Отандық әйел-ғалымдарға арналған Н.Базанова атындағы марапат табысталды

Отандық әйел-ғалымдарға арналған Н.Базанова атындағы  марапат табысталды

6 наурызда Алматыда Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғашқы отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атаулы іс-шараға отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты. ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев әйелдер қауымын төл мерекесімен құттықтап, ғылыми жұмыстармен шұғылданатын әйелдердің үлесі тұрақты түрде артып келе жатқанын айтты.

"Халқымыз «Жұмақ – Ананың ізінде, шуақ – Ананың көзінде» деген. Бүгінгі таңда әйелдердің қоғамдағы алар орны айрықша. Сіздер ғылым мен білімнің дамуына сүбелі үлес қосып қана қоймай, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, жас ұрпақты тәрбиелеуге және ел болашағын қалыптастыруға зор еңбек сіңіріп келесіздер.

Соның ішінде нәзік жандардың ғылым мен білім беру  саласының дамуына қосар үлесі айтарлықтай. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жаңашыл көзқарастарыңыз Қазақстан ғылымының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуде. Статистикалық деректер бойынша жыл сайын ғылыми жұмыстармен шұғылданатын әйелдердің үлесі тұрақты түрде артуда. Мәселен, елімізде ғылыми зерттеулермен 12 893 әйел аналысады, бұл ғылыми қызметкерлердің шамамен 56%-ын құрайды. Олардың ішінде ғылым докторлары – 898, ғылым кандидаттары – 2 859, PhD – 2 229 және бейіні бойынша докторлар – 185 Яғни, ғылым саласындағы жетістіктердің басым көпшілігі нәзік жандардың еңбегі десек артық айтпаған болар едік", – дейді Ақылбек Күрішбаев.

Нәйлә Оразғұлқызы Базанова (1911-1993) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, биология ғылымының жаңа саласының - ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы (1945), профессор (1946), Қазақ КСР ғылым академиясының академигі (1951), Қазақстан еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1946). Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, әр жылдары сол институтта ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, эксперименттік биологиялық инститтутының директоры, 1951–1966 жылдары Қазақстан ғылым академиясының биологиялық және медициналық бөлімінің академигі-хатшысы, 1966–1986 жылдары Физиологиялық институтының директоры, болды. Негізгі ғылыми еңбектері ірі қара малдың ас қорыту ерекшеліктерін және жас төлдің өсуі мен физиологиясын зерттеуге арналған. Ол алғашқы болып жануарларда париетальды (мембраналық) ас қорыту механизімін ашып, оны дәлелдеді. Малды пропион қышқылды ашытқыш қосылған сүрлеменің жаңа түрімен азықтандыруды ұсынды. Н.Базанова Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту, екі рет Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің II—V шақырылым депутаты (1946-1962 жж.), V-шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Одағы Кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары