Жас саяхатшы Қазақстанды велосипедпен араламақ

/
Жас саяхатшы Қазақстанды велосипедпен араламақ
Маңғыстау облысы ҚКО

Бүрлен Әділетқызы Қазақстан аумағын велосипедпен аралау үшін Ақтау қаласынан саяхатқа аттанды. Ол облыс орталықтарына аялдап, атамекеннің табиғаты мен тарихи орындарын танып-білуді мақсат етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүрлен Әділетқызы 2024 жылы 20 жасында Қытайдың Үрімші қаласынан Қазақстанға дейінгі жолды жаяу жүріп өтіп, 26 күн ішінде Астана қаласына жеткен. Екі жылдан кейін жас саяхатшы Қазақстанның көрікті жерлерін кеңінен танып-білу және табиғи нысандарды аралау мақсатында велосипедпен сапарға шығуға бел буған.

- Ең алдымен өз елімді толық танып-білгім келеді. Сонымен қатар, әйелдердің  спорттағы әлеуетін көрсетіп, Қазақстанды басқа елдерге таныстырғым келеді, - дейді Бүрлен Әділетқызы.

Сапарды бастау үшін Бүрлен Әділетқызы Маңғыстау облысын таңдаған. Маршрутты жоспарлау кезінде бірнеше нұсқаны қарастырғанымен, батыс өңірден бастау қашықтық тұрғысынан тиімді деп шешкен.

Ақтау қаласына келген соң ол мұнда бірнеше күн аялдап, сапарға дайындық жүргізген. Осы уақыт ішінде қаланың көрікті жерлерімен танысып, теңіз жағасында серуендеп, велосипедін жолға дайындаған. Оның айтуынша, Ақтау қаласы ерекше әсер қалдырған.

Алдағы уақытта Бүрлен Әділетқызы Қазақстандағы шамамен 18 негізгі қаланы аралап шығуды жоспарлап отыр. Ол елордаға Астана күніне дейін жетуді көздейді.

Бүрленнің айтуынша, сапар барысында түрлі қиындықтарды бастан өткерген. Бұған дейін де ауа райының қолайсыздығы, қатты жел мен аптап ыстық сияқты жағдайлар кездескен. Сондай-ақ велосипед бірнеше рет бұзылып, оны ауыстыруға тура келген. Соған қарамастан, саяхатшы мұндай сынақтар кез келген ұзақ жолдың бір бөлігі екенін айтады.

Жол бойында Бүрлен Әділетқызы ауылдарға соғып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, еліміздің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, сапар барысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы бөлісіп отырмақ.

Сапар алдында Бүрлен Әділетқызына анасы ақ жол тілеп, батасын берген

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары