Ғалымдар мен футурологтар алдағы ғасырларда адамзаттың өмірі түбегейлі өзгеруі мүмкін деп болжайды. Олардың пайымынша, адамдар жасанды интеллектпен тұтасып, ғарышта өмір сүріп, галактикалар арасында бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен саяхаттауы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Болжамдарға сәйкес, 2045 жылға қарай жасанды интеллект адамның ақыл-ой мүмкіндігін миллион есе арттыруы ықтимал. Ал 2125 жылға таман адам миының жасанды нұсқасын жасауға жол ашылып, технологиялар адамзаттың танымдық қабілетін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.
Футурологтар болашақта адамның өмір сүру ұзақтығы да артады деп есептейді. Соның нәтижесінде қазіргі өлшеммен қарт саналатын 100 жастағы адамдар болашақ қоғамда жас буынның қатарында болуы ықтимал.
Сондай-ақ адамзат қара құрдымдардың энергиясын игеріп, ғарышта тұрақты мекендер құруы мүмкін деген болжамдар бар. Тіпті галактикалар арасында бірнеше минутта саяхаттау мүмкіндігі де айтылады.
Дегенмен, бұл болжамдар әзірге ғылыми тұрғыдан дәлелденген факт емес. Әсіресе адамның ақыл-ойын миллион есе арттыру, қара құрдымнан энергия алу және галактикалар арасында санаулы минутта қатынау сияқты идеялар қазіргі ғылым мен технологияның мүмкіндігінен әлдеқайда алыс.