Жасушалардың қартаюын тежеудің жолы табылды

/
Жасушалардың қартаюын тежеудің жолы табылды
сурет: istockphoto.com

Ғалымдар ағзадағы қартаю үдерісін баяулатып қана қоймай, жасушаларды жасартуға мүмкіндік беретін тәсілді анықтады. Арнайы реттеуші ақуыздардың көмегімен қартая бастаған жасушалардың жұмысын қайта баптауға болатыны белгілі болды. Зерттеу Proceedings of the National Academy of Sciences журналында жарияланып, АҚШ Ұлттық денсаулық институттары (NIH) тарапынан қолдау тапқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу Калифорния университетінің Сан-Францискодағы кампусында жүргізілген. Ғалымдар назарын фибробласттарға аударған – бұл жасушалар ағзалар мен тіндердің құрылымдық негізін құрайтын жасушааралық матриксті қалыптастырады. Жас ұлғайған сайын фибробласттардың белсенділігі төмендеп, тіндердің қалпына келу қабілеті әлсірейді.

Зерттеу барысында ғалымдар жас және қарт фибробласттардағы гендердің жұмысын салыстырып, жасқа байланысты өзгерістерді басқаратын шамамен 30 транскрипциялық факторды анықтаған. Бұл – гендердің белсенділігін реттейтін арнайы ақуыздар.

CRISPR гендік редакциялау технологиясын қолдана отырып, зерттеушілер осы факторлардың белсенділігін қарт фибробласттарда өзгерткен. Нәтижесінде жасушалар метаболизм, бөліну қабілеті сияқты көрсеткіштер бойынша «жас» жасушаларға ұқсай бастаған. Ең маңыздысы – бұл әсер тірі ағзада да байқалған.

Ғалымдар профессор Сауль Виледа бастаған топпен бірге EZH2 деп аталатын фактордың деңгейін 20 айлық тышқандардың бауырында арттырған. Бұл шамамен 65 жастағы адамға тең. Соның нәтижесінде бауырдағы фиброз азайып, май жиналуы екі есе төмендеген, ал глюкозаға төзімділік жақсарған.

Зерттеу авторлары бұл жаңалық қартаюмен күресте жаңа бағыт ұсынатынын айтады. Яғни, мәселе жасушаларды толық ауыстыруда емес, олардың функциясын қайта «бағдарламалауда» болуы мүмкін. Мұндай тәсіл болашақта жасқа байланысты ауруларды емдеуде маңызды рөл атқаруы ықтимал.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары