Сенім сақшылары: мұз құрсауындағы 7 сағат

Сенім сақшылары: мұз құрсауындағы 7 сағат

Қоғам тыныштығы – көзге көрінбейтін ерліктің нәтижесі. Күнделікті өмірде біз қалыпты тіршілік кешіп жүрген сәтте, ел ішінде қауіптің алдын алып, азаматтардың өмірі мен құқығын қорғау жолында полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарады. Қылмысқа қарсы тұру, төтенше жағдайларда адам өмірін арашалау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін қызмет.

Алайда қоғамда тәртіп сақшыларына де­­ген көзқарас біркелкі емес. Кейбір ке­лең­сіз оқиғалар мен сенімге сызат түсір­ген әре­кеттер салдарынан халықтың по­лицияға сенімсіздігі әлі де бар екені жа­сырын емес. Бұл – бүгінгі қоғамның шын­дығы. Дегенмен көп­шілік назарынан тыс қалып жатқан, қыз­мет барысында ер­лігімен көзге түскен по­лиция қыз­мет­керлерінің адал еңбегі мен ба­тырлық іс­тері жетерлік. Қызметтік мін­де­тін орын­дау барысында батылдығымен көз­ге түскен полицейлердің еңбегін еш те­­­ріс­тей алмаймыз. Өзгенің өмірі үшін өз ба­сын бәйгеге тіккен, ерлікпен қаза тап­қан, адам­дарды ажалдан құтқарған по­лицей­лер­дің мысалы мыңдап сана­лады.

Кейде нағыз батырлар арамызда жүреді. Олар өз міндетін адал атқарады. Қостанай облысы Ұзын­­көл ауданындағы учаскелік полиция инс­пек­торы Арман Райымбеков сақырлаған аязды кеште дәл осылай әрекет етті.
9 желтоқсан күні кешкісін Троебратское ауылы қатты дүрлікті. Учаскелік полицияға хабарласқан әйел 75 жастағы әкесі Николай Хавревтің таңертең балық аулауға кеткеннен әлі оралмағанын айтады.
Арман Райымбеков ол кісіні жақсы танитын. Зей­неткер бұған дейін де бір рет адасып кеткен болатын. Ал бұл жолы әр минут қауіпті еді. Өйткені далада үс­кірік аяз бен өткір жел соғып тұрған.   
Николай ақсақалдың жоғалып кеткені туралы әң­гіме ауыл арасында лезде тарап, көрші-қолаң мен та­ныстары іздеуге кірісіп кетті. 
Инспектор дереу жедел-жәрдем шақырып, балық­шының қызымен және ауылдастарымен бірге көлге бет алды. Қараңғылық қоюланған сайын адам бойы­нан асатын, мұз құрсаған қамыстар арасынан өту қиынға соқты. Аяз бетті қарып, суық сүйектен өтеді. Адамдар тоңа бастағанда, Арман бәріне кері қайтып, үй­леріне барып жылынып отыруды ұсынды. Ал өзі із­деуді ары қарай жалғастыра береді. Бұл кезде іздеу жұ­мыстарының жалғасып жатқанына 3 сағаттан ас­қан еді.
– Мен де тоңдым. Бірақ шананың ізін көргенде, оның осы маңда, қамыстардың арасында екенін тү­сіндім. Қардың үстінде тапталған жерлер оның де­малып, қайтадан ары қарай жүре бергенін көрсетіп тұр­ды. Демек, соңынан бару керек, – дейді ол. 
Арман көл үстіндегі мұзды жаяу кесіп өтті. Іздеп жүр­геніне тағы да үш жарым сағат өтті. Кенет ауылға жа­қын жерден ақ қардың үстінде қара дақ көзге ша­лынды. Жүгіріп жеткен инспектор әбден тоңған, өмір мен өлім арасында, ес-түссіз жатқан қарт балықшыны көр­ді. Аяғы электр сымдарына шырмалып, оны өзі бо­сата алмай, әбден титықтапты. Инспектор балық­шы­ның аяғын сым құрсаудан босатып, таяу маңда кү­­тіп тұрған жедел жәрдемге дейін жеткізіп, ауру­ха­на­ға алып кетті.
– Науқас өте ауыр жағдайда келіп түсті. Дереу ауруханаға жатқызып, мамандарымыз қарады. Егер сәл кешіккенде, аман алып қала алмас едік, – деп еске алады Ұзынкөл аудандық ауруханасының меңгерушісі Алиса Бондуровская. 
Ақсақалдың жағдайын білуге келген Арманды көргенде балықшының қызы көз жасын тыя алмады. 
– Егер сіздің жедел әрекетіңіз бен табандылығыңыз болмаса, әкем қазір тірі отырмас еді, – деді ол учас­ке­лік инспекторды құшақтап.
Оның айтуынша, әкесі өте белсенді адам. Жазда саңырауқұлақ тереді, қыста балық аулайды. Бес жыл бұрын да ауылдан 20 шақырым жерде адасып кеткен екен. Ол кезде де аман-есен табы­лып бір қуантқан.  
Іздеуге қатысқан ауыл тұрғыны Сергей Пышный:
– Арман өз ісін өте жақсы біледі. Әрдайым адам­дар­мен бірге, үнемі бай­ланыста, тез әрекет етеді. Оған әр­­қашан сенім артуға болады. На­ғыз кәсіби маман, – дейді.  
Арман Райымбеков полицияда ұзақ жыл қызмет етіп келеді. Үлгілі от­басы, үш ба­ла тәрбиелеп отыр. Ауыл­да оны таны­май­тын жан жоқ әрі кез келген істе адам­дарға қол ұшын созуға дайын тұрады. 
Бүкіл ауыл болып аязды түнде мұз құр­сауында қалған балықшыны жеті са­ғат іздеген инспектордың жанкештілігі мен ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі көп­ке үлгі. Иә, бір адамның өмірін құт­қару үшін кейде бейжай қарамаудың өзі де жеткілікті. 
Осындай сәттерде өз қауіпсіздігін кейін­ге ысы­рып, өзгенің өмірі үшін тәуе­келге баратын полиция қызметкерлерінің ерлігі – нағыз азаматтық пен батыр­лық­тың үлгісі. Бұл ерліктер бір сәттік әрекет емес, антқа адалдықтың, мамандыққа шы­­­­­найы беріл­гендіктің айғағы.

Иә, адам тағдырына бейжай қарамайтын адал полицейлер арамызда аз емес. Бірінші кейіпкеріміз қағаздағы «суицидтің» тасасында қалған қылмысты ашып, әділ үкімге жол ашса, екіншісі аязды түнде мұз құрсауында қалған жанды ажалдан арашалап қалады, үшіншісі ең ауыр қылмыстардың шындығын дәлелмен сөйлетіп, қылмыскерді заң алдында жауапқа тартады. Өз қауіпсіздігін кейінге ысырып, өзгенің өмірі үшін тәуекелге баратын осындай азаматтардың әрекеті – мамандыққа адалдықтың, антқа беріктіктің айқын дәлелі. Сондай-ақ полиция қызметкерінің ар-ұяты, кәсіби табандылығы мен селқоя қарамауы. Олардың ерлігі тек бір адамның өмірін құтқарумен шектелмейді, ол – қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтуға жасалған нақты қадам. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары