Әнші Қанат Үмбетов әлеуметтік желідегі парақшасында отбасы құндылығы туралы әсерлі жазба жариялап, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол ер адам үшін ең үлкен байлық – мансап пен атақ емес, отбасының тыныштығы екенін атап өтті.
«Ер адам түздің көркі, әйел үйдің көркі дейді. Иә, кейде сыртта көп жүреміз. Арман қуамыз, мақсат қуамыз, жауапкершілік арқалаймыз. Бірақ шынайы тыныштық есікті ашып, өз үйіңе кірген сәттен басталады. Жарым – менің үнсіз тірегім. Ол көп сөйлемейді, бірақ бәрін сезеді. Үйдің жылуы әйелдің, аналардың жүрегінен тарайды», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол ұлы мен қызы туралы да жылы лебізін білдірген.
«Ұлым – менің жалғасым. Ол менің ізімді қайталау үшін емес, менен асып түсуі үшін өсіп келеді. Қызым – жүрегімнің жарығы. Қыздың күлкісі – үйдің шуағы мен нұры. Бұл сурет жай ғана кадр емес, бұл – менің өмірімнің мәні. Менің шынайы байлығым. Мансап та, атақ та уақытша. Ал отбасы – мәңгілік аманат», – деді ол.
Желі қолданушылары жазбаға жылы пікір қалдырып, отбасына бақыт пен береке тіледі.