Ақордада өткен келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Масуд Пезешкианмен халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Қарулы қақтығыстардың, санкциялық қысымдар мен сауда соғыстарының ушыға түскеніне алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық ұйымдардың беделі төмендеп кеткеніне қатысты ой бөлістік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін ілгерілету және әділдік қағидаттарына берік болу туралы ортақ ұстанымға келдік. Біз барлық текетірестер мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Иран халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын алдағы уақытта да жалғастыра береді, – деді Қазақстан Президенті.
Иран Президенті Қазақстанға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
– Иран Орталық Азия өңірімен тату көршілік қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктесіміз әрі Каспий теңізі арқылы шектесетін көршіміз. Жоғары мәртебелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық. Біз көптеген бағыттағы, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өндіріс, тау-кен, көлік-логистика, ғылым, мәдениет, жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды талқыладық. Келіссөздердің нәтижесін таяу келешекте көреміз деп ойлаймын. Халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ, – деді Масуд Пезешкиан.