Адамзат өзінің ең ұлы медициналық сауытынан айырылып қалудың аз-ақ алдында тұр. ХХ ғасырда миллиондаған жанды ажалдан арашалаған антибиотиктер бүгінде бактериялардың алдында дәрменсіз күйге түсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуінше, 2050 жылға қарай супербактериялардан болатын өлім-жітім қатерлі ісік көрсеткішін басып озып, жылына 10 миллион адамның өмірін қияды. Бұл – дәріні орынсыз қолдану мен ауыл шаруашылығындағы немқұрайлылықтың салдары. Медициналық ренессанс дәуірі аяқталып, қарапайым жарақат қайтадан ажал оғына айналатын «қараңғы кезең» табалдырығымызда тұр. Қайтпек керек?
Біз әдетте тұмаурата қалсақ бірден антибиотик ішіп жатамыз. Алайда ол тек бактерияларды өлтіреді, вирустарға мүлдем әсер етпейді. Тұмауды, ЖРВИ-ді антибиотикпен емдеудің пайдасы жоқ, тек ағзаға артық күш түсіреді.
ХХІ ғасырда барлық ғылым саласы қарыштап дамып, технологиялар жетілдіріліп, адамның өмір сүру жағдайы жеңілдей бастады. Осыған қарамастан медицинадағы болашағымыз бұлыңғыр деп дабыл қағып отыр ғалымдар. Бұған себеп – антибиотиктерді кәмпит секілді «жеу», дәрігердің нұcқауынсыз өз бетінше емделу, емдеу курсын жарты жолдан тастап кету. Осының бәрін тоқтатпасақ, адамзат ең алғашқы антибиотик – пенициллин табылғанға дейінгі қауіпті кезеңге қайта оралуы әбден мүмкін...
Болашақтың бұлыңғыр картинасы
Ғалымдар 2050 жылға қарай супер-бактериялар онкологиядан да қауіпті болатынын айтады. Антибиотиктерді қолдану мәдениетін өзгертпесек, адамзатты «пост-антибиотик дәуірі» күтіп тұр. ДДСҰ мен британиялық экономист Джим О’Нил жүргізген ауқымды зерттеулер (Review on Antimicrobial Resistance) болашақтың қорқынышты картинасын сызып берді. Біріншісі өлім-жітім статистикасы көбейеді деген пессимистік болжам. Қазір әлемде антибиотикке төзімді инфекциялардан жыл сайын шамамен 700 мыңнан 1,2 миллионға дейін адам қайтыс болады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш экспоненциалды түрде өсіп, жылына 10 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр.
Бүгінде қатерлі ісіктен жылына шамамен 8,2 миллион адам көз жұмады. Демек, небәрі 25-30 жылдан кейін микробтардың қарсылығы ең қауіпті дерт саналатын ракты басып озып, әлемдегі өлім себептерінің ішінде 1-орынға шығуы ықтимал.
Қазір біз жеңіл санайтын операциялар (соқырішек, кесарь тілігі, буын алмастыру, ангина) супербактериялардың кесірінен 20-30 пайыз жағдайда өліммен аяқталуы мүмкін. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастар ракпен күресіп жатқанда, олардың иммунитеті өте әлсіз болады. Егер антибиотиктер көмектесуін қойса, науқастар ісіктен емес, емхана ішіндегі қарапайым микробтан қайтыс болады.
Бүгінде тіс жұлдыру біз үшін үйреншікті нәрсе. Ал антибиотик болмаса, тіс түбіндегі қарапайым абсцесс немесе қызыл иектің қабынуы қанға инфекция түсіріп, бірнеше күн ішінде өлімге әкелуі мүмкін. Стоматологтар антибиотиксіз жұмыс істеуден бас тартады, өйткені жақтың іріңдеуі тікелей миға шабады. Балаңыздың тізесі жарылса, саусағы-ңызды пышақпен кесіп алсаңыз, жаңа аяқ киім аяғыңызды қажаса, мұның бәрі өмірге қауіп төндіреді. Антисептиктер бактерияларды тоқтата алмаған кезде іріңдеген жерлерді «емдеудің» жалғыз жолы ампутация болмақ.
Мұндай кезде донорлық операциялар да аса қауіпті. Өйткені медицинада ағза бөтен мүшені қабылдауы үшін адамның иммунитетін әдейі төмендетеді. Науқас операциядан кейінгі алғашқы сағаттарда-ақ аурухана ішіндегі микробтардың «құрбаны» болады. Сонымен қатар кесарь тілігі операциясы жаппай өлім көрсеткіші жоғары процедураға айналады. Перинаталдық орталықтар инфекция ошағына айналып, ана мен бала өлімі ХІХ ғасырдың деңгейіне қайта оралады.
Қазірдің өзінде ауруханаларда «метициллинге төзімді алтын түсті стафилококк» (MRSA) сияқты микробтар бар. Пост-антибиотик дәуірінде мұндай бактериялардың саны артады. Оларға қарсы дәрі болмағандықтан, ауруханалар емдейтін орын емес, керісінше, инфекция тарататын қауіпті аймақтарға айналады.
Жалпы, 2050 жылға жасалған болжам бойынша ең көп шығын Азия мен Африка елдеріне келеді (әрқайсысында шамамен 4 миллионнан астам өлім). Бұл аймақтарда антибиотиктердің рецептсіз сатылуы және ауыл шаруашылығындағы бақылаудың нашарлығы бактериялардың «мутациялық лабораториясына» айналуына себеп болмақ.
Бұл дәуір тек денсаулықты ғана емес, әлемдік тәртіпті де өзгертеді. 2050 жылға қарай бұл шығын 100 триллион доллардан асуы мүмкін. Бұл тек медициналық емес, сонымен қатар экономикалық апат. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша антибиотикке үйренген ағзалардың кесірінен әлемдік ЖІӨ 2050 жылға қарай 3,8 пайызға қысқаруы мүмкін. Бұл 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысымен тең соққы болмақ. Өйткені жұмыс күші жаппай ауруға шалдығады, адамдар ұзақ ауырады, еңбекке қабілеттілігін жоғалтады, ал емдеу құны ондаған есе қымбаттайды. Одан бөлек, адамдар қоғамдық орындардан, адам көп жиналатын жерлерден қашатын болады. Кез келген жөтелген, түшкірген адам супербактерия тасымалдаушысы болуы мүмкін.
Антибиотик – астан
Адамзат антибиотикті тек ауырған кезде ғана емес, ет және сүт өнімдері арқылы да жанама түрде қабылдап жатырмыз. Біз дәріханадағы антибиотиктерді бақылауға алғанымызбен, ас үйіміздегі «жасырын қауіпті» елемей отырмыз. Мал шаруашылығында антибиотиктер тек ауруды емдеу үшін ғана қолданылмайды. Олардың басты қызметі – «өсуді жеделдету». Антибиотиктердің микроскопиялық дозаларын жемге немесе суға қосу арқылы малдың ішегіндегі бактериялардың тепе-теңдігі өзгертіледі. Бұл жануардың азықты тез қорытып, аз уақыт ішінде семіруіне мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік ашық деректерге сүйенсек, өндірілетін бүкіл антибиотиктердің 70 пайыздан астамы мал шаруашылығында, құс фабрикаларында және балық өсіру шаруашылықтарында қолданылады. Кейбір елдерде (мысалы, АҚШ немесе Қытай) бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жетеді.
Енді біз қалай уланамыз дегенге келсек. Егер малды соймас бұрын антибиотик беру тоқтатылмаса, оның етінде, сүтінде және жұмыртқасында дәрінің қалдық мөлшері сақталады. Біз оны жегенде ағзамыздағы бактериялар сол антибиотиктің кішкентай мөлше-ріне үйреніп, бейімделе бастайды. Бұдан бөлек су мен топырақ арқылы да «аламыз». Малдың тезегімен бірге антибиотиктер қоршаған ортаға тарайды. Олар жер асты суларына өтіп, соңында біз ішетін суға немесе егістіктегі көкөністерге түседі. Бұл – антибиотикке төзімділіктің жаһандық айналымы десек те болады.
Мал қоралары – супербактериялардың нағыз лабораториясы. Бір жерге мыңдаған тауық немесе сиыр жиналғанда, инфекция тез тарайды. Оған қарсы үнемі антибиотик қолдану бактериялардың ең қауіпті мутацияларын тудырады.
Малдан адамға жұғатын бактериялар (сальмонеллез, кампилобактериоз) қазірдің өзінде көптеген дәрілерге төзімді болып алған. Бұл дегеніміз, шала піскен еттен уланған адамды емдеу болашақта мүмкін болмай қалуы мүмкін.
Шаруалар үшін антибиотиктен бас тарту – өнімнің өзіндік құнының көбеюі және мал өлімі қаупінің жоғарылауы деген сөз. Сондықтан көптеген елде бұл мәселе заң жүзінде ғана емес, экономикалық тұрғыдан да шешімін таппай отыр. Тек Еуропа Одағы сияқты дамыған аймақтар 2006 жылдан бастап антибиотиктерді өсу стимуляторы ретінде қолдануға тыйым салды. Алайда дамушы елдерде бұл процесс әлі де бақылаусыз қалып отыр.
Еркін айналым
Антибиотиктердің еркін сатылымы – заманауи медицинаның ең үлкен қателіктерінің бірі. Көптеген дамушы елде, соның ішінде Орталық Азия өңірінде де, антибиотиктерді нан сатып алғандай рецептсіз алу әлі де қалыпты жағдай. Бұл құбылыс ғылыми ортада «микробтық анархия» деген атқа ие болды.
Дәріханаларға бақылаудың жоқ-тығы емделушілердің дәрігерге бару жауапкершілігін жояды. Адамдар интер-неттегі кеңестерге немесе көршісінің тәжірибесіне сүйеніп, өзіне-өзі диагноз қояды.
Кез келген антибиотик кез келген бактерияны өлтірмейді. Мысалы, тері инфекциясына арналған дәрі өкпе қабынуына әсер етпеуі мүмкін. Рецептсіз сатылым адамдардың «кең спектрлі» (бәріне бірдей әсер ететін) күшті антибиотиктерді орынсыз пайдалануына әкеледі.
Фармацевт дәріні бергенімен, оны қалай, қанша уақыт ішу керектігін егжей-тегжейлі түсіндірмейді. Нәтижесінде, адамдар симптомдар басыла салысымен емді тоқтатып, ағзасындағы бактериялардың мутациялануына «жағдай» жасайды.
Дәріханалар – бұл ең алдымен бизнес нысандары. Көп жағдайда фармацевтер сауда жоспарын орындау үшін рецепт талап етпестен антибиотиктерді бере салады. Ал кейбір дәріхана қызметкерлері науқасқа антибиотикті «көмектесіп қалар» деген ниетпен вирусқа қарсы қосымша ретінде ұсынады. Бұл – медициналық тұрғыдан қылмыспен тең әрекет.
Дәріханадан рецептсіз антибиотик алу бұл еркіндік емес, бұл – оқтаулы қаруды баланың қолына ұстатып қоюмен тең. Мемлекет тарапынан қатаң бақылау мен айыппұлдар жүйесі енгізілмейінше, біз микробтарға қарсы соғыста жеңіске жете алмаймыз.
Дамыған елдерде (Еуропа, АҚШ, Жапония) антибиотикті рецептсіз алу мүмкін емес. Тіпті дәрігердің өзі антибиотик жазбас бұрын бактериалды егінді тексеріп, инфекцияның түрін анықтауға міндетті. Рецепттік жүйе мемлекетке елде қанша антибиотик қолданылып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл деректер қай аймақта, қандай бактериялардың төзімділігі артып жатқанын алдын ала болжауға көмектеседі. Ал бақылау жоқ елдерде супербактериялардың ошағы пайда болады. Бұл жергілікті мәселе емес, бүгін бір елде рецептсіз ішілген дәріден пайда болған мутацияланған бактерия ертең ұшақ арқылы бүкіл әлемге таралуы мүмкін.
Неге жаңа дәрілер жоқ?
Біз ғылым мен технология қарыштап дамыған заманда өмір сүріп жатсақ та, соңғы 30 жылда антибиотиктердің жаңа кластары ойлап табылған жоқ, Фармацевтика саласы тығырыққа тірелді. Неге?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы 30-40 жылда антибиотиктердің жаңа класы (бактерияға әсер ету механизмі бұрынғылардан өзгеше дәрі) нарыққа мүлде шыққан жоқ. Қазіргі қолданыстағы «жаңа» дәрілердің көбі 1960-1980 жылдары ашылған ескі кластардың жақсартылған модификациялары ғана. Бұл тоқыраудың бірнеше себебі бар. Бірінші себебі – тиімсіз бизнес-модель. Фармацевтика зауыттары үшін антибиотик шығару шығыны көп, қайтарымы аз жоба. Мәселен, бір жаңа антибиотикті клиникаға дейінгі зерттеуден бастап дәріхана сөресіне жеткізуге дейін 10-15 жыл уақыт және шамамен 1-2 миллиард доллар инвестиция қажет. Сонымен қатар антибиотикті адамдар аз уақыт қана ішеді. Мысалы, қан қысымына немесе қант диабетіне қарсы дәрілерді науқас өмір бойы күнде ішеді. Ал антибиотикті адам тек 5-10 күн ғана қабылдайды. Әрине, бизнес тұрғысынан «тұрақты клиент» әлдеқайда тиімді.
Егер компания керемет жаңа антибиотик ойлап тапса да дәрігерлер оны бірден қолданбайды. Оны «резервтегі қару» ретінде сақтап, ескі дәрілер көмектеспеген ең ауыр жағдайларда ғана тағайындайды. Бұл компанияның сату көлемін шектеп, шығынды ақтауға кедергі келтіреді.
Тоқыраудың тағы бір себебі бактериялардың эволюциялық жылдамдықпен тарап, бизнес-жоспарды тас-талқан етуі. Салыстыру үшін айтсақ, жаңа дәріні жасауға 15 жыл кетсе, бактерия оған төзімділікті 1-2 жылда-ақ қалыптастырып үлгереді. Ғалымдар лабораторияда сынақ жүргізіп жатқанда, табиғаттағы микробтар оған қарсы «антидот» дайындап қояды. Бұл – фармацевтикалық компаниялар үшін «алдын ала жеңіліс табатын» жарыс сияқты көрінеді.
1940-1960 жылдар антибиотиктердің «алтын дәуірі» болды. Ол кезде ғалымдар топырақтан немесе зең саңырауқұлақтарынан антибакте-риалды қосылыстарды оңай табатын. Бүгінде барлық табиғи антибиотиктер ашылып бітті. Жаңаларын табу үшін ғалымдарға мұхиттың терең түбіне, экзотикалық үңгірлерге немесе күрделі генетикалық инженерияға жүгінуге тура келеді. Бұл зерттеудің құнын еселеп арттырады. Сондықтан жаңа дәрі ойлап табу екінің бірі бел шешіп кірісе бермейтін шаруаға айналып тұр.
Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар ұзақ уақыт бойы бұл мәселені нарықтың өзіне қалдырды. Алайда еркін нарық антибиотик тапшылығын шеше алмайтынын көрсетті. Көптеген ірі фармацевтикалық компания (Novartis, AstraZeneca, Sanofi) соңғы жылдары антибиотиктерді зерттеу бөлімдерін жауып тастады. Бұл салада тек кішігірім биотехнологиялық стартаптар ғана қалды, бірақ олардың үлкен клиникалық сынақтар өткізуге қаржысы жетпейді.
Қазір бұл салада әлемдік деңгейдегі жаңа модельдер ұсынылуда. Соның бірі – мемлекеттік гранттар. Ғылыми зерттеулерді бизнес емес, мемлекет тікелей қаржыландыруы керек.
Жаңа антибиотиктердің жоқтығы ғылымның әлсіздігі емес, экономикалық жүйенің ақауы. Біз «арзан әрі қолжетімді» дәрілер дәуірінен өтіп кеттік. Енді жаңа «өмір сақтандыру» құралы үшін бүкіл әлем болып қомақты төлем жасауға тура келеді.
Адамзат антибиотикке дейінгі дәуірге қайта оралмауға тиіс. Ол үшін жауапкершілік әрқайсымыздың қолымызда. Бүгін біз қабылдаған әрбір саналы шешім, әрбір дұрыс ішілген дәрі – ертеңгі ұрпақтың амандығы мен медицинаның құдіретін сақтап қалудың кепілі.