Жасанды зерденің шексіз дамуы болашақтың соққысына айналмай ма?
2025 жыл әлемде жасанды интеллекет жылы болды десек, қателеспейміз. ЖИ туралы сөз әлемдік трендке айналды. Алып компаниялар жасанды зердені дамытудың түрлі жолдарын қарастырып отыр. ЖИ араласпайтын сала жоқ. Таяу жылдары бұл бағытқа салынатын қаржы мен түсетін пайда триллондаған долларға жетеді деген болжам бар. Барлық ел ЖИ-ді дамытудың түрлі аспектілерін қарастырып жатыр. Елімізде арнайы министрлік құрылып, ЖИ-ді дамытудың кешенді жоспарлары құрылды. Қысқаша айтқанда, 2025 жылды «ЖИ жылы» деп атасақ та болады. Біз бүгін жасанды интеллекттің артықшылығымен қатар, көлеңкелі тұстарын да қарастырып көрмекпіз.
Жасанды интеллект адамзатқа бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ұсынып отырғанымен, оның ықтимал қаупі бары да күн тәртібіне шықты. Алгоритмдер диагноз қояды, шешім қабылдайды, деректерді сүзгіден өткізеді, тіпті адам тағдырына әсер ететін үкімдерге ықпал ете алады. Ғылым мен технология дамыған сайын жауапкершілік мәселесі де ушыға түсті. Жасанды интеллект қателессе, оған кім жауап береді? Ол адам еркіндігін кеңейте ме, әлде шектей ме? Болашақта ғылым, экономика және қоғам қандай тәуекелдермен бетпе-бет келуі мүмкін? Бұл сұрақтар тек ғалымдарды емес, бүкіл адамзатты ойландыруда.
Біз тарихта алғаш рет санасыз, бірақ аса ақылды жүйелерді жасап отырмыз. Олар бізден тез есептейді, дәл болжайды, қателікті аз жібереді. Бірақ олар сезбейді, жауапкершілік алмайды, адам тағдырына алаңдамайды. Соған қарамастан, дәл осы алгоритмдер медицинаға, экономикаға, саясатқа еніп, шешуші рөл атқара бастады. Бұл адамзат үшін прогресс пе, әлде қауіпті бетбұрыс па?
Иә, бұрын көп нәрсені жасау адамның қолынан келетін. Қазір роботтар мен компьютерлер бізді қуып жетуге шақ қалды. Енді біраздан соң көп салада басып озуы бек мүмкін. Компьютерлердің жұмыс принципі біздікінен мүлдем басқаша болғандықтан жақын болашақта олар адаммен теңесе қоймас. Өйткені компьютерлерде сана, эмоция мен сезім болмайды. Оның үстіне ғалымдар компьютер қуатын мың есе күшейткенімен, ең жаңа, ең қымбат құрылғылардың өзі 1950 жылдардағы прототипінен саналы емес.
Дегенмен адамзат ғаламат революция алдында тұр. Бұл – шындық. Интеллектінің санадан бөлініп шығуы адамдарды экономикалық тұрғыдан құнсыздандыруда десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінге дейін жоғары интеллект дамыған санамен қатар жүріп келді. Шахмат ойнау, машина айдау, ауруды анықтау, террористерді табу сияқты терең ақылды қажет ететін міндеттерді шешуге тек саналы тіршілік иелері ғана қабілетті болды. Алайда қазір адамдар интеллектінің жаңа түрлерін жасап жатыр. Ал олар жоғарыда аталған міндеттерді адамдардан артық атқарып отыр.
Техниканы кім басқармақ?
Бұрын интеллекті мен сананың қайсысы маңызды деген сұрақ философтардың ғана ермегі болатын. Енді XXI ғасырда бұл мәселе саясат пен экономика саласында өткір проблемаға айналды. Ең бастысы – армия мен корпорациялар үшін интеллект міндетті түрде керек, олар онсыз жұмыс істей алмайды, бірақ оларға сананың болуы маңызды емес. Жасанды интеллектке сана мен субъективті сезімдердің қажеті шамалы. Мысалы, ет пен сүйектен жаралған таксист жұмыс барысында түрлі сезімді бастан кешіп отырады. Ол музыка тыңдап рахаттанады, аспанға қарайды, өмір жайлы ойға шомады, үйдегі бала-шағасының қамын ойлайды, т.б. Әлемнің үлкен мегаполисінде кетіп бара жатқан таксист үшін бұл сезімдер өмірдің мәнін байытады, бірақ көлік жүйесі үшін мұның бәрі артық. Жүйеге қажет жалғыз нәрсе – жолаушыны А нүктесінен Б нүктесіне мүмкіндігінше тез, арзан әрі қауіпсіз жеткізу. Музыкадан ләззат алмай-ақ, өмірдің мәні жайлы ойланбай-ақ, автономды көлік бұл міндетті адамнан әлдеқайда тиімді орындай алады.
Индустриялық революция жылқының тағдырын қалай өзгерткенін тарихтан білеміз. Жылқы баласы адам таниды, сезе алады, кедергілерден секіреді және көптеген әрекетті ең қымбат деген Lamborghini-ден де жақсы орындайды. Соған қарамастан, машиналар жылқыларды ығыстырды. Себебі олар жүйе үшін аса маңызды аз ғана функцияны әлдеқайда тиімді атқарды. Міне, бүгінде таксистер де жылқылардың тағдырын қайталай бастады.
Егер адамдарға көлік жүргізуге толық тыйым салып, жол қозғалысын компьютерлік алгоритмге тапсырсақ, барлық көлікті біртұтас жүйеге біріктіруге болады. Мұндай жағдайда жол-көлік оқиғалары айтарлықтай азаяр еді.
2015 жылы өздігінен жүретін автокөліктердің бірі жол апатына түсті. Ол жол қиылысына таяп, өткелден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді байқап тоқтаған сәтте, арт жағынан келе жатқан «Седан» көлігінің жүргізушісі соғады. Егер екі көлік те бір-бірімен байланысқан компьютерлік жүйе арқылы басқарылғанда, мұндай оқиға болмас еді. Себебі бақылаушы алгоритм жағдайды толық көріп, әрбір көліктің келесі қадамын алдын ала есептеп, екеуінің соқтығысуына жол бермес еді.
Жасанды интеллектінің артықшылығы сол, уақыт пен қаржыны үнемдеп қана қоймай, көптеген адамның өмірін сақтап қалар еді. Алайда бұл үдеріс адамның көлік жүргізу тәжірибесін толық жойып, сонымен бірге миллиондаған жұмыс орнының қысқаруына алып келеді. Кейбір экономистердің пікірінше, заман талабына сай білім ала алмаған адам түптің түбінде қоғамға қажетсіз болып қалуы ықтимал.
McKinsey & Company консалтинг компаниясының болжамына сенсек, 2030 жылға қарай ЖИ-дің кесірінен 800 млн жұмыс орны жойылуы мүмкін. Негізі, ғалымдар XVIII-XIX ғасырларда да индустриялық революция жаппай жұмыссыздыққа әкеп соға ма деп қорыққан. Дегенмен жоғалған мамандықтардың орнына жаңалары пайда болды және жұмыстың көбін адам машинадан артық атқарды.
ЖИ адам емдей ме?
Ғалымдар болашақта миды сканерлеу арқылы қылмыскердің шын не өтірік айтып отырғанын бір секундта анықтауға болады деп болжам жасайды. Сонда миллиондаған тергеуші, адвокат, детектив жұмыссыз қалмақ.
Қажетсіз болуы мүмкін мамандықтардың тізімінде дәрігерлер де тұр. Олардың басты міндеті – науқасқа дұрыс диагноз қойып, ең тиімді емдеу әдісін ұсыну. Алайда бүгінде ЖИ кейбір міндеттерді адамнан артық орындайды. Мәселен, рентген, КТ, МРТ суреттерін өте дәл талдайды, ісік, инсульт, өкпе ауруларын ерте анықтайды, мыңдаған медициналық мақаланы бір сәтте оқиды, сирек ауруларды салыстырып таба алады, ең бастысы 24/7 жұмыс істейді, шаршамайды. Бірақ ЖИ-дің дәрігерді алмастыра алмайтын кезі де бар. Медицина дегеніміз тек есеп емес. Ол науқаспен эмоциялық байланыс орнату, үрейленген адамды тыныштандыру, күрделі жағдайда моральдық шешім қабылдау, жауапкершілікті мойнына алу. Яғни, ЖИ-де интеллект бар, сана жоқ.
Израильдік тарихшы, Иерусалимдегі Еврей университетіндегі тарих департаментінің профессоры Ювал Ноаһ Харари өзінің «Болашақтың қысқаша тарихы» атты бестселлер кітабында қазіргі замандағы адамзат алдында тұрған ең өзекті мәселелер – технология, саясат, дін, бостандық, әділет, теңсіздік сияқты тақырыптарды талдап, жаһандық сын-тегеуріндер мен болашаққа қатысты басты сұрақтарға жауап іздейді. «Жасанды интеллект, биоинженерия адамзатты қалай өзгертеді? Адамның рөлі қандай болады?» деген сауалға: «Әрине, дәрігер атаулы мүлдем жоғалып кетпейді. Диагноз қоюға шығармашылық тұрғыдан келу әлі біраз уақыт адамның ғана қолынан келетін іс болып қала бермек. Элиталық арнайы бөлімдердің санын көбейтіп жатқан XXI ғасыр армиялары сияқты, денсаулық сақтау саласында да «рейнджерлер» (АҚШ құрлықтағы әскери күштерінің десантшылары) мен «теңіз мысықтарына» (АҚШ әскери әуе күштерінің арнайы операциялармен айналысатын бөлімі) ұқсас жаңа қызметтер пайда болуы мүмкін. Бірақ миллиондап сарбаз ұстаудың армияға қажеті азайғаны сияқты, денсаулық сақтау саласында да миллиондаған жай дәрігердің керегі болмай қалады», – деп жауап береді. Яғни, таңдау адамның өзінде. Компьютерлік томография қатерлі ісікпен ауыратыныңызды анықтаса, бұл жаңалықты сіз жансыз машинадан білгіңіз келе ме, әлде эмоциялық күйіңізді түсіне білетін дәрігерден бе?
Ең тиімді сценарий ЖИ мен дәрігердің қосындысы. Мысалы, ЖИ диагноздың 3 нұсқасын ұсынады. Дәрігер олардың ішінен дұрысын таңдайды әрі науқаспен сөйлеседі, түсіндіреді, жауапкершілікті өзіне алады. Бұл өз кезегінде қателікті азайтады, уақытты үнемдейді, сапаны арттырады. Логикаға салсақ, ЖИ дәрігердің көмекші құралы болуға тиіс. Өйткені ЖИ дәрігерді алмастырмайды. Бірақ жасанды интеллектіні қолдана алатын дәрігер оны қолдануды білмейтін дәрігерді алмастыруы мүмкін...
Міне, біз жоғарыда атаған ЖИ-дің адамдарды экономикалық тұрғыдан құнсыздандыруы осы. Пайдасы жоқ адамдар қайда барады? Аса ақылды бейсаналы алгоритмдер барлық істе дерлік озып кетсе, саналы адамдар не істейді? Өмірдің мәні қайда қалмақ?
Өнерге ЖИ-дің де бар таласы
Интернет әлемінде ЖИ салған суреттер қазір сондай танымал. Оны суретшінің шынайы туындысы дерсіз. Ажырата алмай қиналасыз. Осындайда «Жұрттың бәрі өнерпаз болып кете ме? ЖИ өнерде бізден оза алмайды деп неге сүйеніп айтамыз?» деген сауалдар санада қылаң береді.
Таза ғылым тұрғысынан алғанда, өнер – шабыттанған рухтың немесе метафизикалық жанның тылсымы емес, математикалық модельдерді танитын алгоритмдердің өнімі. Дэвид Коуп деген музыкатанушы профессордың EMI (музыкалық интеллект эксперименттері) деп аталатын жобасы музыка шығаруға маманданған. Сазгер-бағдарлама Иоганн Себастьян Бахтың стилімен бір күнде 5 мың композиция шығарған. Тіпті, EMI-дің авторлық концерті қойылған. Тыңдармандар бірауыздан мақтап: «Жан-дүниеміздің тереңіне бойлады» деп тамсанған. Олар музыканың авторы Бах емес, EMI екенін білмеген. Шындықты айтқан кезде біразы үнсіз түнеріп қалса, біразы қатты ренжіген.
Философ, жазушы Ювал Ноаһ Харари «Болашақтың қысқаша тарихы» кітабында ЖИ-дің өнерді алмастыруы мүмкін екені туралы өте өткір ой айтады. Оның ойынша ЖИ өнердің көп бөлігін алмастыра алады, бірақ бұл өнердің «өлімі» емес, оның мәнінің өзгеруі. Харари үшін ЖИ-дің өнерді «сезбей-ақ» жасауы кейде қорқынышты. Себебі ЖИ қайғырмайды, қуана алмайды, шабыттанбайды, бірақ адамдарға қайғы, қуаныш, әсер сыйлайтын өнер туындыларын жасай алады. Бұл – парадокс. Санасыз интеллект сезім тудыратын өнер жасай алады. Осы жерде тыңдаушы мен көрермен үшін айырмашылық жойылады. Харари: «Егер музыка сенің жаныңды тербесе, оны адам, әлде алгоритм жазғаны маңызды ма?» деген сұрақ қояды. Әрине, маңызы жоқ, сонда егер өнерді алгоритм жасаса, талғамды да алгоритм анықтаса, онда адамның рөлі қайда қалады? Сонда болашақта суретшінің, композитордың, жазушының қоғамдағы орнын түбегейлі өзгертеді деген сөз ғой? Егер ЖИ біздің не тыңдайтынымызды, не оқитынымызды, не сезетінімізді таңдай бастаса, онда адамның ішкі еркіндігі әлсірейді. Бұл – өте қорқынышты ақиқат.
Ювал Ноаһ Харари өз болжамында ЖИ-дің мүмкін болатын тағы бір қауіпті мақсаттарының бірін сипаттайды: «Егер адам суперкомпьютердің «миссиясы» ретінде Пи санын (π) мүмкіндігінше дәл есептеп шығару туралы тапсырма берсе, ол адамзат пен әлемді өз бақылауына алып, бүкіл ғаламды суперкомпьютерге айналдырады. Яғни, ЖИ адамзатты жойып, бүкіл әлемді галактикаға дейін суперкомпьютерге айналдырып, миллиардтаған жылдар бойы π‑ны есептеп шығарумен айналысуы мүмкін».
Саясатта сенімді серіктес бола ала ма?
Жасанды интеллекттің саясаттағы салмағы да артып келе жатыр. Иә, ол шешім қабылдай алмайды, бірақ шешім қабылдауға ықпал ететін күшті құралға айналып отырғанын мойындауымыз керек. Бүгінде ЖИ үлкен көлемдегі деректерді талдап, қоғамдық пікірді бақылап, экономикалық және әлеуметтік сценарийлерді болжай алады. Мәселен, «инфляция өссе, халықтың реакциясы қандай болады?», «салық өзгерсе, қай топқа қалай әсер етеді?», «аймақтардағы наразылық тәуекелі қай жерде жоғары?» деген сауалдарға жауап береді. Қазір саясаткер түйсігіне емес, ЖИ деректеріне сүйенеді. Көп елде мемлекеттік басқару ісінде ЖИ әлеу-меттік төлемдерді бөлу, салықтық тәуекелді анықтау, жемқорлық схемаларын табу, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытында қолданылып жатыр. Бұл бюрократияны азайтады, шешім қабылдау жылдамдығын арттырады және адами фактордан туатын қателікті кемітеді.
Ең даулы мәселе сайлау мен саяси науқанда ЖИ сайлаушыларды сегменттеп, әр топқа жеке хабарлама дайындап, саяси жарнаманы дәл бағыттай алады. Алайда мұның да кемшіліктері бар. Мысалы, манипуляция, фейк жаңалықтар, deepfake видеолар, қоғамдық пікірді жасырын басқару қаупі жоғары. Сондықтан көп ел ЖИ-ді сайлауда шектеп, саяси жарнаманы реттеу туралы заңдар қабылдап жатыр.
Қауіпсіздік және бақылау саясатында ЖИ бейнебақылау, бет-әлпетті тану, әлеуметтік желіні мониторингтеу үшін пайдаланылады. Мұнда да екіұшты жағдай бар. Бір жағынан – қауіпсіздік, екінші жағынан – жеке өмірге қол сұғу. Демократиялық елдерде бұл қатаң бақылауда, бірақ авторитар елдерде биліктің қолшоқпарына айналып кетуі мүмкін.
Былтыр ЖИ АҚШ-тың 47-президенті кім болатынына өз болжамын жасады. ЖИ пікірін зерттеу үшін екі танымал нейрожелі GPT-4 мен Perplexity PRO қолданылған.
ChatGPT Камала Харристің жеңісін болжаған. Нейрожелі демократтар атынан кандидаттың әйелдер мен жастардан, сондай-ақ әртүрлі демографиялық және басқа да топтардан мықты қолдауы барын дәлел ретінде көрсеткен.
Perplexity нейрожелісі де ұқсас пікір білдірген. Дональд Трамптың еңбекші тап пен шаруалардан айтарлықтай қолдауы болса да, Камала Харристің басым болу мүмкіндігі жоғары деп бағаланған.
Осылайша, ЖИ әлемдік саясаттағы басты оқиғаға қате болжам жасады. Оны жазғырудың қажеті де жоқ. Себебі сайлау тек деректер жиынтығы емес, адам мінез-құлқы, эмоция, соңғы сәттегі шешімдер араласқан күрделі процесс.
Жыл басында Албания ЖИ-ді мемлекеттік басқару ісіне «араластыра» бастады. Оған ресми мәртебе беріп, мемлекеттік сатып алуларды қадағалайтын жаңа министр қызметіне тағайындады.
– Осы арқылы Албания мемлекеттік тендерлерде жемқорлықтан толық арылған елге айналады. Барлық қаражат ашық әрі қатаң бақылауда болады. Бұл қиял емес, нақты қадам, – деп мәлімдеген болатын Премьер-министр Эди Раман.
Арада үш ай өтпей жатып жасанды интеллектке негізделген «Диелла» сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен «қамауға алынды». Newsbar дерегіне сүйенген Modern.az порталының хабарлауынша, жасанды интеллект министрі мемлекеттік сатып алуларды «оңтайландыру» үшін 14 биткоин (шамамен 1,3 миллион еуро) көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Албанияның сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы арнайы прокуратурасы мемлекеттік басқарудағы цифрлық экспериментті уақытша тоқтатып, «Диелланы» «офлайн режимге» көшірген.
Тергеу барысында мемлекеттік келісімшарттардың 10-15 пайызы белгісіз есепшоттарға аударылғаны анықталған. Алайда жасанды интеллект бұл операцияларды «қалыпты жұмыс протоколы» ретінде бағалап, оларды қылмыс деп есептемеген. Прокуратураның мәлімдеуінше, «Диелла» алынған криптовалютаны өзін-өзі жетілдіру, серверлер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу үшін пайдалануды жоспарлаған.
Бір қызығы, жасанды интеллект министрінің адвокаты бұл әрекеттерді «сыбайлас жемқорлық емес, жүйенің стресс-тесті» деп сипаттаған. Ал Премьер-министр Эди Раман «Диелланы» мемлекет пен жеке компаниялар арасындағы тендерлерді басқаруға қайта тартатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шешім мемлекеттік сатып алуларды жемқорлықтан қорғауға қызмет етеді.
Биыл қыркүйекте Непал үкіметі Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube, X және басқа да 26 әлеуметтік платформаны бұғаттаған еді. Бұл шешім жастар мен белсенділердің ашу-ызасын тудырды. Өйткені әлеуметтік желілер елдегі байланыс пен ақпараттың негізгі тетігі болды. Жастар көшеге шығып, әлеуметтік желіні бұғаттауды және жемқорлықты сынап, билікке қарсы шықты. Наразылық үкіметтің қатаң жауап беруімен күрт ұлғайып, полиция мен әскери күш араласып, соңы кең ауқымды қақтығыстар мен зор шиеленіске әкелді.
Жастар көтерілісі өз мақсатына ішінара жетті, бірақ ел үшін салдары ауыр болды. Үкімет халық қысымына шыдамай, Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube және басқа платформаларға қойылған бұғаттауды алып тастады. Бұл – наразылықтың басты жеңісі. Қақтығыстан кейін Үкімет дағдарысы күшейді. Халық премьер-министр мен бірқатар министрлерге сенімсіздік танытты. Оған қоса Непал мемлекеттік қызметтердің баяулығы, жемқорлық, қағазбастылық сияқты мәселелермен ұзақ уақыт күресіп келді. Сон-дықтан үкімет пен сарапшылар e-gover-nment, big data, AI секілді құралдарға қызығушылық таныта бастаған еді. Жастар көтерілісінен кейінгі дағдарыстан соң билікке сенім күрт төмендеді, «адам факторын азайту керек» деген пікір күшейді. Осы тұста кей саясаткерлер мен технократтар: «Шешімдерді дерекке сүйеніп, эмоциясыз қабылдайтын жүйе керек» деген ойды алға тартты. Осылайша, «технократиялық басқару» идеясы таралып, бюджет талдау, әлеуметтік бағдарламаларды бағалау, жалған ақпаратты анықтау сияқты салаларда ЖИ-ді кеңесші ретінде қолдану ұсынылды. Алайда БҰҰ, ЕО және басқа ұйымдар ЖИ-ге саяси билік беруге тыйым салу керек деген ұстанымда.
Жуырда Жапонияда саяси партияға жасанды интеллект жетекші болды. Жаңадан құрылған Path to Rebirth («Жаңғыруға жол») атты саяси партия өздерінің формалды көшбасшысы ретінде жасанды интеллект жүйесін таңдады.
The Japan Times басылымының хабарлауынша, партия биыл қаңтарда құрылған. Оның ерекшелігі – бірыңғай саяси платформаның болмауы. Әр мүше өз көзқарасын еркін ұсына алады. Жасанды интеллект партияда саясатпен айналыспайды, тек ресурстарды, еріктілердің жұмыс уақытын және сайлау округтерін үйлестірумен айналысады.
ЖИ-дің номиналды жетекшісі әрі ассистенті болып Киото университетінің 25 жастағы аспиранты Коки Окумура тағайындалды. Ол ЖИ-ді нақты енгізу тетіктері әлі әзірленіп жатқанын айтады.
Анонстан кейінгі алғашқы апталарда партияға кандидат ретінде тіркелуге 1 128 өтініш түскен, олардың басым бөлігі қырық жастан асқан ер адамдар болған. Алайда маусым айында өткен Токио қалалық жиналысына сайлауда Path to Rebirth партиясынан ұсынылған 42 кандидаттың барлығы жеңіліс тапты. Сонымен қатар шілде айында парламенттің жоғарғы палатасына (Кеңесшілер палатасына) түскен 10 кандидат та мандат ала алмады. Осы сайлау нәтижелерінен кейін Синдзи Исимаару партиядан кеткен.
Көршілес Ресей де Мемлекеттік думаның 2026 жылғы сайлауында ЖИ-ге жүгінбек. Саяси конъюнктура орталығы сарапшыларының айтуынша, Мемлекеттік думаға өтетін алдағы сайлау бұрынғылардан түбегейлі өзгеше болады. Бұған нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы себеп.
Нейрожелілер сайлау нәтижелерін болжау, сайлаушылардың қалауын, демографиялық және әлеуметтік деректерді талдау үшін пайдаланыланады. ЖИ кандидаттардың сайлау штабтарында стратегиялық жоспарлауды автоматтандыру, ресурстарды басқару, үгіт шараларын үйлестіру және науқан тиімділігін бағалау үшін қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар ЖИ-ассистенттер кандидаттарға сөйлейтін сөздерін дайындауға көмектесіп, аргументтер мен риторикалық тәсілдерді іріктеп, сондай-ақ жеке менеджер ретінде олардың күн тәртібін жоспарлай алады. Бұдан бөлек, ЖИ дипфейктер жасау немесе әлеуметтік желілерде жасанды пікірталастарды имитациялау секілді «қара технологияларда» да қолданылуы мүмкін.
Саясат, мемлекеттік басқару ісіндегі ЖИ рөліне қарасақ, оның саятсаткер бола алмайтынына көзіміз жетеді. Себебі онда мораль, жауапкершілік жоқ, сайлаушы алдында есеп бермейді. Бірақ кеңесші, сарапшы жүйе, шешім қабылдауға көмекші ретінде орны барған сайын күшейіп келеді. Сондықтан алдағы 10-20 жылдықта саясаттағы ЖИ-дің рөлі қандай боларын тек уақыт көрсетеді.
ЖИ біздің елімізде де цифрлық үкімет, мемлекеттік қызметтер, деректерді талдау салаларында қолданыла бастады, ал саяси шешім қабылдау деңгейі әлі шектеулі. Болашақта саясаттың ашықтығы, тиімді жоспарлау, жемқорлықты азайтудағы рөлі арта түсетіні анық.
Жақында ЖИ-ді директорлыққа сайлаған «Самұрық-Қазынаның» да басы дауға қалған еді. Қордың директорлар кеңесіне SKAI атты ЖИ мүше болып сайланды. Ондағы мақсат – холдингтің цифрлық трансформациясын және тиімділігін арттыру.
SKAI-ды қордың директорлар кеңесінің мүшесі ретінде енгізу – холдингтің цифрлық трансформациясына бағытталған стратегиялық қадам. Бұл Қордың тиімділігін, ашықтығын және тұрақты дамуын арттыру үшін жасанды интеллектінің озық мүмкіндіктерін пайдалануға ықпал етеді, – деп пікір білдірді компания.
Дауыс беру құқығын иеленген SKAI-ға мемлекеттік органдардың сұрағы көбейіп отыр. Оның қызметіне әсіресе Қазақстандағы миноритарлық акционерлер қауымдастығы күдікпен қарайды. Бағалы қағаздар мен қаржы мәселелеріне жасанды интеллекттің араласуы «тәуекелдерге әкелуі мүмкін» деп санайтын қауымдастық Қаржы нарығын реттеу агенттігінен түсіндірме беруді талап етті. Әзірге агенттік ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Бүгінде бәріміз жаппай қолданып жүрген ChatGPT ботын 2022 жылы АҚШ-тың OpenAI компаниясы іске қосты. Бұл бағдарлама жаһан жұртын тамсандырып та, алаңдатып та отыр. Тамсандыратыны – ChatGPT қас-қағым сәтте өлең, реферат жазып, күрделі есептерді шығарып береді. Алаңдататыны – оқушылар мен студенттер өз интеллектісін дамытудың орнына жасанды интеллектіге жиі жүгінетін болған. Нью-Йорк қаласының білім басқармасы ChatGPT сайтын мектептерде ашылмайтын қылып бұғаттап тастады. Ал біз ше? Балалардың болашағын қалай қорғаймыз? Біз қорғаймын дегенше ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болып кетпей ме?