2010 жылы кинорежиссер Жафар Панахиға «үкіметке қарсы насихат жүргізу», «2009 жылғы Президент сайлауының нәтижесіне қарсы акцияға қатысу» және «рұқсатсыз фильм түсіру» (Иранда барлық фильм өндірісіне Мәдениет және ислам бағдары министрлігінің лицензиясы қажет. Панахи бұл ережені бұзған) айыптары тағылып, Тегеран соты оны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Оған алдағы 20 жылда фильм түсіруге, ел аумағынан шығуға және сұхбат беруге тыйым салды. Сол жылғы Канн кинофестивалінің қазылар алқасына мүше болуға шақырылған Панахи Тегеранда қамауға алынды.
Осы оқиғадан кейін Канн, Венеция, Берлин кинофестивальдері, Еуропа киноакадемиясы мен ПЕН-клуб Иран билігін Панахиды босатуға шақырды. Мартин Скорсези, Кен Лоуч, Стивен Спилберг, Коста-Гаврас, Вим Вендерс секілді режиссерлер Иран үкіметіне ашық хат жазды. Канн фестивалін ұйымдастырушы қазылар алқасының үстелінде Панахиға жеке орын беріп, бос орындық, аты жазылған тақтайша қойды. Әлемде Жафардың бос тұрған орны саяси манифест ретінде қабылданды. Ал фестиваль президенті Жиль Жакоб: «Бұл бос орын – тек бір ғана режиссердің емес, әлемдегі барлық суреткердің шығармашылық еркіндік жолындағы күресінің белгісі» деп мәлімдеді. Бұл көрініс кейіннен әлемдік БАҚ-та «Еркіндіктің бос орны» (The Empty Chair of Freedom) деп аталып кетті. Панахиға арналған бос орын Канн тарихындағы ең поэтикалық және саяси сәттердің бірі болды. Өз елінде қуғын көрген режиссерлерге арналған «бос орын» дәстүрі өз жалғасын тауып келеді.
Осындай халықаралық қысымдардан кейін Иран билігі Панахиға шығарылған ресми үкімді жартылай орындап, оны үйқамаққа ауыстырады. Бір жылдан кейін, 2011 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Канн фестивалінде Панахидың «Бұл фильм емес» (This Is Not a Film) деп аталатын туындысы көрермен назарына ұсынылды. Режиссер фильмді өз үйінде ұялы телефоны мен шағын камерасына түсіріп, флешкаға жазып, тортқа жасырып Францияға жеткізеді. Аталған туынды камера алдындағы адамның өз еркіндігі туралы толғанысы, өнер мен саясат арасындағы шекараның жойылғанын мәлімдейтін философиялық манифест болды. Фильмде Панахи өзіне салынған тыйымдарға қарамастан кинематографист танысы Можтаба Миртахмасбаны өз пәтеріне шақырып алады. Панахи камера алдында өзінің түсірілмей қалған фильмінің сценарийін оқып, кейбір көріністерді пәтер ішінде ойнап, түсіндіреді. Миртахмасба осының бәрін камераға түсіріп жүреді. Фильмде Панахи өзінің «Айна», «Шеңбер», «Қан түстес алтын» фильмдерінен үзінді кадрлар көрсетеді. Туындыларының артықшылығы мен кемшілігі туралы сөз етеді. Фильм соңында көшедегі Жаңа жыл – Наурыз мейрамының отшашу шеруіне куә боласыз. Бұл отшашу ежелгі зороастр дәстүрінен қалған көне от мерекесі. Ол халық арасында жамандықтан арылу мен тазалыққа бет бұрудың белгісі ретінде тойланып, еркіндік пен қуаныштың хабаршысына айналады. Фильмдегі отшашу қоршаудың сыртынан көмескі түрде көрініп барып жоқ болады. Үміт сәулесі әрқашан қараңғылықтың арғы жағынан елес беріп, болашаққа қатқыл үн қатады...
Панахиға салынған тыйым үнсіздіктің емес, керісінше, шығармашылық қарсылықтың жаңа формасына айналды. Бүгінге дейін режиссердің «Ақ шар» (1995), «Айна» (1997), «Шеңбер» (2000), «Қан түстес алтын» (2003), «Офсайд» (2006), «Жабық перде» (2013), «Такси» (2015), «Үш жүз» (2018), «Аюлар жоқ» (2022) секілді фильмдері жарыққа шықты. 1995 жылы алғашқы толықметражды «Ақ шар» фильмін тағы бір таңғажайып режиссер Аббас Киорастамидің сценарийі бойынша түсіріп, Канн кинофестивалінде «Алтын камера» жүлдесін жеңіп алады. Осыдан кейін Панахидың есімі әлемге кеңінен тарай бастады. Фильмде кішкентай қыз Разие Наурыз мейрамына орай алтын балық сатып алғысы келеді. Алайда анасы берген ақшаны жоғалтып алады. Разие сол ақшаны табу үшін қала көшелерін аралап, түрлі адамдармен кездеседі. Оны біреулер алдамақ та болады. Фильмнің басты тақырыбы – баланың аңғалдығы мен үлкендердің қатыгез әрі немқұрайлы әлемінің қақтығысы. Режиссер кішкентай қыздың көзімен қоғамдағы кедейлік пен байлықты, сенім мен алдауды, мейірім мен қаталдықты көрсетеді. Бұл – «кішкентай адамдардың» «Одиссеясы». Олардың кеудесіндегі үзілмеген үміт сәулесінің қатал да қатқыл қоғамның тас қабырғалары ішінен жарық шашуы... Фильмдегі кішкентай Разиенің рөлін сомдаған қыз әлемдік кино тарихындағы ең шынайы бала кейіпкерлердің бірі болып қалды.
Ал «Айна» (1997) фильмінде режиссер Иран киномотографиясында кеңінен таралған псевдодокументал жанрында эксперимент шешімдерге барады. Фильм басында кәдімгі реалистік драма бар: бірінші сыныпта оқитын Минаны анасы мектептен алып кетуге келмей қалады. Содан соң кішкентай қыз өз бетінше үйге қайтпақ болып адасып кетеді. Автобусқа міне алмай жолда кездескен ересектерден көмек сұраумен болады. Көрермен кішкентай қыздың көзімен Тегеран көшелеріндегі күнделікті қым-қуыт тіршілікке, қала тұрғындарының өміріне куә болады. Бірақ фильмнің дәл ортасына келген сәтте күтпеген нәрсеге куә боласыз: қыз кенет камераға қарап «мен бұдан ары ойнағым келмейді» дейді де, кетіп қалады. Сол сәттен бастап фильм «фильм» болудан қалып, деректі киноға айналғандай әсер береді. Әрі қарай экран алдындағы көрермен әлі де кішкентай қыздың үйіне қайтар жолды іздеп жүргенін көреді. Бірақ бұл жолы камера арқылы фильмдегі Мина емес, шынайы өмірдегі Минаның өмірін тамашалайсыз. Бұл жерде режиссер көрерменге келесідей сауал тастайды: «Біз экраннан көріп отырғанымыз шын өмір ме, әлде режиссер жасаған иллюзия ма?». «Айна» – фильмнің өзін айна секілді көрсететін фильм. Ол «сен көріп отырған шындық та – режиссердің таңдауы» деген ой тастайды. Экран – өмірдің көшірмесі емес, оны қалай көргіміз келетінін көрсететін бейне. Панахи өзінің сұхбаттарының бірінде аталған туындысы арқылы шынайылық пен қиялдың қалай астасып кететінін көрсеткісі келгенін айтады.

«Айна» фильмі Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстан» жүлдесін алған соң Жафар Панахиды әлемдік артхаус режиссері ретінде танытып қана қоймай, кейінгі Иран киносына да қатты әсер етті.
Режиссердің 2000 жылы жарыққа шыққан «Шеңбер» атты туындысы Иран қоғамындағы әйелдердің ауыр жағдайын суреттейді. Фильмде басты кейіпкер жоқ, ол әйелдердің күнделікті өмірінен алынған шағын оқиғаларға құрылған. Барлық хикаялар бір-бірімен ұсақ-түйек детальдар арқылы ғана байланысып, бірінен соң бірі жалғасып отырады. Осылайша, фильм сюжетінде тұйық шеңбер құралады, яғни фильмнің басындағы оқиға оның соңындағы оқиғадан соң өтеді. «Шеңбер» фильмі Венеция фестивалінің бас жүлдесін иеленгеннен кейін ел аумағында көрсетуге тыйым салынды.
Ирандағы әйелдер тақырыбы суреткердің кезекті «Офсайд» фильмінің де өзегі. Өнердің саяси салмағына басымдық беретін Берлин кинофестивалінде әділ қазылардың грани-при жүлдесін алған аталған туындыда футбол матчына қатыса алмай қалған жасөспірім қыздардың оқиғасы баяндалады: Иранда әйелдерге ерлер футбол жарысын көру үшін стадионға кіруге тыйым салынған. Алайда бұл тыйым жас жанкүйер қыздардың стадионға кіруге деген талпыныстарына тоқтау бола алмаған. Бірнеше қыз Иран мен Бахрейн құрамалары арасындағы матчты көру үшін стадионға жасырын кірмек болады. Олар ер адамның киімін киіп, діттегендеріне жетуге оқталады. Өкінішке қарай, олардың бәрі мақсатына жете алмайды. Ұсталып қалған бес қызды солдаттар матч бойы темір қоршауда қамап ұстайды. Қыздар алаңнан шыққан дауыстардан ойын қалай өтіп жатқанын топшылайды. Ал ойын аяқталған соң оларды жезөкшелікке қатысты істермен айналысатын полиция бөліміне апармақ болады. Матч аяқталып, Иран құрамасы Бахрейнді 1:0 есебімен жеңген хабар естіледі. Сыртта Иран халқы жаппай қуанып, жеңісті тойлай бастайды. Көшелерде көлік қозғалысы қиындап, ақыры қыздарды апара жатқан автобус тоқтауға мәжбүр болады. Қуаныш толқыны автобус ішіне де жетеді: алдымен ішке наубайшы кіріп, жолаушыларға нан-тоқаш таратады. Кейін қалың жұрт солдаттарды автобустан сүйреп шығарып, бірге билеуге мүжбүр етеді. Осы абыр-сабырда қыздар қашып шығып, тойлап жатқан халықтың арасына сіңіп кете барады.

Панахидың әңгіме басында айтқан аты шулы үкімге дейін түсірген соңғы толықметражды фильмі «Офсайд» оның камера арқылы жеткізген ең бір әсерлі әрі мұңды иллюзиясы болды, және солай болып қала бермек.
«Стадионда кім болса да бәрібір, бәріне бірдей қарғыс жаудыруға болады және онда ешкімнің шаруасы жоқ».
Бұл – фильмнен алынған сөз. Сондағы «олардың бар кінәсі – Иранда туғаны». Бұл да фильмдегі кейіпкердің аузымен айтылады. Иә, өзіне дейінгі өркениеттермен салыстырғанда теңдессіз жетістіктерге жеткені мен адамзат ақыл-ойының кемел кезеңінде қалыптасқан қоғамдық құрылымына қарамастан ХХІ ғасыр әлі де қатаң режимдерге толы. Бәлкім, мұның бәрін Қабылдың Абылды өлтірген сәтінен бастап адам санасында ұялаған жауыздықтың жер бетінде мәңгілік екеніне иек артып ақтап алуымызға да болар. Десек те, ізгілік пен адамзаттың игілігі жолындағы күрес пен оған деген сенім ешқашан жойылмауға тиіс. Күрес пен сенімнің өнер тілінде сөйлеуі – заңдылық. Әрқашан солай болып келеді, бола берері де – хақ. Өнердің атқаратын қызметі көп. Жарылыс пен жетімдер үні әуелеген әлемде бейбітшілік қанатын кең жаюы үшін өнер қызмет етіп келеді. Еркіндік сыртындағы құрсаулар жайлы сол құрсаудағы өнерден артық ештеңе де айтып бере алмайды, һәм оларды сол құрсаудағы өнерден басқа ештеңе де шеше алмайды.
Бұл тек Панахидың ғана емес, Ирандағы, одан қалды әлі де азаматтық құндылықтар мен ортақ ізгілік идеялары орнай қоймаған елдердегі көптеген суреткердің басындағы жағдай. Қалай десек те, шынайы өнер түптің түбінде жеңіп шығарына кәміл сенемін...
P.S. 2025 жылы 78-Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» иран режиссері Жафар Панахидың «Жай ғана кездейсоқтық» фильмі жеңіп алды. Фильм кіріспесінде былай деп жазылған: «Репрессив режимнен қалай кек алуға болатыны туралы ызалы, сонымен қатар күлкілі триллер». Фильмде барлау қызметкері жүкті әйелімен бірге көлік апатына ұшырап, кездейсоқ өзінің бұрынғы тұтқындарына (өздерін осы қызметкер азаптады деп ойлайтын) тап болады. Олардың көшбасшысы кек қайтару үшін бәрін жинай бастайды. Жол бойында олар өз әрекеттерінің дұрыс-бұрысы мен өз күдігінің шындыққа қаншалықты сай келетінін ой елегінен өткізумен болады...
Панахидың күрескерлік һәм суреткерлік феномені оның қанша қысым көрсе де, өз елін тастап кетпеуінде жатыр. Ол үшін Иранда қалу – бұл өз еліндегі цензура мен қысымға қарсы күрестің бір формасы. Оның кейіпкерлері, фильм сюжеттері мен оқиғалары Иран қоғамына ғана тән және сол қоғамда ғана туады.
Өнер қашанда өзіне үстемдік құрғысы келген күштерді жеңеді. Панахидың кезекті жеңісі – осының тағы бір айқын дәлелі.
Әлихан МАХАШ