Адамзаттың арғы бабасы жалғызкөзді болған – ғалымдар тосын дерек жариялады

/
Адамзаттың арғы бабасы жалғызкөзді болған – ғалымдар тосын дерек жариялады
сурет: istockphoto.com

Омыртқалылардың көру мүшесі неге жәндіктер мен кальмарлардың көзінен мүлде өзгеше? Ғалымдар бұл сұраққа тың жауап тапты: біздің көзіміз теріден емес, мидан дамыған. Lund University және University of Sussex зерттеушілері жүргізген жұмыс Current Biology журналында жарияланды. Ғалымдардың пайымынша, шамамен 600 млн жыл бұрын өмір сүрген ежелгі тіршілік иесі жалғызкөзді, «циклопқа» ұқсас құрттәрізді ағза барлық омыртқалылардың ортақ арғы тегі болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл организм теңіз суынан планктон сүзу арқылы қоректеніп, баяу қозғалған. Бастапқыда оның да жұп көздері болған. Алайда қозғалысы шектеулі тіршілік салтына байланысты олар біртіндеп жойылып кеткен. Бас сүйегінің ортасында тек жарыққа сезімтал жасушалар тобы сақталып, қарапайым ортаңғы көзге айналған. Ол күн мен түнді, жоғары мен төменді ажыратуға ғана көмектескен.

Уақыт өте ағзаның өмір салты өзгеріп, белсендірек қозғала бастаған. Соның нәтижесінде жетілген көру қабілетіне қажеттілік туындаған. Зерттеушілердің тұжырымы бойынша, дәл осы ежелгі ортаңғы көз құрылымдарынан кейінірек кескін қалыптастыра алатын жұп көздер дамыған.

Бұл жаңалық омыртқалылар көзінің жәндіктер мен кальмарлардан неге ерекшеленетінін түсіндіреді. Негізгі айырмашылық – біздің көздің тор қабығы мидан дамиды, ал жәндіктер мен кейбір басқа жануарларда көру мүшесі теріден, бастың бүйірінен қалыптасады.

Зерттеу авторларының бірі, Лунд университетінің сенсорлық биология бойынша құрметті профессоры Dan-E Nilsson бұл нәтиже көз бен мидың эволюциясы туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертетінін айтады.

Тағы бір қызық жайт – сол ежелгі ортаңғы көздің «қалдығы» адам ағзасында әлі бар. Ол – ми ішіндегі эпифиз, яғни қарашық безі. Бұл жарыққа сезімтал құрылым мелатонин гормонын бөліп, ағзаның тәуліктік ырғақтарын реттеуге қатысады. Яғни 600 млн жыл бұрынғы «жалғыз көздің» ізі бүгінгі күні біздің ұйқы режимімізге әсер етіп отыр.

Эволюция кейде күтпеген жолмен дамиды. Бір кездері тек жарықты сезетін қарапайым нүкте болған құрылым кейін толыққанды көру жүйесіне айналған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары