Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева және «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қазыбек Әлішев Ақтөбе қаласындағы «Capital Plast KZ» ЖШС ұжымымен кездесіп, өнеркәсіп саласын дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Capital Plast KZ» ЖШС 2023 жылдан бері Ақтөбе қаласында гофроқаптама және стрейч-пленка өндіруді жолға қойған, өңірдегі маңызды өнеркәсіптік жобалардың бірі болып саналады. Жалпы инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайтын жоба аясында гофроқаптама өндірісінің бірінші кезеңі іске қосылды. Биыл екінші кезеңді қолға алып, стрейч-пленка өндіре бастамақ. Жоба толық қуаты іске қосылған соң жылына 21 млн шаршы метр қағаз өнімін және 1,8 мың тонна стрейч-пленка өндіруге тиіс. Сөйтіп шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ұжым алдында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мен инвесторларды қолдау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары болып қала беретінін атап өтті. Ол «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында соңғы үш жылда Ақтөбе облысының өнеркәсіп секторында тұрақты өсім бар екенін еске салды. Атап айтқанда, жалпы сомасы 105 млрд теңгеден астам 20 өнеркәсіптік нысан іске қосылды. Бұл шамамен 2 300 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлерін толғандыратын мәселелер көтерілді, соның ішінде жұмыстың тұрақтылығы, жалақы көлемі және еңбек құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Депутаттар өткен жылы Мәжіліс инвестицияларды ынталандыруға және еңбек адамның құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамаларды қарастырып, қабылдағанын атап өтті.
– Парламент тек инвестиция тартуға ғана емес, сонымен қатар инновациялық белсенділікті дамытуға және кәсіпкерлік үшін қолайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған заң жобаларын қолдады. Бұл интеллектуалдық меншікті қорғау саласындағы реформаларды, іскерлік климатты жеңілдетуді, сондай-ақ бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтетін банктер және банк қызметі туралы жаңа заңның қабылдануын қамтиды, – деп атап өтті Қазыбек Әлішев.
Соңғы уақытта Мәжілісте қабылдаған, еңбек жағдайларын жақсарту және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасына ерекше назар аударылды. Еңбекақыдағы теңгерімсіздікті жоюға, әкелерге кәмелетке толмаған балаларға күтім жасаған кезеңдегі еңбек өтілін есептеуге, сондай-ақ нақты еңбек қатынастарына қатысты азаматтық-құқықтық шарттардан кезең-кезеңмен бас тартуға бағытталған құжат жалдамалы қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтеді.