Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Кипрде өтіп жатқан 2026 жылғы үміткерлер турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
22 жастағы спортшы турнирдің 13-турында украиналық Анна Музычукпен кездесіп, жеңіске жетті. Бұл – оның турнирдегі төртінші жеңісі. Нәтижесінде Асаубаева 7,5 ұпай жинап, үндістандық Вайшали Рамешбабумен бірге бірінші-екінші орындарды бөлісіп тұр.
Қытайлық Чжу Цзиньэр 7 ұпаймен көшбасшыларды өкшелеп келеді. Оның 13-турдағы ойыны әлі аяқталмаған.
Келесі ойындар 15 сәуірге жоспарланған. Соңғы турда Бибісара Асаубаева үндістандық Дивья Дешмукхпен кездеседі. Айта кетейік, олардың алтыншы турдағы ойыны қазақстандық шахматшының жеңілісімен аяқталған еді.
Егер турнир қорытындысында ұпай саны тең болса, 16 сәуірде тай-брейк өткізіледі. Жеңімпаз қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін бәсекеге түсу мүмкіндігіне ие болады.