Туристік жағажай аумағынан 5 адамның басы табылды

/
Туристік жағажай аумағынан 5 адамның басы табылды
сурет: MARCOS PIN /AFP via Getty Images

Эквадорда туристер жиі баратын жағажайда қылмысқа қатысты ауыр оқиға тіркелді. 11 қаңтарда Эквадордың оңтүстік-батысындағы Пуэрто-Лопес қаласында орналасқан туристік жағажай аумағынан 5 адамның басы табылды. Бұл аймақ киттерді бақылау турларымен танымал және елдегі ең көп баратын курорттардың бірі саналады, деп хабарлайды turkystan.kz CBS News-ке сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, оқиға орнында қылмыстық топтар арасындағы қақтығысқа меңзейтін жазба қалдырылған. Онда жергілікті тұрғындардан ақша бопсалаумен айналысатын бандаларға бағытталған қоқан-лоқы сипатындағы сөздер жазылған. Құқық қорғау органдары бұл жағдайды ұйымдасқан қылмысқа байланысты деп отыр.

Аталған жағажайда өткен жылдың желтоқсан айында да қарулы шабуыл болып, кемінде тоғыз адам қаза тапқан еді. Сарапшылар соңғы оқиғаларды елдегі есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтар арасындағы ықпал үшін күреспен байланыстырады.

Эквадордың ұйымдасқан қылмысты бақылау обсерваториясының дерегіне сәйкес, 2025 жыл ел тарихындағы ең зорлық-зомбылық деңгейі жоғары кезеңдердің біріне айналған. Ел бойынша кісі өлтіру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 52 жағдайға жеткен.

Ел президенті Даниэль Нобоа қылмыстық ұйымдарға қарсы күресті күшейтуге уәде беріп, қауіпсіздік шаралары қатаңдатылатынын мәлімдеді. Билік өкілдері туристік аймақтарда қосымша бақылау енгізілгенін хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары