Күн сайын 4-5 сағаттан артық үздіксіз, қарқынды түрде ой еңбегімен айналысу жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсер етіп, гипертония, аритмия және ишемия қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы РИА Новости агенттігіне А.А.Вишневский атындағы жоғары медициналық технологиялар ұлттық медициналық зерттеу орталығының бас кардиологы Николай Гуляев мәлімдеген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дәрігердің айтуынша, ұзақ уақыт бойы ой еңбегімен айналысып, демалыс жасамау симпатикалық жүйке жүйесінің тонусын күшейтеді. Соның салдарынан жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы көтеріледі, жүрек ырғағы бұзылады. Бұл жүректің күйзеліске бейім болып, стресс салдарынан болатын аритмия мен ишемия қаупін арттырады.
Гуляев когнитивті шамадан тыс шаршау тек мидың қажуы емес екенін атап өтті. Ол жүректің вегетативті реттелуіне тікелей әсер етеді. Бірнеше сағаттық қарқынды ой жұмысынан кейін адамның пульсі жиілеп, қан қысымы көтеріледі, стресс гормоны кортизолдың деңгейі өседі.
Ал 4-5 сағаттан кейін мидың префронталды қыртысында зат алмасу өзгеріп, глутамат деңгейі артады. Бұл медиатор шаршау мен стресс процестерімен тығыз байланысты.
Маман мұндай қауіптердің алдын алу үшін күнделікті қарқынды интеллектуалдық жұмысты 3-4 сағатпен шектеуді, әр 60-90 минут сайын міндетті түрде үзіліс жасауды ұсынады. Сондай-ақ тыныс алу жаттығулары мен жеңіл физикалық белсенділік вегетативті жүйке жүйесінің тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектесетінін айтты.