­меді. Өзінің қай жерде істейтінін де, қай жерде туып, қай жерде тұратынын да жазабағанымды қалады. «Газетке шыққан соң таныс-біліс көріп қалса, жұрт әңгіме қылып, бала-шағам ренжіп жүрер» деп өзі туралы анық мәліметтерді айтқысы келмеді. Біз де кейіпкеріміздің өтінішін орындадық. 
Біздің қоғамда адамды жұмысына қарай бағалау деген әдет әлі де бар ғой. Кейіпкеріміз де содан тар­тынады. 
Жалпы, қоғамда қарапайым еңбек адамдарына де­ген көзқарас өзгеруі керек. Адам істеп жүрген ісі­мен емес, соған деген адалдығымен бағалануы керек. Мәселен, Жапония сияқты елдерде көше сыпыру­шы­ларды «денсаулық инженерлері» деп атайды және олар­дың жалақысы мен беделі өте жоғары.
Қоғамның көрінбейтін кейіпкерлері жұрттың кө­зіне түскісі келмейді. Олар өз еңбегі үшін марапат дә­метпейді, дәріптеуді де қажет санамайды. Бірақ со­лар біздің қоршаған ортаның тазалығын сақтап жүрген нағыз қаһармандар дер едік.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары