Польшада күтпеген әрі сәл күлкілі жағдай тіркелді. Іздеуде жүрген ер адам өз фотосын полиция сайтынан көріп, мұны қате шығар деп ойлап, мәселені анықтау үшін өзі құқық қорғау органдарына қоңырау шалған. Нәтижесінде ол сол жерде-ақ ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz the-warsaw.pl-ға сілтеме жасап.
Оқиға 23 ақпанда Польшадағы Ласк қаласында болған. Полицияның повяттық комендатурасына 43 жастағы Лодзь қаласының тұрғыны хабарласып, құқық қорғау органдарының ресми сайтынан өзінің фотосын іздеуде жүрген адамдардың тізімінен көргенін айтқан. Ер адам бұл жаңсақтық болуы мүмкін деп болжап, жағдайды нақтылап білгісі келген.
Кезекші қызметкер оған көрсетілген мекенжайда күте тұруды сұрап, тексеру үшін полиция патрулі келетінін хабарлаған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ер адамның құжаттарын тексеріп, деректер базасын қараған кезде оның расында да іздеуде жүргені анықталды. Ол бұрын жасалған ұрлық ісі бойынша сот шешіміне сәйкес жазасын өтеуі тиіс тұлғалардың тізімінде болған.
Сөйтіп, ер адам сол жерде ұсталып, сот үкімі бойынша алдағы 75 күнін түрмеде өткізетін болды.