Ақтауда бұрынғы сүйіктісіне күш қолданып, оның жеке өміріне қатысты материалдарды заңсыз таратқан ер адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылды, деп turkystan.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот деректеріне сәйкес, 23 жастағы айыпталушы қыздың қарым-қатынасты тоқтату туралы шешімін қабылдай алмай, кек алу мақсатында әрекет еткен. Ол жалған аккаунт ашып, әлеуметтік желілерде бұрынғы сүйіктісінің интимдік сипаттағы материалдарын жариялаған. Сонымен қатар, жәбірленушіні мазалап, жанжал шығарған.
Іс материалдарында көрсетілгендей, жанжалдардың бірінде ер адам қызды ұялы телефонмен бірнеше рет ұрып, дене жарақатын салған.
Ақтау қалалық соты оны Қылмыстық кодекстің жеке өмірге қол сұғу және жеке деректерді заңсыз тарату, сондай-ақ ұрып-соғу баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Нәтижесінде, бірінші сатыдағы сот ер адамға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Бұдан бөлек, сот шешімімен жәбірленушіге 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.