Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді дейді. Сәбидің ұйқысы – әлемнің балбыраған бақыты. Тұтас ортаға ана болған жандар қаншама? Ол – әлеммен қоса болашақты да тербететін секілді. Міне, сондай болашақтың бесігін тербетіп өткен жан менің анам Әлима Асханбайқызы еді.
Әркім үшін өз анасы – мейірімнің ордасы, шуақты шұғыласы, жәннәттің есігі екені анық. Сондықтан ананың тілеуін балас тілесе, ол да сенің тілеуіңе жүрегімен қол жайып дұға етіп жүреді. Ал ұстаздар өздері тәрбиелеген әрбір баланың қуанышына қуанады, қиындығында қамығады. Көрмесе сағынып жүреді, көрсе мейірлене айналып-толғанады. Менің анам өзі оқытқан оқушылар, тіпті оқытпаса да өзі ұстаздық еткен жылдары мектеп оқыған балаларды өз балаларындай жақсы көріп, мейірленіп, сағынып, көрсе мауқымын басып отыратын. Әрбірінің атынан шатаспай, сәбиіндей сүйсіне қарайтын. Мұндай ана мен бала махаббатына бөленген оқушылары да өз шешесіне еркелегендей еркелеп, саясына шуақтап, шапағатына бөленетін.
«Апайдың үйі» деп ат басын бұрмай кеткен шәкірті жоқ, берген біліміңіз бен тәліміңізге қарыздармыз демеген оқушысы болған емес. Өйткені менің анам барлық шәкіртіне ағынан ақтарылып, өмірден түйгенін айтудан жалыққан емес. Сонда шәкірттері өз саласында биік белеске шығып, өмір мектебінің өріне шықса да анамды ұйып тыңдап, сұрақтарын қойып, мұңдарын шағып, жетістіктерін айтып қуанып қалатын. Себебі менің анам саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұстаз ғана емес, өмірдің қиындықтарынан өткен, көргені көп жан болатын.
Анам өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татқан, тағдыр тауқыметін ерте сезінген. Бала күнінен бар мен жоқты, сауап пен обалды, бақыт пен сорды таразылап, заманның талай тар өткелінен өтті. Ел басына күн туған, халық ашаршылықтың зардабынан әлі ес жия қоймаған ауыр кезеңде өмір есігін ашты. Айтушылардың сөзіне қарағанда, сол жылдары дүниеге келген сәбилердің оннан бірі ғана аман қалыпты. Осындай зобалаң шақта, 1936 жылы анам дүниеге келіпті. Екі жасқа толар-толмас шағында қуғын-сүргіннің қара бұлты қоюланып, ата-анасы да баласына толық көңіл бөле алмай, бала шағы ауыр сынақпен өтіпті. Өмір мен өлімнің арасында арпалысқан сол бір мезетті анам кейін еске алып: «Көрер жарығым үзілмеген соң, ажалдан арашалап қалған да сол тағдыр болар. Болмаса елім ту-талапайға түсіп жатқанда менің жағдайымды кім жасасын. Әйтеуір, жылап жүріп өскен баламын...» деп әңгімелейтін.
«Сұрапыл соғыс жылдары еміс-еміс есімде. Азынаған ауыл, аңыраған ана мен жар, қарша жауған қара қағаздар жүрегіме қара таңба болып басылып, миыма уыт болып сіңген. Ол күндерді Құдай сендердің бастарыңа бермесін. Ең бірінші бақыт – елдің тыныштығы»,– деп мұңға батып отыратын.
Анам 1946 жылы Сарыағаш ауданындағы №8 Тельман атындағы мектептің табалдырығын аттап, оны 1956 жылы тәмамдады. Бұл – ел еңсесін тіктеп, тұрмыс біртіндеп оңала бастаған кезең. Халықтың ертеңге үміті оянып, жас ұрпақтың арманы асқақтап, мақсаты айқындала түскен.
Сол дәуірдің өршіл жастары секілді анам да алға ұмтылып, білім жолында табандылық танытты. Қазақ қыздарына тән қайсарлық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп, оқу-білімге ерекше ден қойды. Осы ізденіс пен талпыныс жолында жүріп, ол өзінің өмірлік серігін кездестіріп, әкеміз Нұрмаханмен шаңырақ көтерді.
Отбасылы болғаннан кейін бір жылдан соң Ш.Уалиханов атындағы орта мектепке кітапханашы болып жұмысқа кіреді. Өмірінің соңына дейін кітапты қадір тұтып өтті. Әр парағын аялап ашып, кір шалдырмай тұтынатын. Кітап деген кие ғой деп көзінің қарашығындай сақтайтын. «Мамандықтың ішінде ең қастерлісі – кітапханашы болу. Өйткені сен күні бойы кітаптармен бірге боласың, аяулы ойлардың демін сезінесің, құдіретін танисың» деп кітап толы сөрелерге мейірлене қарайтын. «Кітабы бар үйден бай отбасы жоқ» деп, кітап сөрелеріне ыждағатпен көз салатын.
Арнайы оқу орнында оқып, білімін жетілдіріп келген соң 1962 жылы Ы.Алтынсарин атындағы мектепке бастауыш пәні мұғалімі болып қабылданады. 1964 жылы Сарыағаш қаласында, М.Әуезов мектебінде бастауыш сыныпқа ұстаз болады. Сөйтіп жүріп Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық институттың Педагогика және методика факультетін 1968 жылы бітіреді. 1986 жылы зейнетке шыққанша ұлық қызметті өміріне серік етті.
Әкеміз де ұстаздық жолды таңдаған, мұғалімдер әулетінің берік тірегіне айналған ардақты жан еді. Әкеміз 1944 жылы Шымкент қалалық педогогиқалық институтының дайындық бөліміне түсіп, сол институттың тарих бөлімін 1947 жылы бітіріп келіп, Сталин атындағы он жылдық мектепте мұғалім болып жұмыс жолын бастады. Осы мектепте 1955 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарып, өз ісіне адалдығы мен іскерлігінің арқасында түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Сол еңбегі ескеріліп, 1955 жылы оған Карл Маркс атындағы жеті жылдық мектептің директорлығы сеніп тапсырылды. Кейін, 1959 жылы Жамбыл Жабаев атындағы сегіз жылдық мектепке директор болып ауысып, білім беру ісін дамытуға сүбелі үлес қосты.
Ал 1961 жылдан бастап Сарыағаш ауданы бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке директор болып тағайындалып, бұл қызметті де абыроймен атқарды. Кейінгі жылдары да жауапты қызметтерде жүріп, тек өзінің кәсіби жолын жалғастырып қана қоймай, анамыздың да ұстаздықпен қатар ғылыммен айналысуына барынша қолдау көрсетті.
Тәжірибелі ұстаз игі істері арқылы өз білімін үздіксіз жетілдіріп, оқу мен тәрбие жұмысының дұрыс бағытта болуы керек екенін терең сезінді. Ол оқыту мен тәрбиелеудің тиімді, ықпалды әдістерін меңгеруді мақсат етіп, осы жолда табанды еңбек етіп, өз тәжірибесін аудан және облыс деңгейінде ұстаздардың біліктілігін арттыруға жұмсап, елеулі үлес қосты.
«Математика сабағында көрнекі құралдарды пайдаланудың маңызы», «Еңбек сабағын саяси-идеялық, адамгершілік және еңбек тәрбиесімен тығыз ұштастыру», Кабинеттік жүйе өмір талабы, «Математика сабағында оқушылардың ой өрісін арттырып, есептер шығару», «Бастауыш кластарда толық үлгерімге жету», «Бастауыш класс оқушыларына эстетикалық тәрбие беру» деген тақырыптарда баяндамалар жазды. Тың тақырыптарда кластан тыс тәрбие жұмыстарын жүргізді.
1-11 кластарда оқушыны өзін-өзі ұстау жөніндегі мінез-құлық ережесін дағдыландыру, оқу құралдарын таза ұқыпты ұстауға әдеттендіру жөнінде «Кітап - білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген тақырыпта әдеби монтаж, «Кітап мұңы» деген инсценировка, өзін-өзі мәдениетті ұстауға тәрбиелеу жөнінде еңбектер жазды.
1969 жылдан 1979 жылға дейін мұғалімдер білімін жетілдіру курсында бастауыш класта дәріс берді. Оқыған лекциялары көпшілік көңілінен шығып, тыңдаушылардан алғыс алып отыратын.
Бұл еңбектері уақытында бағаланып, 1973 жылдың маусым айында жасөспірімдерге білім және саналы тәрбие берудегі табыстары үшін ҚазССР оқу Министрлігінен Құрмет грамотасы, СССР Жоғарғы Советі Президиумының тоғызыншы бес жылдығында оқушыларға білім беруде және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуде қол жеткізген табыстары үшін «Еңбек Қызыл-Ту» орденімен марапатталды.
1969-1970 оқу жылына арналған жаңа программа бойынша өз тәжрибесінің негізінде «Жаңа міндеттер – жаңа таланттар» оқу-әдістемелер жинағын шығарды.
1977-1978 оқу жылынан бастап бастауыш кластарының еңбек кабинетін басқарып келді. Ата-аналар университетінің деканы әрі лекторы да болды. Жас педагогтардың тәлімгері болып талай шәкірттерді бәйгеге қосты. 1984 жылы тәлімгерлердің аудандық слетіне қатысып, «Жас тәлімгерлерді тәрбиелеу ісіне қосқан зор үлесі және ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін» құрмет грамоталарымен марапатталды. 1981 жылы қала бойынша қол еңбек кабинетін жабдықтаудан бірінші орынға ие болды. Ұзақ жыл қалалық педагогикалық оқуды басқарғаны үшін қалалық оқу бөлімінің құрмет кітабына аты жазылды. 1987 жылы ҚазССР «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен де марапатталды.
Анам төрт қыз, екі ұлдан өрген балаларын әкеммен бірге білім мен тәрбиеге баулыды. Балалары әрқайсысы өзінің дара жолын қалыптастырып, тәрбиелі, еңбекқор және білімге құштарлығымен ерекшеленді. Келіндері анамыздың жолын жалғастырып, оның тәрбиелік ұстанымын өздеріне бағыт етіп, екеуі де білім беру саласында майталмандар болып қалыптасып, отбасының ізгілікті дәстүрін әрі қарай жалғастырып келеді.
«Нұрмахан ағай мен Әлима апайдың балалары» деген атты арқалау біз үшін – үлкен жауапкершілік, абырой, мақтаныш пен мәртебе. Анам марқұм бізге өмірлік бағдар ретінде «адал бол, жақсымен жолдас бол, адал еңбек ет» деп үнемі үйретіп, сол тәрбиені тұмарымыздай етіп қалдырды. Сол құндылықтар әрқайсымыздың ісімізде, сөзімізде, қарым-қатынасымызда көрініс тауып, өмірімізге бағдар беріп отыр.
Сіздер ортамызда болмасаңыздар да, жүректердің төрінде мәңгілікке сақталып, әр қадамымызға жол көрсетіп тұрасыздар. Сол арқылы біз сіздердің өнегелеріңізді жалғастырып, абыройлы және ізгі өмір сүріп, ұрпаққа үлгі болуды мақсат етеміз.
Г.СЫЗДЫҚОВА