Cаусақ ізі сияқты: ғалымдар әр адам әртүрлі тыныс алатынын анықтады

/
Cаусақ ізі сияқты: ғалымдар әр адам әртүрлі тыныс алатынын анықтады
cурет: istockphoto.com

Адамның мұрын арқылы тыныс алу тәсілі әрқайсында ерекше және ұзақ уақыт бойы өзгермей сақталады. Ғалымдар бұл ерекшелікті «биологиялық қолтаңба» деп атап отыр. Зерттеу нәтижелері Current Biologyжурналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Израильдегі Weizmann Institute of Science зерттеушілері бір тәулік бойы адамдардың тыныс алуын бақылап, әр адамның дем алу-шығару ырғағы айрықша екенін анықтаған. Арнайы құрылғы мұрын арқылы өтетін ауа ағынын секундына бірнеше рет тіркеп отырған.

Зерттеуді жүргізген Тимна Сорока мен Ноам Собел тыныс алу тек автоматты процесс емес, оны ми үнемі реттеп отыратынын айтады. Ми әр сәтте ағзаның қажеттілігіне қарай демнің тереңдігі мен жылдамдығын өзгертіп отырады.

Нәтижесінде алынған деректер компьютерлік модельге енгізілгенде, жүйе адамдарды 96,8% дәлдікпен ажырата алған. Яғни тыныс алу үлгісі дауыс немесе саусақ ізі сияқты жеке биометрикалық белгі бола алады.

Зерттеу тағы бір қызық байланысты көрсетті: тыныс алу ерекшеліктері адамның психологиялық және физикалық жағдайымен де байланысты. Мысалы, кейбір параметрлер арқылы мазасыздық, депрессия деңгейін немесе дене салмағын шамамен болжауға мүмкіндік туған.

Ғалымдар ұйқы кезінде тыныс алу айтарлықтай өзгеретінін де байқаған. Демнің көлемі азайып, мұрынның оң және сол тесіктері арасындағы «жұмыс бөлу» жиілейді. Тіпті небәрі бес минуттық дерек арқылы адамның ұйықтап жатқанын немесе ояу екенін анықтауға болады.

Сонымен қатар, тыныс алу ырғағы адамның эмоциялық күйімен де байланысты екені анықталған. Мысалы, мазасыздық деңгейі жоғары адамдарда дем алу уақыты қысқарақ болуы мүмкін.

Зерттеушілер бұл әдіс болашақта медицинада кең қолданылуы мүмкін деп есептейді. Адамның тыныс алу «қолтаңбасын» ұзақ уақыт бақылау арқылы жүйке жүйесінің жағдайын инвазивті емес тәсілмен бағалауға жол ашылады.

Дегенмен, әзірге әдістің шектеулері бар: құрылғыны тәулік бойы тағу қолайсыз, ал кейде сенсорлар дәл өлшеуге кедергі келтіруі мүмкін. Соған қарамастан, бұл зерттеу адам ағзасының ең қарапайым көрінетін процесінің өзі қаншалықты күрделі әрі ақпаратқа бай екенін көрсетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар