Талдықорғанда көп қабатты үйде өрт болып, 35 адам эвакуацияланды

/
Талдықорғанда көп қабатты үйде өрт болып, 35 адам эвакуацияланды
видеодан скриншот

Талдықорған қаласының Қаратал шағынауданында бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйде өрт шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірінші қабаттағы пәтерде болған өрт туралы хабар 12:52-де түскен.

Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жетті. Кіреберістің қалың түтінге толуына байланысты тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Барлығы үйден 35 адам эвакуацияланды.

Құтқару жұмыстары барысында автосатының көмегімен жоғарғы қабаттардың терезелерінен сегіз адам құтқарылды, олардың ішінде жеті бала бар.

— Қалың түтінге байланысты тұрғындарды автосаты арқылы жоғарғы қабаттардың терезелері арқылы эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Алдын алу мақсатында құтқарылғандардың барлығы қосымша медициналық тексеруден өту үшін Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына тұрмыстық себептер ықпал еткен.

Сондай-ақ ведомствода өртті сөндіруге 26 құтқарушы мен 7 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылғанын атап өтті. Өрт 13:40-та толықтай сөндірілді.

Бұған дейін Алматыда ТЖМ қызметкерлері Рысқұлбеков көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде орналасқан пәтердегі өртті сөндіргені хабарланған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары