Депутаттар Алматы тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді тыңдады

/
Депутаттар Алматы тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді тыңдады
Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айгүл Құспан, Сергей Пономарев және Айдос Сарым Алматы қаласының халқымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, шаһардағы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым және мәдениет нысандарын аралады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутат Айдос Сарым жүргізген азаматтарды қабылдау барысында әлеуметтік қолдау, тұрғын үй құқықтары, медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрілік заттармен қамтамасыз ету және қаланы дамыту мәселелері көтерілді. Тұрғындардың өтініші бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде түсініктеме берілді, кей мәселелер одан әрі қаралатын болды.

Сергей Пономарев Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық театр ғимаратында болып, нысанның жай-күйімен, биыл қараша айында аяқталуы тиіс қайта жөндеу жұмысының барысымен танысты. Жөндеу жұмысы қазір тоқтап тұр. Сәулет ескерткіші және ұлттық мәдениеттің символдарының бірі болып табылатын театрдың құрылғанына биыл 100 жыл толмақ. Депутат реконструкцияны аяқтау мәселесі республикалық деңгейге шығарылып, объектінің тарихи және мәдени маңыздылығын ескере отырып шешілуге тиіс екенін атап өтті.

– Мұндай нысандар ұлттың мәдени кодын қалыптастырады. Еліміз үшін ерекше орны бар көрнекті мекемелердің құрылысы ұзаққа созылуына  жол беруге біздің құқымыз жоқ. Бұл мәселе Мәжілісте көтеріледі, – деді Сергей Пономарев.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысындағы техникалық және кәсіптік оқу бөлімшесіне барды. Депутат бөлімшенің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейімен, жеке құрамның қызмет көрсету және оқыту шарттарымен, сондай-ақ медициналық пункттің жұмысымен танысты. Санитарлық бейіндегі маман даярлау, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды.

– Шекарашыларды жабдықтауға, тұрғын үймен қамтуға, оларға медициналық қызмет көрсетуге қатысты бірқатар проблемалар бар екенін білеміз. Оның кейбірі, әдетте, бюрократиялық және нормативтік сипатта. Оның барлығы шешіледі. Ең бастысы, шекарашылардың жігерлі болуы, олардың бойындағы патриотизм мен кәсібиліктің жоғары болуы, – деп атап өтті Айгүл Құспан.

Мәжіліс депутаттары сондай-ақ «AMANAT»    партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан Наурызбай ауданының Шұғыла шағын ауданындағы II типті өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты. Жаңа депо Өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын едәуір қысқартуға, құрылыс қарқынды жүріп жатқан аудан тұрғындарын қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылысы жоспарлы режимде жүріп жатқан нысан 2026 жылдың соңына дейін тапсырылуға тиіс.

Депутаттар шұғыл қызметтердің дайындығы мәселелері қала тұрғындарының өмір сүру сапасына мен қауіпсіздігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары