Қытайда бала туу көрсеткіші бұрын-соңды болмаған деңгейге түсті

/
Қытайда бала туу көрсеткіші бұрын-соңды болмаған деңгейге түсті
сурет: istockphoto.com

2025 жылы Қытайдағы туу деңгейі ең төмен көрсеткішке құлдырады. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, биліктің демографияны ынталандыруға бағытталған шараларына қарамастан, елдегі жағдай ушығып барады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қытайдың Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 1 000 адамға шаққандағы туу коэффициенті 5,6-ға дейін төмендеген. Бұл – кемінде 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бергі ең төмен деңгей. Жыл ішінде дүниеге келген сәбилер саны 1,6 млн-ға азайып, бар болғаны 7,9 млн сәби туған. Мұндай күрт төмендеу 2020 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Агенттік бұл деректерді ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бастаған туу көрсеткішін арттыру науқанының сәтсіздігі ретінде бағалайды. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі халық санының қысқаруы ауқымы жағынан Мао Цзэдун тұсындағы 1960-жылдардағы Ұлы ашаршылық кезеңінен бергі ең ірі демографиялық құлдырау болып отыр. 2025 жылы Қытай халқы 3,4 млн адамға азайған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, ел халқы 1,40489 млрд адамға дейін қысқарған. Бір жыл ішінде 7,92 млн бала дүниеге келіп, 11,31 млн адам қайтыс болған. Туу коэффициенті 5,63 промилле болса, өлім-жітім көрсеткіші – 8,04 промилле.

Еске салсақ, Қытайда 2015 жылы «бір отбасы – бір бала» саясаты ресми түрде тоқтатылған еді. Үш онжылдықтан астам уақытқа созылған бұл шектеуден кейін отбасыларға екінші, кейінірек үшінші бала сүюге рұқсат берілді. Алайда бұл өзгерістер әзірге демографиялық ахуалды түбегейлі жақсарта алған жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары