Сенім сақшылары: қағаздағы суицид

Сенім сақшылары: қағаздағы суицид

Қоғам тыныштығы – көзге көрінбейтін ерліктің нәтижесі. Күнделікті өмірде біз қалыпты тіршілік кешіп жүрген сәтте, ел ішінде қауіптің алдын алып, азаматтардың өмірі мен құқығын қорғау жолында полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарады. Қылмысқа қарсы тұру, төтенше жағдайларда адам өмірін арашалау, қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін қызмет.

Алайда қоғамда тәртіп сақшыларына де­­ген көзқарас біркелкі емес. Кейбір ке­лең­сіз оқиғалар мен сенімге сызат түсір­ген әре­кеттер салдарынан халықтың по­лицияға сенімсіздігі әлі де бар екені жа­сырын емес. Бұл – бүгінгі қоғамның шын­дығы. Дегенмен көп­шілік назарынан тыс қалып жатқан, қыз­мет барысында ер­лігімен көзге түскен по­лиция қыз­мет­керлерінің адал еңбегі мен ба­тырлық іс­тері жетерлік. Қызметтік мін­де­тін орын­дау барысында батылдығымен көз­ге түскен полицейлердің еңбегін еш те­­­ріс­тей алмаймыз. Өзгенің өмірі үшін өз ба­сын бәйгеге тіккен, ерлікпен қаза тап­қан, адам­дарды ажалдан құтқарған по­лицей­лер­дің мысалы мыңдап сана­лады.

Сондай оқиғалардың бірі – маңғыс­тау­лық тергеушінің «суицид» деп тір­кел­ген істің шын мәнінде өзін-өзі өлтіруге жет­кізу еке­нін анықтап, айыптыларға өмір бойына бас бос­тандығынан айыру үкі­мінің тағайын­далуы­на «себепкер» болуы. 
Кейде тергеу барысында жіберілген бір ға­на қателік ақиқаттан адас­ты­рып жі­­­беретіні бар. Шындық тасада қа­лып қоя­ды. Соның кесірінен шын кі­нә­­лілер ер­кін­дік­те тайраңдап, кінәсіздер жаза ар­қалап жа­тады. Алайда «қағазда бә­рі дұ­рыс» болса да істің байыбына бар­май тын­байтын ма­ман­дар болады. Өзі­нің кәсі­би ұстанымы, ұқып­ты­лығы және жауапкершілігімен көзге түскен полиция қызметкері – Маңғыстау об­лысы По­ли­ция департаментінің аға тер­геушісі, по­ли­ция майоры Берік Ондасынұлы Әл­жа­нов. Оның кәсіби әрі табанды жұмы­сы­­ның арқасында бастапқыда суицид ре­тін­де тіркелген іс жан-жақты зерттеліп, қай­ғы­лы оқиғаның шынайы себептері анық­талып, кінәлілер нақты жазаға тар­тылды. 
2024 жылғы 18 мамырда «102» қыз­ме­тіне Ақтаудағы 19-шағынаудандардың бірінде, тұрғын үйлердің арт жағынан жас әйелдің мәйіті табылғаны туралы ха­барлама түсті. Аталған дерек алғашын­да өзін-өзі өлтіру бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Алайда тергеп-тексерудің алғашқы ке­зеңін­де-ақ суицид екеніне күмән келтіретін жайт­тар анықтала бастайды. Тергеу тобы оқи­ға орнын мұқият қарап, маңызды іздер мен айғақтарды тіркеп, заттай дәлел ретінде бір­қатар бұйымдар мен киімдерді тәркіледі, кейін сот-медициналық сараптамасы та­ғайындалды.
Тергеушінің күдігін марқұмның жақын­дарының берген түсініктемелері де күшейте түсті. Құрбысының айтуынша, қайғылы оқи­ғадан бірнеше күн бұрын қыз денесіндегі соқ­қы іздерін көрсетіп, өз қауіпсіздігіне алаң­дайтынын айтып, үйінде уақытша тұру­ды сұраған. Сондай-ақ ол белгісіз ер адам­дар­дың көшеде күштеп көлікке отырғызып, қала сыртына алып кеткенін, ұрып-соғып, қорқытып, ақша талап еткенін айтқан.
Кейін тергеу барысында жәбірленушіге қатысты бірқатар ауыр қылмыстар жасал­ға­ны анықталды. Олардың қатарында заңсыз бас бостандығынан айыру, күш қолдану, боп­салау және мәжбүрлеу әрекеттері бар.
Мұндай қылмыстарды ашуда сөзден бұ­рын іспен әрекет еткен ұтады. Түсініктеме – тексеру – фактімен растау – сараптама – дә­лел – процессуалдық шешім. Тергеуші Әл­жановтың жетекшілігіндегі топ болған оқи­ғаны кезең-кезеңімен «қалпына келтіре алды». 
Тергеу аясында ауқымды әрі тиянақты жұ­мыс жүргізілді. Бастысы, бұлтартпайтын айғақтар табылды. Атап айтқанда, күдік­ті­лер­дің қозғалыс бағыттарын қалалық бей­не­бақылау камералары арқылы анықтау; бей­нежазбаларды уақыт пен орын бойынша тал­дау және сәйкестендіру; сот-меди­ци­на­лық, биологиялық және молекулалық-ге­не­тикалық сараптамалар жүргізу; санк­ция­лан­ған тәртіппен қаржылық операциялар мен банк шоттарын тексеру; қылмыс жасауға пай­даланылған көлік құралдарын тәркілеу жә­не мүлікке тыйым салу.
Ерекше маңызға ие болғаны – кешенді пси­хологиялық-психиатриялық сарап­та­ма­ның қорытындысы. Онда күдіктілердің қыл­­мыстық әрекеттері мен жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі арасында тікелей себеп-сал­дарлық байланыс бар екені анық­талды. 
Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталу­шы­лар жауапкершіліктен жал­таруға тырысқан. Со­ған қарамастан, барлық кү­дік­тілер анық­та­лып, Қыл­мыстық-процестік ко­декс та­лап­та­­рына сай ұсталды. Сот олар­ды қа­мауда ұс­тау тү­ріндегі бұл­тартпау ша­ра­сын таң­да­ды. Тергеу бары­сын­да алын­ған жауап­тар топ­тың әре­кет ету тізбегін толық қал­пына кел­ті­ріп, жи­нал­­ған дәлелдемелерді нақ­тылай түсті.
Осылайша, суицид деп тіркелген іс қайта қа­­­ра­лып, ол өзін-өзі өл­тіру­­ге жеткізу және өзге де ауыр қылмыс құрам­да­ры бойынша қайта сара­лан­ды.
Сот үкімінде Қазақ­стан Республикасы Қыл­мыс­тық кодексінің 299-ба­бының 4-тарма-ғы – есірткі құралда­рын заңсыз тасымалдау, зор­лық пен мәжбүр­леу арқылы жасалған әрекет ерек­ше орын алды. Дәл осы бап бойынша не­гізгі айып­талу­шыға өмір бойына бас бос­тан­дығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұл – Қазақстан сотында дәл осы бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы алғаш рет қолданылды. Сот жәбірленушіге есірткі заттары күшпен енгізілгенін, мұның физикалық әрі психо­логиялық зорлықпен қатар жүргенін және бұл жағдай оның ауыр психоэмоциялық күй­ге түсуіне, ақыр соңында суицидке баруы­на себеп болған негізгі факторлардың бірі екенін анықтады.
Іс толық қаралғаннан кейін, оның ішін­де апелляциялық саты нәтижелері бойынша да, барлық фигуранттар жазаға тартылды. Біре­уі – өмір бойына, біреуі – 16 жылға, тағы үшеуі – 13 жылға бас бостандығынан айы­рыл­ды.
Істің ақ-қарасын ажыратып, әділетті қор­ғаған тергеуші Әлжанов Берік Онда­сынұлы ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ол шаблонмен емес, істің мәніне үңілетін, деректерді талдап, дәлел­дерді салыстырып, сотта шешуші сөзді ай­ғақ­тардың өзіне сөйлететін маман ретінде та­нылды.
Мұндай істерде нағыз қаһарман – аз сөйлеп, көп іс тындыратын, күн сайын қы­сымға төтеп беретін, әрбір детальді тексеріп, қылмыскерлердің тасада жасырынуына жол бермейтін адам.
Дәл осындай кәсіби әрі табанды ұста­ным­ның арқасында әділдік қалпына келіп, адамды өлімге итермелегендер заң алдында қатаң жауап берді. 

Иә, адам тағдырына бейжай қарамайтын адал полицейлер арамызда аз емес. Бірінші кейіпкеріміз қағаздағы «суицидтің» тасасында қалған қылмысты ашып, әділ үкімге жол ашса, екіншісі аязды түнде мұз құрсауында қалған жанды ажалдан арашалап қалады, үшіншісі ең ауыр қылмыстардың шындығын дәлелмен сөйлетіп, қылмыскерді заң алдында жауапқа тартады. Өз қауіпсіздігін кейінге ысырып, өзгенің өмірі үшін тәуекелге баратын осындай азаматтардың әрекеті – мамандыққа адалдықтың, антқа беріктіктің айқын дәлелі. Сондай-ақ полиция қызметкерінің ар-ұяты, кәсіби табандылығы мен селқоя қарамауы. Олардың ерлігі тек бір адамның өмірін құтқарумен шектелмейді, ол – қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтуға жасалған нақты қадам. 
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары