Ғалымдар 80 жастағы адамның жасушасын 20 жылға жасартты

/
Ғалымдар 80 жастағы адамның жасушасын 20 жылға жасартты

Германиялық ғалымдар 80 жастағы адамның қан жасушаларының ізашарларын жүйке дің жасушаларына айналдырып, олардың молекулалық жасын 20-дан төмен деңгейге түсірді. Бұл үдеріс шамамен 50 күнге созылған. Зерттеу нәтижелері Aging Cell ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бонн университеті мен университеттік клиника зерттеушілері эритроциттердің ізашар жасушаларын жүйке дің жасушаларына тікелей қайта бағдарламалау әдісін қолданған. Оның ерекшелігі – жасушаларды алдымен әмбебап дің жасушаларына айналдырмай, бірден жүйке тінінің жасушаларына бастама болатын күйге көшіру.

Ғалымдар жасушалардың биологиялық жасын ДНҚ-дағы эпигенетикалық өзгерістерге негізделген молекулалық сағат арқылы бағалаған. Қартаю барысында қалыптасатын осы белгілер қайта бағдарламалау кезінде біртіндеп өзгеріп, шамамен 50 күнде жасқа байланысты белгілердің басым бөлігі жойылған. Нәтижесінде 80 жастағы донордан алынған жасушалардың молекулалық жасы 20-дан төмен деңгейге жеткен. Қайта бағдарламаланған жасушалар жас жасушаларға тән қасиеттер де көрсеткен.

Зерттеудің мақсаты – адамды тұтас жасарту емес, жасушалардың қартаю үдерісін тереңірек түсіну. Ғалымдар бұл әдісті жасушалардың қалай жасаратынын зерттеуге және осы үдеріске әсер ететін заттарды анықтауға қолдануды көздейді.

Жас ұлғаюы Альцгеймер сияқты нейродегенеративті аурулардың негізгі қауіп факторларының бірі болғандықтан, бұл тәсіл болашақта ми ауруларын зерттеуге көмектесуі мүмкін. Алайда әзірге бұл – зертханалық нәтиже. Әдістің Альцгеймерді емдеуге немесе адамның миын жасартуға мүмкіндік беретіні дәлелденген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары