Шетелде қарулы қақтығысқа қатысқан азаматтардың жазасын жеңілдету керек – депутат

/
Шетелде қарулы қақтығысқа қатысқан азаматтардың жазасын жеңілдету керек – депутат
сурет: parlam.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жарқынбек Амантайұлы ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа және Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат сауалында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы, шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу бойынша тіркелген қылмыстық істердің санының жыл санап өсіп отырғанын атап өтті: 2023 жылы 23 іс, 2024 жылы 36 іс, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 141 іске жетті. Биылғы жылы тіркелген істер бойынша 26 азамат сотталды.

Депутаттың пікірінше, қарулы қақтығыс аймағына баратындардың көпшілігі алдап-арбау, жалдау немесе мәжбүрлеу арқылы ілінеді. Олардың басым бөлігі жұмыс пен табыс іздеп барып, шарасыз жағдайда қалады. Депутат халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, террористік ұйымдарға қосылмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарды ең ауыр жазамен жазалаудың орынсыз екенін баса айтты.

Депутат мемлекеттік органдарға мынадай үш ұсыныс жолдады:

    1.    Заңнаманы жетілдіру: Қылмыстық кодекстің 170–172-баптарын халықаралық тәжірибе негізінде сараланған түрде жетілдіру және тиісті өзгерістер пакетін Парламент қарауына енгізу;
    2.    Сараланған жаза тетігін енгізу: террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елге оралған азаматтарға шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе баламалы жаза қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту;
    3.    Кешенді оңалту бағдарламасын әзірлеу: елге оралған азаматтарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік жағынан оңалтуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жасау.

Депутат сауалы аясында бір рет сотталғандарға ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру жазасының қайта әлеуметтенуге кері әсер ететінін де ескертті. Сондай-ақ сотталғандар арасында Ресей азаматтығын алған тұлғалардың да бар екенін, атап айтқанда жуырда 6 жылға сотталған Евгений Люфттің сол елдің азаматы екенін жеткізді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары