Түркістан облысы Кентаудағы жарылыстан көз жұмған 20 жастағы жігіттің жақындары әділеттілік іздеп, іске жауаптыларды жазаға тартуды талап етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Информбюро жаңалықтар қызметінің мәліметінше, жігіттің туыстары газ баллоны жарылған дәмханада қарапайым өрт сөндіретін құрылғылар болмағанын айтады.
Тұрғындар амалдың жоқтығынан қызыл жалынды қымызбен өшіруге тырысыпты. Денесінің тоқсан пайызын күйік шалған Бақдәулет Мұса жансақтау бөлімінде жан тапсырған еді. Өкініштісі сол, марқұм оқиға орнында ажал құшқан Дана Сағынғалиқызымен көктемде үйленуді жоспарлаған екен. Ол дәмханаға бір ай бұрын аспаз болып кірген. 20 жастағы жігіт пен Дана екеуі бір жерде жұмыс істеген. Дәмханада газ баллон жарылып, 18 жастағы қыз оқиға орнында тіл тартпай кетсе, араға 8 күн салып Бақдәулет Мұса да ауруханада көз жұмды.
"Жаңағы кафенің ешқандай техникалық қауіпсіздік жоқ, біріншіден. Екіншіден, адам өртеніп жатыр қарапайым өрт сөндіргіштері жоқ. Ол баланың үстіне қымыз құйып өшірген жанып жатқан кезде. Құм да, күрек те, шелек те жоқ. Вообще ештеңе жоқ. Сонда бұлар органдар қайда қарап отыр? Әшейінде кафенің бәрін жауып тастайтын. Неге екіге дейін жұмыс істеді бұлар? Может бәрі бір-бірімен сыбайлас шығар?", – дейді марқұмның ағасы.