Конституциялық жоба заңның үстемдігіне бағдарланған – Саида Асанова

Конституциялық жоба заңның үстемдігіне бағдарланған – Саида Асанова

Жаңа Конституцияның жобасына берілген түсіндірме бағыттары Ата заңға тек формальды өзгерістер енгізу емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сапалық тұрғыдан жаңа конституциялық келісімді қалыптастыруға ұмтылыс жасалып отырғанын көрсетеді.

Біріншіден, басқару нысанын нақтылау.

Қазақстан Республикасының Президенттік республика екенін Конституция деңгейінде тікелей бекіту көп жыл бойы қалыптасқан теориялық және практикалық түсініксіздікті жояды. Республика ұғымы басқару нысаны ретінде және республиканың нақты моделі – парламенттік, президенттік, аралас – Конституциялық құқық теориясында әртүрлі санаттар болып табылады. Ұсынылып отырған редакция «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» моделінің логикасына сай келеді және саяси жауапкершілікті бөлуде айқындықты қамтамасыз етеді.

Екіншіден, әкімшілік-аумақтық құрылым.

Әкімшілік-аумақтық құрылымды құқықтық реттеу деңгейін конституциялық заң дәрежесіне көтеру принциптік маңызға ие. Бұл, бір жағынан, ерекше құқықтық режимдерді енгізуге құқықтық негіз қалыптастырса, екінші жағынан, мемлекеттің унитарлығының, аумақтық тұтастығы мен шекараларының мызғымастығына институционалдық кепілдік береді. Осылайша, экономикалық икемділік конституциялық «қызыл сызықтармен» үйлесім табады.

Үшіншіден, егемендік және халық.

Айрықша назар аударуға тұрарлық мәселе – Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің бастауы ғана емес, егемендіктің бірден-бір иесі екенін бекіту. Бұл – декларативтік тұжырым емес, іргелі құқықтық қағида. Егемендік өзінің табиғаты бойынша бастапқы және құрылтайшылық сипатқа ие және одан туындайтын мемлекеттік органдарға тиесілі бола алмайды. Осы арқылы халықтық егемендікті институционалдық егемендікпен алмастыру қаупі жойылады.

Жалпы алғанда, жоба Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру кезеңіндегі Конституциядан кемелденген мемлекет Конституциясына өтуін көрсетеді. Ол заңның үстемдігіне, институционалдық тұрақтылыққа және биліктің қоғам мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіне бағдарланған.

Бұл жоба төңірегіндегі қоғамдық және ғылыми пікірталас – қажетті әрі заңды құбылыс. Дәл осындай талқылау арқылы нағыз конституциялық сана мен Ата заңға деген сенім қалыптасады.

Саида АСАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

заң факультеті деканының орынбасары, PhD

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары